Мәдениет

Ар адамы. Бауыржан

Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрында Жеңістің 80 жылдығы мен әйгілі әскери қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына орай «Ар адамы. Бауыржан» деректі драмасының премьерасы өтті.

Даңқты батыр туралы спектакльдер жоқ емес. Кезінде Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Шерхан Мұртазаның «Ноқтаға басы сыймаған» пьесасы, жазушы-драматург Елен Әлімжанның «Бауыржан ­Момышұлы» драмасы сахналанды. Жаңа туынды идеясының авторы әрі қоюшы режиссері – Жұлдызбек Жұманбай. Инсценировкасын журналист, жазушы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Бақытбек Қадыр мен Жұлдызбек Жұманбай жасады.

Қойылымда Бауыржан Момышұлының «Соғыс психологиясы», «Ұшқан ұя» кітаптары, батырдың мақалаларындағы, хаттарындағы тарихи деректер, Александр Бектің «Волокаламск тас жолы», Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер» кітаптары, т.б. еңбектер пайдаланылды.

Сахнадан бір мезетте қос Бауыржанды көруге болады. Оның бірі – батальонды бастаған қолбасшы Бауыржан, екіншісі – егде тартқан, өткен өмірін монологтары арқылы сараптайтын Бауыржан. Батыр­дың жас кезін актер Әмірхан Оразбақ сомдаса, қарт кезеңін тәжірибелі әртіс, Мәдениет қайраткері Айбол Шәкіржанов бейнеледі.

Бастысы, спектакльде қандай жағдайда да тек арға ғана, намысқа сүйенген батырды көреміз. Бауыржан ­Момышұлының қатал мінезі баршаға белгілі. Оны өзгелерден ерекшелеген де сол мінез еді. Қойылымның өне бойында әділетсіздікке жаны қас батыр болмысы суреттелген. Мәселен, драмада жауға қарсы шабуылға шығудан қорқып, өз қолын өзі атып алған бөлімше командирін ­Бауыржан қатаң жазалайды. Өзгелерге үлгі болсын деп қорқақты тергеусіз, сотсыз ату жазасына бұйырады. Бұл бұйрық орындалады да. Батыр да – пенде. Сонда санасында жауынгерінің пулеметті жинау­дағы шапшаңдағы секілді өзін сүйсіндірген қасиеттер жаңғырса да, басқалар соғыс жағдайында боркеміктік танытпасын деп жасық жауынгерді атқызады.

Қойылымдағы сәтті режиссерлік шешімдер, көрермендердің жүрегіңе жылулық ұялататын көріністер туралы да айта кетсек, артық болмайды. Бір жерінде Александр Бек батырға «Сіздің ұстаздарыңыз кім?» деген сұрақ қоя­ды. Сонда Бауыржан «Менің ұстаздарым – қазақтың кең даласы, туған жерім – Мыңбұлақ, мені тәрбиелеген қара кемпір» деп жауап береді. Артынша сахнаға бала Бауыржан, оның әжесі, апалары шығады. Сонда әже немересін еркелетіп, жүн сабап отырады. Бұл бір жағынан қазақтың бір дәстүрін көрсету болса, екінші жағынан ұрпақ тәрбиесіндегі әже институтының маңызын таныту деп ұқтық. Бауыржан Момышұлының майданнан демалысқа келіп, жазушы Сәбит Мұқановпен бірге жыр алыбы Жамбылға сәлем бере баратыны бар. Сонда Жамбыл оған бата береді. Бұл да – дәстүріміздің бірін насихаттау. Қойылымда батырдың ұлы Бақытжан мен келіні Зейнеппен қарым-қатынасы да өнегеге толы. Бауыржан оларды шыншыл болуға тәрбиелегенін көрсетеді.

Спектакльдің музыкасы жайында да аз-кем айта кетсек, майданда ерлікпен қаза тапқан Кеңес Одағының Батыры Төлеген Тоқтаровқа арналған Рамазан Елебаевтың «Жас қазақ» әні қойылым лейтмотиві десек те болады. Бірде композитор Нұрғиса Тілендиев пен ақиық ақын Мұқағали Мақатаев Бауыржан Момышұлының шаңырағына барып, батырдың майдандас достарын сағынып отырғанының үстіне түседі. Бұл жағдай шығармашылық иелерін тебірентіп, дүниеге «Мен сендерді іздеймін» әні келеді. Бауыржан Момышұлы жазылуына тікелей себепші болған осы туынды да қойы­лымда қолданылды. Батыр, композитор, ақын кездескен көрініс спектакльге енгізілсе, әсер одан әрі күшейер еді деп ойлаймыз.

Жауынгерлердің батырға деген құрметі украин жауынгері Грицконың, соғыстан кейін кездесетін өзбектің қарт солдатының әрекеттерінен көрініс табады. Куба өз еліне шақырып, құрметтеген Бауыр­жанды өз елі кезінде лайықты бағаламағаны айтылады. Жалпы жақсы спектакль дүниеге келді. Сахнаның артық-ауыссыз безендіруін де айта кету керек. Бұл тұрғыдан қоюшы -суретші Қанат Мақсұтов жақсы еңбектенген. Ендігі кезек, көрнекті композитор Әсет Бейсеуовтің «Батыр Бауыржан» операсында. Жазылғанына 40 жылдан асса да, бұл туынды әлі еш жерде қойылмады. Батырдың биылғы мерейтойында сахнаға шығатын нағыз спектакль.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button