Қалдық мәселесі қашан түзелмек?

Елде жыл сайын 4,5 млн тоннадан астам қалдық пайда болса, былтыр оны қайта өңдеу деңгейі шамамен 26 пайызды құраған. Бұл жоспарланған 30 пайыздан төмен. Мәселені шешуге министрлік мемлекеттік-жекешелік әріптестікті ұсынып отыр. «Осы арқылы тұрмыстық қатты қалдықтарға шекті, экономикалық негізделген тарифті бекіту, сондай-ақ оны әкімдіктер деңгейінде белгілеу жөніндегі құзыретті айқындау ұсынылуда. Ол бойынша қазіргі және ұсынылатын тарифтер арасындағы айырмашылықты утиль алымдары есебінен жабу жоспарланып отыр» деді жақында өткен Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.
Министр мәлімдегендей, қатты тұрмыстық қалдықтарға қатысты мәселелерді шешуге 238 млрд теңгеге 98 жоба құрылған. Ең негізгі бағыт – заманауи полигондар салу, қайта өңдеуді дамыту және қалдықтарды бөлек жинау. Сондай-ақ Ерлан Нысанбаев тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифтер арнайы кәсіпорындар шығынын жабуды қамтамасыз етпейтінін ашық айтып отыр.
Жалпы қалдықтарды қайта өңдеу, сұрыптау және өнім алуға бағытталған министрліктің өз міндеттемелері бар. «Жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасына сәйкес, 2030 жылға қарай коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу көрсеткішін 40 пайызға жеткізу жұмыстары қолға алынған. Үкімет бағдарлама әзірледі. Мұның ішінде қалдықтарды басқару саласындағы жобаларға 3 пайызбен, 3 жылдан 15 жылға дейін несие берілмек. Бүгінде министрлік әкімдіктер ұсынған құны шамамен 317 млрд теңге болатын 67 жобаны мақұлдаған, ал оның 43-і қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған. Сондай-ақ көптеген компанияның қоқыс қалдықтарын қажетті экологиялық рұқсаттан артық жинағаны үшін айыппұл (2022-2024 жыл аралығында 405 айыппұл 14,3 млрд теңгені құраған) арқалағанын айтқан министр заңға сәйкес әр кәсіпорын өз міндетін білу қажеттігін ескертті. Яғни олар қалдық көлемін азайтуда ең үздік техниканы пайдаланып, қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеуге міндетті.
Цифрлық жүйеден сапа арта ма?
Астана қаласында қалдықтарды жинау мен шығару қызметтерінің сапасын арттыру, сондай-ақ тұрғындарға қызмет көрсетуде қала әкімдігі қалалық коммуналдық қалдықтарды шығару компанияларының қызмет сапасы мен фактілерін растау үшін цифрлық құрал енгізген. Жүйе қызмет сапасын нақты уақытпен бақылауға және тиімді басқару үшін аналитикалық деректерді қалыптастыруға мүмкіндік бермек. Бүгінде «Waste Management» ақпараттық жүйесінің көмегімен барлық контейнерлік алаңдар мен контейнерлерді көрсететін цифрлық карта жасалған. Қалдықтарды шығару әрбір контейнерлік алаң бойынша есептеледі. Осылайша, цифрлық жүйе қалдықтарды шығару қызметінің кепілі болады. Мұндайда компаниялардың жұмысты орындамау фактісін жасыра алмайды.
«Ең алдымен контейнерлік алаңдар, полигондар, көлік құралдары, қатты тұрмыстық қалдықтар инфрақұрылымының цифрлық картасы жасалды. Қызмет тұтынушылары туралы деректер цифрландырылды. Шарттар бойынша операциялар, сондай-ақ логистика және қатты тұрмыстық қалдықтарды әкету мониторингі цифрлық форматқа ауыстырылды. Жасанды интеллект элементтерінің көмегімен ағымдағы ауа райы жағдайы мен жолдағы кептелістерді ескере отырып, оңтайлы бағдарлар қалыптасады» деді Үкімет отырысында қала әкімі Жеңіс Қасымбек.
Оның айтуынша, қоқысты шығару фактісін растаудың екі деңгейі енгізілген, яғни көліктің орнына келгені туралы GPS-растау және қатты тұрмыстық қалдықтарды түсіруге «дейін» және «кейін» фотофиксациясы бар. Осылайша, цифрлық жүйе коммуналдық қалдықтарды кепілдендірілген шығару жүйесін құруға мүмкіндік беруде.
«Цифрлық жүйені қолданысқа енгізгеннен кейін тұрғындар тарапынан түсетін шағымдар аптасына 200-ден 1-2 шағымға дейін төмендеді. Есепке алынбаған абоненттер саны азайды және төлемдерді жинау 75 пайызға дейін ұлғайды. Жыл соңына дейін заңды тұлғаларды толық қамтимыз» деп түсіндірді шаһар басшысы.
Бұл жерде жүйені енгізу мемлекеттен қаржыландырылмайды. Барлық цифрлық жүйені енгізу және күтіп-ұстау қоқыс шығаратын компаниялар есебінен жүргізілмек.
