Шәкірт шырағын жаққан

Бар саналы ғұмырын қазақ әдебиетінің дамуы мен қалыптасуына арнаған ұстаз, ғалым, академик-жазушы Рымғали Нұрғалидің туғанына – 85 жыл.
Ғалымның ұлытаулық шәкірттері, біз алғаш бұрынғы Жезқазған облысы (қазіргі Ұлытау жаңа облыс орталығы) болып ашылған жылдары жан-жақтан жас мамандар болып, жолдамамен келген болатынбыз.
Мен алғаш 1994 жылы ғылыми жетекшім академик Рымғали ағайдан «Алғашқы қазақ романдарындағы әйелдер бейнесі» атты тақырып алып, бекітуге барғанымда Ұлытау жері туралы көп білетіндігін, біз естімеген біраз аңыз бен әлі де жарық көрмеген талай тарихи жағдайлар туралы айтқан еді. Осы кездесуден кейін мені қатты мазалаған ой: «Сізді Ұлытау жеріндегі студент жастармен кездестіріп, осы айтып отырғандарыңызды өзіңіздің аузыңыздан естуге және Ұлытаудың тарихи жерлеріне апарып аралатармын» деп ой түйген едім.
2002 жылы қазіргі Ұлытау облысындағы академик Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітіретін студенттердің мемлекеттік аттестаттау комиссиясы (МАК) төрағалығына Рымғали ағай арнайы шақыртумен келген болатын.
Ағайды университетіміздің ректоры, п.ғ.д., профессор Жұмағали Наурызбай үлкен құрметпен қарсы алды. Шақыртуына уақыт тауып келгеніне өте риза болды. Кафедрадағы жас мамандардың өсуіне бірден-бір қол ұшын беретін, мықты ғалымдардың керектігін айтып өтінішін білдірді. Ағай ректордың өтінішін жерге қалдырмады. Қорғаймын, ғылыммен айналысамын дегендерге көмегімді аямаймын деген ойларын айтты.
Академик Р.Нұрғали Астананың үлкен жаңалығын, өзі еңбек ететін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қуанышын ала келген болатын. Ол қуаныш – төл тарихымыздың ең әйгілі ескерткіштерінің бірі, түріктің ұлы қолбасшысы Күлтегін батырдың құрметіне орнатылған тас ұстынның тұңғыш рет жасалған ғылыми көшірмесінің Еуразия ұлттық университетіне қойылғандығы. Мәңгі тасқа сөз, жыр, өлең, өсиет етіп жазылған ескерткішке түркі халқының барлығы да ие болуға қақысы барын, бірақ соған қарамастан қазақтар күллі түркі елі енші алып тарағанда, қазақ халқы қара шаңыраққа ие болып, бір жағы Еуропаны, бір жағы Азияны жайлап жатқан мына ұлы даланың белінде жатып, көне түріктердің рухын, әдет, салт-ғұрыптарын сақтап қалған ел екендігін жастарға жеткізе айтқан еді. Сөзін ақын Мағжан Жұмабаевтың: «Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқа, Түріктен басқа от боп жан туып па? Көп түрік енші алысып тарасқанда, Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?» деген өлең жолдарымен түйіндеген. Біздің ұлы бабаларымыз Бұмын, Естемі, Құтылық, Қапаған, Білге сияқты қағандардың, Тоныкөк сияқты ақылгөй даналардың, Күлтегін сияқты ұлы қолбасшы батырлардың есімдері сол замандағы әлемнің небір айтулы тұлғаларының есімдерімен қатар тұра алатындығын мақтанышпен айтты, тыңдаушы жастарға үлкен ой тастады. Филология мамандығы бойынша дайындалып жатқан студент, магистрант, докторанттарға оқылған алғашқы дәріс сұрақ-жауап түрінде өтіп, жастарды ойландырар мәселелер төңірегінде сөз қозғалған. Үш сағатқа созылған алғашқы кездесу барысында ғалым бойынан ұстаз мәдениетін, ұстаздықтың сара жолын ұстаған парасаттылығын, терең білімділігін, дәріскерлік шеберлігін көзімен көрген, көкейімен ұққан жастар сол дәрісханадан үлкен рухани азық алып тарасқан. Бүгінгі таңда қоғамның жаңаруына сәйкес әдебиет, өнер саласында да біраз өзгеріс барлығын, бұрын әдебиетте белгілі бір мерекені немесе қазақ қыздарының басындағы теңсіздікті жырлағанды төбемізге көтеретін болсақ, енді ол концепцияның ескіре бастағанын, қазір тәуелсіздік, елдің жайы, адам тағдыры туралы мәні бар сөздерге назар аудару керектігі қазіргі әдебиетіміздің басты тақырыптарының бірі деп түйіндеген. Сонымен қатар, ірі қаламгерлеріміз кезінде Кеңес үкіметін жақтап, компартияны айтты екен деп, олардың татымды туындыларын сыртқа тебуге болмайтынын айтқан. Қазіргі қоғамдағы ойды зерттеуші философ, эстетик, әдебиетшілер көркем туындылардың бұрынғыдай таптық мәніне, мазмұнына, идеясына қарап талдауымызды екінші тұрғыға қалдырып, шығарманың көркемдік әлемін түсіну керектігін алға тартқан. Ендігі болашақ зерттеушінің жұмысының бағыты, өрісі көне түркілік тамырларымызды табуға, тануға, бағалауға жұмсалуы керектігін баса ескерткен.
