Жалауы желбіреген ұлы жеңіс!

Биыл – ХХ ғасыр еншісінде кеткен, төрткүл дүниеге ең үлкен алапат қырғын әкелген Ұлы Отан соғысындағы жалауы желбіреген Ұлы Жеңіске 80 жыл. Сондықтан 9 мамыр күні дүние жүзінің барша ізгі ниетті адамзаты Екінші дүниежүзілік соғыстың сексенінші Жеңіс көктемін жылы шыраймен қарсы алары да – уақыт ақиқаты, дәуір шындығы. Сондықтан өрісі өнегелі Ұлы Жеңіс мерекесі – бейбіт өмірді сүйетін барша адамзат баласына ортақ мерейлі мереке! 1945 жылғы мамырдың мамыражай күнінде жау ордасы Рейхстаг төбесінде Жеңіс жалауы желбіреп, күллі адамзаттың болашағына қатер отын шашқан фашизмге соңғы нүкте қойылды. Соңғы зеңбіректен Жеңіс салюті атылды! Сондықтан Жеңіс күні мерекесін барша адамзат баласы ең қасиетті мереке деп санайды.
Әрине, бұл соғыс зардабы қазақтың ұлан-ғайыр жерін айналып өткен жоқ. Ел тағдыры, жер тағдыры таразы басына түскен сын сағаттарда республикамыздың түкпір-түкпірінен осы сұрапыл соғысқа аттанған майдангерлер ұрыс даласында ерен ерліктің өшпес өнегесін көрсетті. Олар Брест қамалынан бастап, Мәскеу, Ленинград, Сталинград үшін болған қанды шайқастар мен Курск доғасындағы бетпе-бет ұрыстарда жігерлік танытты. Украина, Белоруссия, Балтық елдері мен Еуропаны жау қолынан азат етуге өз үлесін қосты.
Ең өкініштісі, қазақ даласынан Қызыл Армия қатарына алынып, жанған от пен жауған оқтың арасынан 600 мыңнан астам солдат майдан даласынан туған топырағына оралмады. Сондықтан бұл күн барша қазақ халқы бірін-бірі, оның ішінде аз болса да ортамызда қатары сиреген аса қымбатты соғыс ардагерлерін 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні мерекесімен шын жүректен құттықтайтын және соғыстан оралмаған боздақтарға тағзым ететін қастерлі күн! Бүгінде сол ұлы тағзым ақиқаты ретінде елордамыз Астанадан бастап шалғай ауылдарға дейін майдан даласында қаза тапқандарға арналған «мәңгі от» алаулары тоқтаусыз жанып тұр!
Өйткені Жеңіс мерекесі – кешегі сұрапыл соғыста келешек ұрпақтың болашағы үшін қолдарына мылтық алып, от кешкен жеңімпаз-жауынгер әкелеріміз бен апаларымыздың, олардың ұрпақтарының мейірім қандырар, көңіл басар мерекесі! Сонымен қатар Жеңіс мерекесі – күн мен түнді тең ұстап, «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деген ұранды ұстанып, толассыз еңбегімен сол Жеңіс күнін жақындатқан тыл майдангерлерінің де мерекесі екені өткен күндердің тарихынан көпке аян.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлт тарихындағы Ұлы Отан соғысының алар орнына және соғыс ардагерлерінің майдан даласындағы ерлік жолдарына үнемі аса үлкен мән беріп келеді. Елімізде көзі тірі Жеңіс солдаттарына мемлекеттік қолдау мен әлеуметтік көмектің бәрі жасалып отыр. Олай болса, қатары жыл санап азайып бара жатқан ардағы асқақ, пейілі жомарт, ниеті ақ соғыс ардагерлерін әрқашан да құрметтеу бүгінгі ұрпақтың мәңгілік парызы екенін бір сәтте естен шығармауымыз қажет. Өйткені соғыстың зардабын көрген халық бейбіт күн мен тыныш заманның қадірін өзгеден артық біледі. Ал Ұлы Отан соғысы адамзат баласы тарихында қатыгездігі мен қантөгісі жағынан барлық шайқастан асып түсті.