«Халық санының жыл сайынғы өсуі, пайдалануға берілетін тұрғын үй кешендері аумағының ұлғаюы қалдықтардың жинақталуы мен түзілу нормаларының ұлғаюына алып келеді. Осыған байланысты рұқсат етілмеген полигондардың пайда болуы өзекті мәселе болып тұр әрі оның 95 пайыздан астамы құрылыс қалдығынан тұрады. Мысалы, былтыр ғарыш-мониторинг нәтижелері бойынша 414 заңсыз қоқыс нүктесі анықталып, оның 90 пайыздан астамы жойылды. Қалғандары жақын арада ауа райы қолайлы болған кезде жойылады. Министрлікпен бірлесіп, қала аумағында құрылыс қалдықтарын басқару қағидаларының жобасы әзірленді. Ол құрылыс қалдықтарымен жұмыс істеуді және қалдықтардың қозғалысын есепке алу мен бақылау жөніндегі цифрлық құралды енгізуді регламенттейді. Осы ережелерді биыл сәуір айының соңына дейін бекіту жоспарлануда. Сондай-ақ барлық құрылыс нысанына әрбір рейстің құрылыс қалдықтарын есепке алуға ақпараттық жүйе енгізуге кірісеміз. Мұның бәрі құрылыс қалдықтарын реттеуге, мемлекеттік бақылау орнатуға және рұқсат етілмеген полигондарды болдырмауға мүмкіндік береді» деді Жеңіс Қасымбек.
Қоқыстың көбею себебі неде?
Бізге белгілі болғандай, елордадағы халық санының өсімі қоқыс көлемінің артуына әкеліп соққандай. Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының мәліметінше, былтыр 11 айда бас қалада 390 мың тонна қоқыс шығарылған.
«Астана қаласының өзінен бір күнде полигонға 1200 тоннаға жуық әртүрлі қоқыс шығарылады. Ал үш жыл бұрын, яғни 2021 жылы бұл көрсеткіш тәулігіне 800 тонна ғана болатын. Мұндағы басты себеп – Астанадағы тұрғындардың көбеюі және бас қаланың тұрақты дамуы. Бізде қала бойынша қатты тұрмыстық қалдық қабылдайтын, экологиялық талаптарға, санитарлық ережелер мен құрылыс нормаларына сәйкес келетін бір ғана полигон бар. 70 гектар болатын полигонға тиесілі №1 ұяшықтың ауданы – 12 гектар. 2006-2018 жылдары жұмыс істеп, шамамен 4 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық жиған. Бүгінде мұнда қоқыс қабылданбайды. Ал №2 ұяшық деп саналатын аумақтың 97 пайызы қоқысқа толған. Оның сыйымдылығы – 2 млн тонна. Аталған аумақ 2018 жылы жұмысын бастағалы мұнда 1,9 млн тоннадан астам әртүрлі тұрмыстық қалдық қабылданды. Полигон 2032 жылға дейін «Астана Экополигон» ЖШС-тің сенімгерлік басқаруына берілген» дейді Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының орынбасары Медет Есенбекұлы.
Оның айтуынша, қазір полигонның №3 ұяшық құрылысын жобалау жұмысы басталып кеткенге ұқсайды. Сондай-ақ қалдықтарды қайта өңдейтін және өңдеуге жатпайтын қоқысты жоюмен айналысатын экопарк құрылысын салу жобасы да бар.
Өңдеу де бір өнер
Расымен, әр өңірдегі полигонның сыйымдылығын ескерсек, қалдықтарды қайта өңдеу технологиясының қаншалықты маңызды екенін байқаймыз. Бір ғана мысал, Астанадағы жалпы тұрмыстық қалдықтардың негізгі көзі, тұрғындар тарапынан бөлек, құрылыс нысандары мен өзге кәсіпорындардан шығады. Ал сарапшылар елде қоқыс көбейсе, қалдықтарды қайта кәдеге жарату, сондай-ақ оны өңдеу тәсілдері технологиясын жандандыруды күшейту қажеттігін айтады.
«Бір ғана нәрсе белгілі, қалдықтарды полигонда сақтау біздегі мәселені түбегейлі шешпейді. Мемлекет қалдықтарды қайта өңдеу бойынша жоспарлы жұмыс жүргізсе ғана қазіргі қоқыс полигондарына түскен жүктемені барынша азайта аламыз. Шетелдік тәжірибелерді енгізу арқылы Астана ғана емес, ел бойынша экологиялық ахуалды жақсартар едік. Екіншіден, тұрғындар арасында әртүрлі қалдықтарды үйден шығарарда саналы түрде бөлек-бөлек сұрыптау мәдениетін енгізіп, өзіміз де жауапкершілікті сезінуіміз қажет. Мысалы, Германия азаматтары пластик қалдықтарды бөлек, шыны ыдыстарды бөлек арнайы ыдысқа салып, белгіленген орынға ретімен тастайды. Әрі осы үрдіс бұзылмау үшін онда қоқыс қызметін қадағалайтын арнайы полиция қызметі де бар. Жалпы республикада экологиялық сауаттылықты насихаттауға бағытталған шараларды көптеп енгізген дұрыс» дейді эколог Әділ-Қасым Жарылқасынұлы.
