Адамтану интуициясы

Өмір қызық. Кейбір адамдар, талай жыл аралас-құралас болып жүрсең де, кейін тіршіліктің басқа сүрлеуімен кеткенде олардың өз өміріңде еш із қалдырмағанын байқайсың. Ал кейбір адамдар жолыңда кездейсоқ кездесіп, тың іске тәуекел жасауыңа ықпал етеді. Сірә, ол жандардың жаңа көрген адамның қабілет-қарымын байқап, соны дамытуға бағыт беретін адамтану интуициясы зор шығар… Ортамызда сондай, ісі «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген халықтық қағидаға сәйкес жандар көп екендігі қуантады. Менің де еліміз тәуелсіздік алғанға дейін көбіміз көріп-білмеген «ілеспе аударма» деген салаға келуіме, оны зерделеп, диссертация қорғауыма жетелеген – еңбек жолымда кездескен сондай жандар.
Отыз жылдан астам мемлекеттік қызметте болған жылдар – маман ретінде өсіп, мені тың саланың ізашары ретінде танытқан қымбат кезең. Қазақ лингвистикасында бұрын зерттелмеген соны тақырыпқа тереңдеуіме жол ашылуымен қымбат. Күнделікті қызметіммен, ізденіп, зерделеуіммен, ғылыми еңбек жазуыммен елімізде ілеспе аударманың дамуына қосқан үлесім еленуімен қымбат. Қызық та қиын сол жолымда жақсы жандардың ақыл-кеңесі, жол сілтеген жанашырлығы тың саланың ізашары болуыма ықпал еткенін айту – парыз.
Олар – қазаққа аты белгілі ғалымдар Зейнолла Серікқалиев, Нұрсұлу Шаймерденова, Бақытжан Әбдірайымов. Алдыңғы екі тұлға туралы жазғанмын, бүгін, жолымыздың түйісу ретіне қарай және өмірінің мерейлі белесіне көтерілуі қарсаңында Бақытжан Жарылқасынұлы Әбдірайымов туралы лебізімді білдірмекпін.
Ол кісіні сырттай білсем де өзім қызмет ететін Парламент Сенаты аппаратының басшысы болып тағайындалғанда алғаш рет көрдім. Наурыз мерекесіне арналған іс-шара өтіп жатқан, оған Бақытжан Жарылқасынұлының көппен бірдей атсалысып, әзіл-қалжың айтып, мерекеге халықтық сипат беруге ұмтылғанына ішім жылып қалды. Бұдан 20 жыл бұрын ұлттық киім кию қазіргідей сәнге айналмаған кез еді. Ол кісінің үстіне оюлы қысқа шапан кигенін бәріміз де байқадық. Ресми құттықтауынан кейін қолына домбыра алып, ән салды. Бұрын аппаратта орысша сөйлейтін басшыларды ғана көріп жүрген маған Сенат ғимаратына қазақ рухы кіргендей әсер етті…
Арада бірер айдай өткенде аппарат басшысы шақырып жатыр деген соң кабинетіне келдім. Оның алдында ғана бөлімдерге Сенат аппаратында Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасын іске асыру туралы шағын нұсқаулықтың жобасы таратылған. Өз бөлімімізде талқылаған кезде мен тыныш отырмай, ол құжаттың бір-екі тармағын сынап тастаған болатынмын. Адамның басына әуелі «негатив» ой келеді ғой, басшының шақыртуын іштей сонымен байланыстырып, кабинетіне «Сыбағамды беретін шығар» деген оймен кірдім.
Кіргенде Бақытжан Жарылқасынұлының алдында менің жеке парақшам жатқанын көзім шалып, ішім қылп ете қалды.
Ойлағанымдай, ол кісі әңгімені сол құжаттан бастап, пікірімді сұрады. Жымиып қойдым. «Неге жымидыңыз?» – деді салмақпен.
«Бақытжан Жарылқасынұлы, мен мемлекеттік қызметте жүргеніме он бес жылдан асты. Ықпыл-жықпыл, қалтарыстарын бір адамдай білемін. Қазір де «Құжатты мақтап, аман-есен кетейін бе, әлде шынымды айтып, сөгіс естиін бе?» деп ойлап отырмын» дедім мен де салмақпен сөйлеп.
«Неге сөгіс естисіз? Бізге мақтаудан гөрі кемшілікті көрсететін сындарлы сын керегірек. Егер әділетті болса, әрине. Айтыңыз, ойыңызды дәлелдей алсаңыз, әділетсіз шешім қабылданбайтыны анық» деді.
Осы сөздерін арқаланып, мен бөлімде айтқан пікірлерімді тікелей өзіне айтып бердім.
«Әрине, мемлекет жүргізіп отырған тіл саясатын іске асыру үшін мекеменің басшылыққа алатын ішкі құжаты болғаны жөн. Мына құжат сонысымен құнды, – деп бастадым. – Бірақ кейбір жерлері мүлде дұрыс емес. Мысалы, аударма бөлімін таратып, аудармашыларды әр бөлімге бөліп беру туралы, бөлім қызметкерлерінің бәрі ілеспе аударма жасауы керек деген ұсыныстар түбірімен қате!»
Аппарат басшысы тіпті қабақ шытқан жоқ. Мен сөзімді жалғадым.