1418 күн мен түн жан алысып, жан беріскен майдан даласындағы ұрыстар Қазақстан халқы үшін де өте ауыр сын болғаны баршаға аян. Әр қалада, әрбір елді мекенде соғыс отының алауы шарпымаған отбасы жоқ десек те болады!
Неміс фашистері бастаған қанқұйлы соғыс салдарынан 1710 қала, 65 мың село мен деревня, 73 мың колхоз бен совхоз күйреді. 22 миллионға жуық адамның өмірі қиылып, 10 миллион Совет азаматтары мүгедек болып, 20 миллионнан астам жан панасыз қалды. Міне, Ұлы Отан соғысы әкелген зардап осындай! Жалпы, Ұлы Отан соғысына қазақ жерінен қатысқан 1 миллион 200 мыңға жуық жауынгер Жеңіс күнін жақындатуға өз үлесін қосты. Майдан даласында атылған әрбір он оқтың тоғызы Қазақстанның қорғасынынан құйылған екен.
Соғыс алғы шебінде атой салған 100 мыңнан астам қазақстандық солдаттар мен офицерлер түрлі дәрежедегі ордендермен және медальдармен марапатталып, 558-і Кеңес Одағының Батыры атағына ие болса, 100-ден астам жауынгер «Даңқ» орденінің толық кавалері атанған. Халқымызда «Ер есімі – әрқашан ел есінде!» деген мәртебелі сөз бар. Сондықтан өскелең ұрпақ өз ерлерінің есімін ешуақытта ұмытқан емес!
Тұлпар мініп, ту ұстаған батыр ұлы бабалардың рухын асқақтатқан, аманаттарына адалдық танытқан, көк семсердің жүзіндей жарқылдаған жауынгерлердің ерлік жолдары бүгінгі тәуелсіз Қазақ елі жұртының жадында мәңгі сақталары ақиқат. Өйткені бұл – Ұлы даланы ұлықтатқан ұлы дәстүр! Бүгін біз аттары аңызға айналған, жаужүрек Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсенов, Мәлік Ғабдуллин, Сағадат Нұрмағамбетов, Сабыр Рақымов, Нүркен Әбдіров, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова, Ағаділ Сухамбаев, Ыбырайым Сүлейменов, Төлеген Тоқтаров, Ізғұтты Айтықов, Сұлтан Баймағанбетов пен қос жұлдызды қаһарман ұшқыш Талғат Бигелдинов сынды жүздеген даңқты батырларымыздың есімін мақтанышпен айтып, ерлік жолын өскелең ұрпаққа үнемі өнеге етіп келеміз. Дегенмен Ұлы Отан соғысының тарихында есімдері жалпақ жұртқа онша мәлім болмаған қаншама жаужүрек қазақтың ұл-қыздары бар. Олардың қатарында Қызылорда облысы Жаңақорған ауданынан Қызыл Армия қатарына шақырылған Айтмахан Нақыпов 1945 жылғы Жеңісті күндері Берлинге алғаш кірген танк экипажының командирі болса, семейлік Ғали Әділбеков – Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақ халқынан шыққан тұңғыш танк бригадасының командирі және түркі халықтары арасынан танк әскерінің подполковнигі атағына алғашқы ие болған офицер.
Сонымен қатар неміс фашистерінің Рейхстагтан кейінгі ордасы, «Империя кеңсесі» аталған Ратушаның төбесіне Жеңіс туын қадаған батысқазақстандық Кенжебай Мәденов жайлы Кеңес Одағының Маршалы, төрт мәрте батыры, соғыс тактикасының дүлдүлі, даңқты Георгий Жуковтың «…29 апреля в центре города развернулась наиболее ожесточенные сражения. На Ратушу наступали 100-й стрелковый полк и 1010-й полк 266-й стрелковой дивизии. Первым сюда ворвался взвод лейтенанта К.Маденова» деген естелігінен қазақ жауынгерінің айрықша ерлігін анық көруге болады.