Академик Рымғали Нұрғалимен жүздесу бақытына ие болған студенттеріміздің қуанышын ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес еді. Тек еңбектерімен сырттай ғана таныс болған студенттердің қояр сұрақтары да көп болды. Емтихандары мен диплом қорғау жұмыстары да өте сәтті аяқталды. Бізге бұйырған аз уақытты дұрыс ұйымдастыру мақсатында, ағаймен келісе отырып, түрлі кездесулер мен дәрістерді ұйымдастырып отырдық.
Үлкен талант рухы, шығармашылық шабыт, терең теориялық білім, үздіксіз іздену, өнердің, әдебиеттің даму процесіне әлемдік биік талап тұрғысынан қарау – Р.Нұрғали қаламгерлігінің өнегелік сипаты болса керек. Қоғамдық ойдың, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің алып бәйтерегі, отызыншы жылдар саясатының құрбандары Ш.Құдайбердиев, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаевты ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссия мүшесі болып, ақталуына әдебиеттанушы ғалым ретінде, ұстаз ретінде белсене атсалушылардың бірі болды. Студенттер алдында қайта оралған есімдердің мұраларын ғылыми тұрғыдан талдап, тұшымды дәрістер оқып, тұңғыш ғылыми мақалалары мен «Әуезов және Алаш», «Вершины возвращенной казахской литературы» атты кітаптарының жазылу тарихына тоқталып, қойылған сұрақтарға жауап беру кезінде де жастардың ерекше ықыласы мен ілтипатына қатты риза болды. Дәрісін тыңдаған оқытушылар мен студент жастар ағайдың ұстаздық қыры мен мол дариядай біліміне, тың ойларына, түсіндіру шеберлігіне ризашылығын білдіріп еді.
Ұстаздық – Р.Нұрғали үшін орны бөлек қызмет. Ұстаздық – мәңгі көнермейтін, қандай қоғам, қандай кезең болса да өзінің қайта түлейтін қуатымен қасиетті де абыройлы мамандық. Ғұмыр бойы ізденуді, мазасыз толғанысты, өзін-өзі рухани жетелеуді керек ететін, жауапкершілігі шексіз кәсіп, әр адамзат баласының ең бір қадір тұтатын пірі. Ұстаз еңбегі күнделікті өндірілетін өнім емес, оның жұмысының нәтижесі, өлшемі – шәкірттеріне берген білімі дегенді біз академиктің бойынан толық көре алдық.
Демалыс күндері ағайды арнайы Ұлытау өңіріндегі түрлі тарихи жерлерге апарып, демалдыруды университет ректоры, Ұлытау жерінің тумасы Жұмағали Наурызбай мырзаның өзі ұйымдастырған болатын.
Алашаханның, Шыңғысханның ұлы Жошыханның, орта ғасырлық сарай күйшісі Домбауылдың кесенелерінің басында болып, Ұлытау биіктерінің бірінде жатқан, аты аңызға айналған Едіге батырдың басына барып қайтты. Сонымен қатар дәл осы өңірде бүгінгі күнге дейін әртүрлі тарихи дәуірдің ескерткіштері сақталған – Теректі әулиедегі тас бетіндегі суреттерді көріп, үлкен ризашылығын білдірген болатын.
