Руханият

Майдангер өнерпаздар өнегесі

Елордада Жеңістің 80 жылдығына орай «Ер есімі – ел есінде» концерті өтті. «Күй анасы» қоғамдық қоры мен К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті бірлесіп ұйымдастырған кеш сұрапыл соғыста қаза болған өнерпаздар мен майданнан аман-есен оралып, өнердің өрістеуіне өлшеусіз үлес қосқан майдангерлердің рухына арналды.

Академик Ахмет Жұбанов ұлттық өнердің қара шаңырағы – Қазақ халық аспаптар оркестрін (қазіргі Құрманғазы оркестрі) құрғанда, оның құрамына ел ішіндегі үздік өнерпаздар қабылданды. Соның бірі – Смағұл Көшекбаев. Ол 1936 жылы Алматыда өткен көркем­өнерпаздар байқауында жүлделі орын алып, сол кездегі астанамызда домбырашылық қызметке қалдырылды. Бір айта кетерлігі, Смағұл Құрманғазының «Ертең кетем», «Лаушкен», «Побескі» күйлерін жеткізген орындаушы және осы күйлерді Евгений Брусиловскийге нотаға түсірткен. Ахмет Жұбановтың тапсырмасымен күй анасы Дина Нұрпейісованы Алматыға біржола алып келген де осы Смағұл. Оркестрде жүргенде ол нотаны меңгеріп, музыка жаза бастады. Оның артында бірнеше шығарма қалды. Атап айтқанда, «Сейтек» музыкалық пьесасы, осы концертте орындалған «Майданға» әні, т. б. туындылар.

1942 жылы соғысқа аттаған Смағұл Көшекбаев майдан газетінде бір актылы пьесалар, соғыс тақырыбына әндер жазып, жариялады. Өкініштісі, соғыстың аяқталуына бір айдан аз уақыт қалғанда, 18 сәуір күні ол Германияның Торн қаласында қаза тапты.

Сол сияқты Ғабдұлман Матов, Мәлік Жаппасбаев, Ысқақ ­Уәлиев, Кеңес Одағының Батыры Төлеген Тоқтаровқа «Жас қазақ» әнін арна­ған Рамазан Елебаев сынды өнерпаздар соғыстан елге оралмады. Қазақ өнерінің бағына қарай, Нұрғиса Тілендиев, Рүстембек Омаров, Тұраш ­Әбуов, Самиғолла Андарбаев майданнан елге Жеңіспен келіп, өнерде өз аттарын ойып тұрып қалдырды.

Концертте осы кештің мән-маңызы туралы «Күй анасы» республикалық қоғамдық қорының төрағасы, педагогика ғылымдарының кандидаты Төлеген Қуанышев, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Айтжан Тоқтаған салиқалы пікір білдірді.

Қазақ өнерінде «Жеңіс» деп аталатын бірнеше музыкалық шығарма бар. Осы кеште Дина Нұрпейісованың, Мұрат Өскенбаевтың және Жалдыбай Елеукеұлының «Жеңіс» аталатын күйлері күмбірледі. Смағұл Көшек­баев жеткізген Құрманғазының «Ертең кетем», «Пабескі», «Лаушкен» күйлері орындалды. Самиғолла Андарбаевтың «Өттің, өмір», Тұраш Әбуовтың «Арнау», Мағауия Хамзиннің «Белгісіз солдат» күйлері ұсынылды. Сонымен қатар Рамазан Елебаевтың «Жас қазақ», Кенен Әзірбаевтың «Біздің Отан жеңеді», Ғарифолла Құрманғалиевтің «Сүйген жарға», Ғабдұлман Матовтың «Жауды жеңеміз», Мәлік Жаппасбаевтың «Елге сәлем» әндері әуеледі.

Концерттің өтуіне К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Дәстүрлі музыкалық өнер» факультеті үлкен үлес қосты. Осы факультеттің ұстаздары мен студенттері өнер көрсетті. Атап айтқанда, студенттік қазақ халық аспаптар оркестрі (көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Дәурен Ғылымов), Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Тұрар Әліпбаев, мәдениет саласының үздіктері Батырлан Әбенов, Жұмабек Қадырқұлов, Қайрат Айтбаев, Ерболат Шалдыбеков, Ырысты Сүлейменова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақытжан Дүйсенғазиев шығармаларды орындады. Кеш биыл туғанына 100 жыл толған майталман музыкант, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің «Жеңіс салтанаты» туындысымен түйінделді.

Аманғали Қалжанов

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button