Ақмола облысының тумасы ефрейтор Жаппархан Асаинов Қызылтулы 81-теміржол батальоны құрамында әскери ұрыстар мен әуе шабуылы кезінде бұзылған және істен шыққан темір жол тораптарын қайта қалпына келтіру мен әскери жүк тасымалдауын тоқтаусыз қамтамасыз етудегі сіңірген ерен ерлігі мен жанкешті еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған. Оған бұл биік марапат салтанатты жағдайда Кремльде тапсырылған екен. Жалпы Ж.Асаинов Социалистік Еңбек Ері атағын тұңғыш алған қазақ деген де деректер бар.
Тағы бір көпшілік біле бермейтін дерек, ол Қарағанды қаласынан майданға аттанған Жамал Байтасова, Күлкен Тоқбергенова, Күлжәмила Талқанбаева және Жәмила Бейсенбаева атты тракторшы қыздар Ұлы Отан соғысында Одақ бойынша толықтай қыздардан жасақталған жалғыз әйелдер танк экипажы құрамында болған. Өкінішке қарай, танк экипажы 1944 жылдың желтоқсан айында ерлікпен қаза тапқан. Сондай-ақ жау жағадан алған сол жылдары, майданға жауынгерлер қолы жетпей жатқан қиын кезде амалсыздан қылмыстық жазасын өтеушілер қатарынан айыптылар (штрафбат) батальондары құрылғаны соғыс жылнамаларынан белгілі. Қандас бауырымыз Халида Маманова – осы айыптылар батальонында соғысқан жалғыз қазақ қызы.
1943 жылы Днепр өзені үшін болған шайқаста қатардағы жауынгер-пулеметші Жәнібек Елеуісов небәрі 18 жасында Кеңес Одағының Батыры атағын алған ең жас қазақ жігіті екенін біреу білсе, біреу білмес.
Тұтқынға түскен қаншама жауынгер Бухенвальд, Освенцим, Дахау, Майданек, Аушвиц сияқты көптеген азап лагерьлеріндегі адам төзбес қиындықтардан өтті.
Сондай-ақ соғыстан кейін дивизия командирі болған даңқты Бауыржан Момышұлы Кеңес Одағының Маршалы К.Е.Ворошилов атындағы І дәрежелі Суворов орденді жоғары әскери академияны бітірген тұңғыш қазақ болса, Мәлік Ғабдуллин – бейбіт өмірде ғылым жолын таңдап, филология ғылымдарының докторы, профессор деңгейіне көтеріліп, Кеңес Одағының Батыры және КСРО Ғылым академиясының академигі сынды қос мәртебелі атаққа ие болған жалғыз жан. Қазіргі таңда елімізде әскери және күштік құрылым қызметкерлеріне арналған «Айбын» орденінің үш дәрежесі қазақтың айбынды батыр ұлдары Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рақымжан Қошқарбаевтың есімімен аталады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен жасалған бұл қадамды да ерекше құрмет деп санау абзал!
Сонымен қатар қазақ офицерлері арасынан ең алғашқы генерал-майор атағына Шәкір Жексенбаев – соғыстың нағыз қызған шағы 1943 жылы ие болса, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі болған армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған жалғыз генералымыз. Техникалық әскерлердің генералы Ш.Жексенбаевтың таланты мен кәсіби біліктілігінің арқасында соғыс жылдарындағы әскери өмірі көрнекті қолбасшылар, «Жеңіс маршалдары» К.К.Рокоссовский, С.К.Тимошенко, Б.М.Шапошников, А.И.Еременко және Л.К.Говоровтармен қатар әрі өте тығыз араласта болғанынан оның аса жоғары дәрежелі әскери химик маманы болғанын айқын байқауға болады. Ең өкініштісі, елімізде осы даңқты генералдың ерен есімі елеусіз қалып, аты бірде-бір әскери оқу орнына берілмеген.