Іссапардың соңғы күні кафедра отырысы болды. Мен осы кафедраның меңгерушісі ретінде әрі кандидаттық диссертациямда жетекшім болған академик Рымғали Нұрғалидың жетекшілігімен «Қазақ романдарындағы ғашықтық сарын» тақырыбында докторлық диссертациямды әрі қарай жалғастыратын болып шештім. Араға жылдар салып, қазақ әдебиеті кафедрасынан үш оқытушы академик Рымғали Нұрғалидың жетекшілігімен 1 докторлық (2007), 2 кандидаттық (2001, 2009) жұмыстарын қорғап шықты. Кафедрада академик Рымғали Нұрғалидың мектебі қалыптасты. Сонымен қатар дипломдық, магистрлік жұмыстар да қорғалды.
Екінші болып қорғаған Кенжебай Ахметов 2001 жылы академик Р.Нұрғалидің жетекшілігімен «Айқын Нұрқатовтың әдеби сын, ғылыми-зерттеу еңбектері» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады. Осы ғылыми тақырыбы бойынша «Айқын Нұрқатов – әдебиет сыншысы» (2001), «Айқын Нұрқатов – әдебиет зерттеушісі» атты оқу құралдарын шығарды. Бүгінде Кенжебай Ахметов ғалым-ұстаз, ақын, жазушы, драматург, аудармашы ретінде өзінің еңбектерімен көпшілікке танымал.
Бүгінде К.Ахметов – жетекшісінің ізбасары ретінде «Әдебиеттану әліппесі» (2000), «Әдебиеттануға кіріспе» (2004) оқулықтарының, «Әдебиетті аңдату» (2003) электронды оқулығының авторы. Бұл оқулықтар еліміздің барлық ЖОО-да пайдаланылып жүр. Әдеби даму проблемасына арналған теориялық ой-тұжырымдары ҚР ҰҒА академигі Рымғали Нұрғали құрастырған «Әдебиет теориясы» хрестоматиясына кірген (2003). Сонымен қатар «Жүсіпбек Аймауытов драматургиясын оқыту» (1993), «Драматургиядағы тарихи шындықтың көркемдік сипаттарын оқыту» (1997) сияқты еңбектері де жетекшісінің ғылыми бағытымен ұштасып жатыр.
2009 жылы кафедраның аға оқытушысы, ақын Алмагүл Үмбетова ағайдың жетекшілігімен «Бүркіт Ысқақовтың шығармашылық мұрасы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. IV «Шабыт» Халықаралық шығармашыл жастар фестивалі «Үздік әдеби шығарма» номинациясы бойынша М.Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері А.Үмбетова әдеби-көркем шығармашылықпен айналысады. Поэзиялық шығармалары «Жас алаш», «Парасат», «Азиятранзит» т.б. басылымдарда жарияланды. Өлеңдері «Абаймен сырласу», «Армандастар», «Кеңгірдің кербез толқыны» жыр жинақтарына енген. Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасында аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, факультет деканы қызметін атқарып келген ғалым-ұстаз А.Үмбетова бүгінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультеті, Баспасөз және баспа ісі кафедрасында қызмет етеді. Бүркіт Ысқақовқа арналып өтілген конференцияда баяндама жасап, «Бүркіт Ысқақовтың әдеби мұрасы» атты монографиясы мен бірнеше мақаласын жарыққа шығарды.
Ғалым-педагог Р.Нұрғали еліміздің ең ірі деген оқу орындарында еңбек етіп, республика көлемінде, алыс-жақын шетелдерде өткен түрлі ғылыми-теориялық конференцияларға қатысып, қазақ әдебиеті, мәдениеті, тарихы туралы баяндамалар жасағаны да бәрімізге белгілі. Бүгінде академик Р.Нұрғалидың қаламынан шыққан барлық еңбек университетіміздің кітапханасында жеткілікті данамен қамтамасыз етілген. Ғалымның әдеби мұрасын зерттеу мақсатында бірнеше студент дипломдық, магистрлік жұмыс жазу үстінде. ҚР ҰҒА-ның академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, көрнекті сыншы, жазушы, энциклопедияшы, академик Р.Нұрғалидың өмірі мен шығармашылығын жан-жақты зерттеу бүгінгі жас ғалымдарымыздың алдында тұрған келелі мәселелердің бірі деп есептеймін.
Академик-ұстаздан білім алған шәкірттері – бүгінде бірі депутат, бірі ғалым, ал бірқатары түрлі жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, еліміздің мақтанышы болып жүргендер.
Білім мен ғылым, әдебиет пен өнер, ел басқару саласындағы бүгінгі басшы қайраткерлердің көпшілігі Рымғали ағамыздың шәкірттері болып отырғаны – ғалым-ұстаздың елге сіңірген еңбегінің байлығы мен баяндылығының анық та айқын көрсеткіші.
Сәуле ТАПАНОВА,
филология ғылымдарының докторы, профессор