Сөз бен саз өнеріне жақын жан

Елімізде Жеңіс күні туған талай қазақ баласы жөргегінен Жеңіс атанды. Бұл күндері Жеңістің 80 жылдығын атап өтіп жатсақ, оның 20 жылдығы тұсында дүниеге келген белгілі қылқалам шебері Жеңіс Кәкенұлы 60 жастың асқарына шығып отыр. Осыған орай, Астанадағы Тұңғыш Президент музейінде суретшінің өмірдегі мерейтойына және өнердегі қызметінің 35 жылдығына арналған «Суретші және оның замандастары» атты портреттер көрмесі ашылды.
Көрнекті ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Серік Тұрғынбекұлы ақын ағасы Жеңіс Қашқыновқа арнауында «Жеңіс, Жеңіс мен үшін жемісі мол ағаштай» деп жазады. Сол сияқты Жеңіс Кәкенұлын да жемісі мол ағашқа теңеуге болады. Суретші таланты, еңбекқорлығы, ізденімпаздығының арқасында бүгінгі биігіне жетті. Әсіресе оның сериялы суреттері осы күндері кең тарады. Осыдан 11 жыл бұрын «Сәйгүлік семантикасы-4» көрмесін тамашалап, танысқан едік. Содан бері өнеріне тәнтіміз. Сол көрмеге қойылған картиналар бізді түрлі ойға жетеледі. «Сәйгүлік» сериясын көріп, автор бірнеше өнерден хабары бар екен деген пайымға келдік. Қателеспегенімізді арада өткен жылдар көрсетіп отыр.
Жеңіс Кәкенұлының «Суретші және оның замандастары» көрмесіне суретшінің автопортреттерінен бастап, әулеті, өмірде араласып, сыйласқан, қазір де құрметтейтін адамдардың картиналары қойылды. Графика мен кескіндеме техникасында орындалған барлығы 100 портреттің арасында танымал тұлғалар да баршылық.
Оның өнер жолы «Ақ желкен» (бұрынғы «Пионер») журналынан басталды. Бұл басылымының сол кездегі бас редакторы, «Поэзия падишасы» атанған Фариза Оңғарсынова талантын тап басып, суретші-иллюстратор ретінде жұмысқа алған еді. Көрмені айшықтап тұрған суреттердің бірі – Фариза ақынның портреті.
Төрт жыл бұрын Жеңіс Кәкенұлының «Күміс қауырсын» сериясынан құралған «Пандемия. Шектеу. Самғау» көрмесін тамашаладық. Бүкіл әлемді жайлаған індет кезінде суретші жай жатпай, еркіндік, бостандық символы – құстарды кестеледі. Сол кезде есімізге құстарға құштар болған көрнекті ақын Есенғали Раушанов түсті. Суретші Есенғали ақынның қол астында «Зерде» (бұрынғы «Білім және еңбек») журналында көркемдеуші редактор болып та қызмет істеді. Сол себептен «Суретші және оның замандастары» көрмесінен Есенғали Раушанов портретінің орын алуы да заңды.
Жалпы жаңа көрмеде Қалихан Ысқақ, Әбіш Кекілбайұлы, Мұхтар Мағауин секілді суреткерлердің, біз жоғарыда атап өткен Серік Тұрғынбекұлының, басқа да сөз зергерлерінің портреттері көз тартады. Қазақ руханияты мен өнеріне, мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан Өзбекәлі Жәнібековтің суреті жүрекке жылулық ұялатады.
Суретшінің еңбек жолы «Мәдениет» және «Тура би» журналдарында жалғасты. Белгілі басылымдардағы жұмыс оны сөз өнеріне жақындата түсті. Негізінен, мектеп оқушысы, студент кезінен кітап оқуға құштар болды. Бұған лиро-эпос жырларынан тамыр тартатын «Байшұбар», «Оралхан Бөкейді оқығанда», т. б. картиналары дәлел. Әсіресе, «Шәкәрімді жоқтау» атты картинасы көпшіліктің көңілінен шықты. «Суретші және оның замандастары» көрмесінде заңгер-журналист Сәулебек Жәмкенұлымен әңгімелесіп қалдық. Сонда ол осы картинада өткен ғасырдың 30-жылдарындағы қазақ даласындағы ашаршылық пен саяси қуғын-сүргіннің бар қасіреті бейнеленгенін айтты.
Жеңіс Кәкенұлының қаламынан «Ақ зер» атты қос томдық та туды. Онда Пикассо, Рембранд, Айвазовский, Моне, басқа да әлемге әйгілі қылқалам шеберлерімен қатар Жұмақын Қайрамбаев, Нағымбек Нұрмұхаммедов, Ерболат Төлепбай, Бақытнұр Бүрдесбеков, т. б. қазақ суретшілерінің шығармашылығы туралы кәсіби тұрғыдан жазылған. Суретшінің шығармашылығына орыстың атақты суретшісі Михаил Врубель мен тағдыры өзбек жеріне байланған қазақ Орал Таңсықбаев та әсерін тигізді. Жеңіс Кәкенұлы осындай бейнелеу өнерінің классиктеріне, алдындағы ағаларына қарап, бой түзей жүріп, өнердегі өз соқпағын тапты, шығармашылығын шыңдады.
«Менің шығармашылығым сөз және саз өнерімен тығыз байланысты. Күні бойы тыңдайтыным – қазақтың музыкасы. Ол болмаса, мен өзімді жалғыз сезініп қаламын. Музыканың өзі кей кезде былай сал, олай сал деп ритмге салып жібереді» деген еді суретші баяғы «Сәйгүлік семантикасы» атты көрмеде. Сонда ол ән ғана емес, қазақтың күйлерін де көп тыңдайды. «Суретші және оның замандастары» көрмесіне қойылған дәулескер күйші, ұстаз Жанғали Жүзбайдың, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кенжеғали Мыржықбайдың портреттері оған айқын айғақ.
Бір ерекше атап өтерлігі, елімізде 2000 жыл «Мәдениетті қолдау жылы» болып жарияланғаны белгілі. Ал мұның эмблемасының авторы Жеңіс Кәкенұлы еді. Қылқалам шеберінің картиналары еліміздің шекарасынан тыс шығып, тіпті мұхит асты. Анау жылдары туындылары Нью-Йорк қаласында көрсетілді. Суретшінің жұмыстарын ұлттық колорит ерекшелейді. Ол нені салса да, ең алдымен, қазақы көзқараспен қарайды. Бұған жоғарыдағы «Сәйгүлік семантикасы» топтамасын айтсақ жеткілікті болар. Онда «Ұзату», «Бәсіре», «Айбозым» секілді картиналар бар.
Бүгінде Жеңіс Кәкенұлы Тұңғыш Президент музейінің суретші-реставраторы. Бұл өнер ошағы қызметкерін ерекше бағалайды. Көрменің ашылуында қылқалам шеберіне бірнеше мекеме мен одақтан құрмет көрсетілді. Арасында өзі қызмет істейтін өнер ордасы да бар. Біз білетін суретші – бір көрмесін өткізіп, соған масаттанатын адам емес, содан соң жаңа өріс іздейтін адам. Ойында жаңа жоспарлары жүргені күмәнсіз. Жаңа көрмеңізде жолыққанша, Жеңіс аға!
Аманғали Қалжанов