Шетел демекші, бұл ретте Еуропа елдерінің тәжірибесі мол әрі ауқымды. Аталған елдерде 1980 жылдардың соңынан бастап қоқыстарды пайдаға асыру жолға қойылды. Бүгінде еуропалықтар тұрмыстық қалдықтарды қоқыс жәшігіне сұрыптамай тастамайды. Мысалы, қоқыс өңдеу саласында Германия ең алдыңғы орында десек, мемлекеттегі әр азаматтың пәтерінде қоқыс жинауға арналған кемінде 3, тіпті кейде 8 түрлі ыдыс бар. Халық ескі киімдерін арнайы контейнерге салады. Айтпақшы, Германияда кез келген сусынның бағасына ыдыс құны қосылады. Босаған кезде оны өткізіп, ақшасын кері қайтарып алуға болады. Сондай-ақ ел астанасы Берлинде жасөспірімдер қоқыс жинап өткізсе, қаржылай марапатқа ұсынылады.
Шетел тәжірибесі қандай?
Ұлыбританияда тұрмыстық қалдықтарды дұрыс сұрыптамағаны үшін айыппұл арқалайды. Мұнда кез келген дүкеннің алдында тағамға, ескі киім мен электротехникаға арналған контейнерлерді көруге болады.
Америкада қалдықтар пластик бөтелкелерге жиналады. Сосын ол әр үйдің қасында тұрған арнайы контейнерлерге салынады. АҚШ-та сұрыптау өткен қалдықтар қайта өңделіп, қағаз, пластмасса, шөлмектерден арнайы тауар шығару дұрыс жолға қойылған. Ең қиыны, аталған елде сағат сайын 2,5 миллион пластик шөлмек тасталады. Ал олардың толық шіруіне 700 жыл қажет. Қазір мұндағы ірі қалаларда тұрмыстық қалдықтарды жоюға ауқымды мемлекеттік бағдарлама қолға алынған.
Франция қоқысты сұрыптап жинау әдісі мен қайта өңдеу арқылы 30% алюминий, 50% әйнек және газет қағазын өндірсе, Финляндия көшелерінде жәшікке ұқсас арнайы ыдыстар қойылған. Олар қалдықты арнайы вакуумды құбыр арқылы жер астымен бірден қоқыс өңдейтін зауытқа апарады. Бір ерекшелігі, мұнда қалдықтар барынша терең өңделеді. Шынылар ұсақталып, ыдыс жасайтын зауыттарға сатылады. Нәтижесінде бір шөлмек 30 мәрте қолданылады. Ал қалған қоқыс өртеліп, одан жылу энергиясы алынады.
Жапонияда да тұрмыстық қалдықтарды өртейді, ал одан алынған энергияны жылыту үшін қолданады. Жапондар қалдық өңдеу ісінде тым алда тұр. Тіпті олар органикалық қалдықтан құрылыс материалын шығарады.
Қызылорда облысының тұрғыны, қалалық Қоғамдық кеңес мүшесі Болат Нұрқожаев қоқыс һәм қалдықты өңдеу мәселесі күн тәртібінен түспеу керек деп есептейді.
«Қоқыс, тұрмыстық қатты қалдық, полигон мәселесімен арпалысқаныма 10 жылға жуықтады. Қазір Қызылорда маңындағы полигон өрті де шамалы толастады, бірақ толық жойылған жоқ. Кезінде 1,3 млрд теңгеге қоқыс сұрыптау полигонын салғанмен, оның жұмыс істегені шамалы, қазір ол сенімгерлік басқаруға берілген. Олар тек келген қоқысты үйіп, органикасы мен химиясын қосып, жерге көміп жатыр. Сұрыптап жатқан ешкім жоқ. Тек картон мен пластмасса құты, темір-терсек қабылданған соң, соларды сұрыптайды. Жалпы қоқысты сұрыптау жөнінде талай жобалар болды. Бірақ үйде сұрыптап, бөлек жиғаныңнан не қайыр, егер ол бір қоқыс көлігіне бірге тиеліп, бірге жерге тасталса?» дейді қоғам белсендісі.
Оның сөзінше, елдегі қоқыс полигонындағы өрт жайлы талай жазылып, айтылғанмен, оны тыятын не қадағалайтын орган жоқ. Санитарлық мекемелер, полиция, тіпті өрт сөндірушілер, табиғат қорғау прокуратурасы да бір-біріне сілтеп, жауаптысын тағы таппайсыз. Көп қалалар көктем мен күзде полигон өртінің түтінін жұтып шығады. Кейде одан шыққан өрт ұшқыны жақын маңдағы орман мен егістікке түсіп, ондағы жан-жануарларға да залалын тигізіп жүргені өтірік емес.
Ержан ҚОЖАС