Жалпы, қиян-кескі сансыз шайқастарда көзсіз ерлік көрсеткен қанша қазақ жауынгерлері әскери қолбасшылық тарапынан Кеңес Одағының Батыры атағына ресми түрде ұсынылғанмен, ол ұсыныстар Бас штабтан қолдау таппаған. Бұл да сол сұрапыл соғыстың тарихы!
Бір сөзбен айтқанда, 60 миллионнан астам адамның тағдырын жалмаған сұрапыл соғыстың салмағы тым ауыр. Бірақ сол соғыстың жаралы жазасы да, биік бағасы біреу-ақ еді, ол Ұлы Жеңіс болатын! Ал өмір философиясында соғысты адамдар бастаса, оның соңғы нүктесін қоятын да, Жеңіс жалауын көкке желбірететін де – адамдар! Нақтырақ айтсақ, Жеңіс солдаттары, жаужүрек батырлар!
Мүмкін сол сұрапыл соғысты басынан өткізген мыңдаған жауынгерлердің кеудесінде «Алтын Жұлдыз» жоқ шығар?! Бірақ олар жүрегінде батырдың «Алтын Жұлдызы» жарқырап тұрған жеңімпаз солдаттар! Сондықтан ұрпақ санасынан сол батырлардың аттары ешқашан өлмейді, ерліктері ешқашан өшпейді және олардың есімдері туған халқымен ғасырлар бойы мәңгі жасарына сенімдімін! Оған тарихы тарлан, өнегесі өрісті, үлгісі үкілі Ұлы Отан соғысының ұмытылмас жарқын жылнама беттері айқын дәлел.
Қанқұйлы гитлершілдер Совет Одағы аумағына аса тез қарқынмен кіріп, 1941 жылдың қыс мезгіліне таман сұрапыл соғыс КСРО астанасы – Мәскеу қаласы түбіне дейін жетті. Қазақстандық жауынгерлердің ерлік жолдары осы жерде айқын көрінгені де соғыс тарихынан белгілі.
Мәскеу іргесіндегі Дубосеково разъезі маңындағы ұрыста 28 панфиловшы-жауынгер фашистердің 50 танкісіне қарсы тұрып, кескілескен шайқаста 18 танкі мен жүздеген неміс солдаттарының көзін жойып, қасық қандары қалғанша соғысып, қаһармандықпен қаза тапты. Олардың барлығы да Кеңес Одағының Батыры деген мәртебелі атаққа ие болды. Сол ұрыста саяси жетекші Василий Клочковтың «Шегінерге жер жоқ! Артымызда Мәскеу!» деген қанатты ұран сөзі бүкіл соғыс жылдарында барша жауынгерлерге рух бергені де – тарихи ақиқат! Бұл Қазақстанда жасақталған қолбасшысы генерал-майор И.В.Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясына қарасты 1075-атқыштар полкінің жаужүрек жауынгерлері еді.
Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың соғыстың аса күрделі шағында адам баласы төзбес қоршау қиындығын басынан өткізген ленинградтықтарға арнап жазған «Ленинградтық өренім» атты қолдау жыры оларға жігер мен қуат берді.
Сондай-ақ қазақтың жауырыны жерге тимеген нар палуаны Қажымұқан Мұңайтпасов бастаған жүздеген отандастарымыз неміс басқыншыларына қарсы өздерінің жеке қаражатына самолеттер мен танкілер жасатқаны және «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» деген ұранмен күндіз-түні тынымсыз жұмыс жасаған тыл еңбеккерлерінің ерен істері арқасында эшелон-эшелон азық-түлік, жылы киім-кешек майданға жіберілді.
Жалпы, Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналып сансыз тарихи кітаптар мен өлеңдер, әндер мен мақалалар жазылып, ескерткіштер мен есімдері жазылған мәрмәр тақталар тұрғызылып, көркем және деректі фильмдер түсірілді десеңізші… Сондықтан бұл соғыс зардабы мен тауқыметін тартқан адамзат баласы үшін мәңгілік тақырып болып қала беретіні анық. Өйткені айлар аунап, жылдар жылжып, дәуір озған сайын «Жеңіс» деген құдіретті сөздің мәні мен мағынасының биіктей түсері анық.
Қазақстанның халық әртісі, белгілі әнші-композитор Алтынбек Қоразбаев шығарған қасіретке толы «Қара кемпір» әні қан майданнан хабар-ошарсыз кеткен перзенттерін екі көзін жаспен жуып телміре күткен, белі айналып теңселе тосқан, «менің балам аман!» деген үміті мен сенімін өмір бойы үзбеген, түн ұйқысы бұзылған киелі аналардың гимніне айналғаны да – заман ақиқаты.
Сол сұрапыл соғыстан аман оралған Жеңіс солдаттары қызу еңбекке араласып, республика экономикасын көтеруге атсалысты. Олар түрлі шарушылықтар мен аудандардың, қалалар мен облыстардың басшылары деңгейіне көтеріліп, адал еңбек пен іскер ұйымдастырушылықтың үлгісін көрсетті. Еліне есен жеткен жауынгерлердің алғашқы перзенттерінің есімдері де не Жеңіс, не Амангелді, не Қуаныш болғаны да өмір ақиқаты!
Халқымызда «қанды соғыс ерге сын, қаптаған жау елге сын» деген қасқая қарайтын марқасқа мақал бар. Міне, ел басына найзағайдың жарқылындай қатер әкелген Ұлы Отан соғысы ерге де сын, елге де сын болды. Бірақ фашизм құрсауынан еркіндікке деген құштарлық пен Жеңіске деген жігер жауынгерлерді осы қиын сындардан аман алып шықты. Мына соғыссыз өткен, бейбіт күн сәулелі шуағын шашқан, жаңа ұрпақ өскен 80 жыл бойы қоғам соғыс және тыл ардагерлері өткен соқпақты жолдар мен қиын-қыстау күндерден үлгі-өнеге алып келеді.
Ең өкініштісі, соғыстың азабы мен тозағын көре жүріп, Жеңіс туын желбіреткен мыңдаған соғыс ардагерлерінің басым бөлігі бүгінде ортамызда жоқ. Олар 80-інші Жеңіс көктемінде алма ағаштарының бүр жарып, гүл ашқанын көре алмай, майдан даласында оларға рух берген «Катюшаның» ойнақы әуенін қайта ести алмай кетті… Соңғы статистика мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі таңда республикамызда небәрі 120-ақ қарт жауынгер қалған екен. 2015 жылдың 18 қыркүйегінде Қазақстандағы ең соңғы Кеңес Одағының Батыры Иван Васильевич Косенков Алматы облысы Үштөбе қаласында дүние салды. Одан бір жыл бұрын даңқты ұшқыш Талғат Бигелдинов өмірден өткен еді.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылдың 26 наурызындағы №823 Жарлығына сай белгіленген «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалін кеудесіне таққан әрбір азамат соғыс ауыртпалығын есінде сақтап, бейбіт өмір қадірін терең түсіне жүреді деген сенімім мол.
Иә, ұршықтай зырылдаған, сынаптай сырғыған патша уақыт өз дегенін жасайды. Сондықтан Ұлы Отан соғысының қайталанбас тағылымы өткен соғыс отының алаулаған тарихы мен оны жаңғыртып отырған бүгінгі ұрпақ айдан аман, жылдан есен болып, еске салар қастерлі уақыттың тырсылы тоқтамасын! Еліміз аман, соғыссыз заман болсын!
Қырғызәлі ТІЛЕУОВ,
зейнеткер