«Мақсат қызметкерлердің мемлекеттік тілді үйренуі емес пе? Ал мынадай жағдайда ешқайсысы үйренбейді. Әдеттегідей орысша жазып, жұмыс аяғында аудармашыға үйіп-төгіп береді де, бастары кекжиіп, үйлеріне кетеді. Меніңше, үйренуі үшін олар өздері қазақша жазуы керек, мейлі, 2-3 сөйлем жазса да жазып, аудармашылар редакциялауы керек. Сонда лауазымы өзінен төмен қызметкердің жазғанын шимайлап қайтаруы намыстарына тиері анық…
Мұндай жай өз басымнан өткен. Он жыл журналда істеп, ондағы бүкіл қағазды аударып, «мықтымын» деген сеніммен келгенімде, аудармамды түзетіп, шимайлап берген. Қатты намыстанып, іштей «қап, бәлем, өзге қалам тимейтіндей аудармашы болмасам ба?!» дегем…
– Сертіңізге жеттіңіз бе?
– Әрине, жеттім. 2003 жылы аудармашылардың республикалық байқауының бас жүлдесін жеңіп алдым. Намыстанып, әйел басыммен сондай жетістікке жеттім. Ал аппараттағы жауапты қызметкерлердің басым көбі – ер-азаматтар ғой…
– Жөн дейік… Ал аудармашылардың бәрі ілеспе аударма жасауы керек деген ұсынысқа неге қарсысыз?
– Өйткені бәрі ілеспе жасай алмайды. Қолдарынан келмейді.
– Неге келмейді? Бәріңіз де жазбаша аударма жасайсыздар ғой.
– Мәселе мынада: Наурыз мерекесінде ән айттыңыз ғой, қайырмасына бәріміз қосылдық. Есіңізде ме?
Ол кісі жымиып қойды. (Сол күнгі атмосфераны көз алдына елестеткен болар…)
– Біз бәріміз ән айтамыз ғой: дастарқан басында 15-20 адам әке туралы, ана туралы, достық туралы әндерді қосылып айта береміз. Ал солардың ішінен қайсысы суырылып шығып, оркестрге қосылып ән айта алады? Немесе, демалыста конькиімізді алып, топ-топ болып сырғанаққа барамыз. Солардың нешеуі мәнерлеп сырғанауға бара алады?
Ілеспе аударма да сондай. Оны жүзеге асыру үшін аудармашының бойында қосымша көп қасиет-қабілеттер болуы керек. Екі тілде еркін, таза сөйлеуі керек; Реакциясы жылдам болуы керек; Сөздік қоры мол болуы керек; Даусы жағымды болуы керек…» деп айтып жатырмын, айтып жатырмын.
– Бұл туралы неге жазбайсыз? Басқа аудармашылардың үйренуі үшін керек емес пе? – деп сұрады. Жүзінде реніш бар сияқты көрінді.
Орыстарда «Погибать так с музыкой!» деген сөз бар ғой. Неге екенін білмеймін, бойымды бір батылдық билеп алды. «Жазып жүрмін, – дедім. Таяуда ғана «Жұлдыз» журналында мақалам шықты.
– Алып келіңіз, – деді Бақытжан Жарылқасынұлы қысқа сөйлеп.
Парламент кітапханасына барып, «Жұлдыз» журналының мақалам шыққан санын алып келдім.
Журналды оқи бастады. Байқаймын, оқыған сайын өңі өзгеріп, бір жылулық пайда болғандай. Сәлден кейін басын көтеріп:
– Мынау – ғылыми мақала ғой, диссертация қорғамайсыз ба? – деді ойлана қарап.
Бұл біраз жылдан бері маған жиі қойылатын және қабілетімді байқаған жандарға жөнді жауап бере алмай, жанымды ауыртып жүрген сұрақ еді. Мемлекеттік қызметте жүрген біздей адамдардың ғылыммен айналысуы – өтуі қиын кедергілерден тұратынын түсініп, ішім удай ашып жүрген кез болатын. Міне, сол сұрақ тағы алдымнан шықты.
Бұл әңгімеден бұрынырақ Тіл комитетінің сол кездегі төрағасы Бауыржан Омаров мемлекеттік тілге қатысты үлкен жиында ілеспе аударма жасауға шақырған еді. Сол жиында менің ілеспе аударманы зерттеуім керектігін ұқтырған екі кездесу болды.
Біріншісі, Мұхтар Шахановтың сөзін аударуым еді. Сөз кезегі келгенде М.Шаханов өзіне тән интонациямен жігерлене, жеріне жеткізіп сөйлеп, әдетінше өлең оқи жөнелді. Ілеспе аудармашылардың көбін тығырыққа тірейтін жайлардың бірі – осы. Ол жерде маған Шаханов шығармашылығынан хабардар екендігім, кейбір өлеңдерін жатқа білетінім, біраз ақынның өлеңіне жолма-жол аударма жасағаным қатты көмектесті, ақынның өлеңдеткен сөзін еш қиналмай аудара бердім.
Үзілісте Бауыржан Омарұлы мені ақын ағамызбен таныстырды. «Мұха, жаңа сіз өлең оқи жөнелгенде аудармашылар қайтеді екен деп зәрем ұшып кетті. Жалма-жан тыңдауышты алып тыңдасам, Кәмекең түк те саспай өлеңді аударып отыр!» деді сүйсіне сөйлеп. «Ай-на-лайын!» деді Мұхаң (толқып тұрғандығымнан болар, маған ол кісі «Ай-до-лай-и!» деп айтқандай естілді).
Бұл жақсылықтың басы екен. Одан кейін жаңа ғана өзім сөзін аударған кісілермен шәй үстелі басында кездестік. Солардың біреуі филология ғылымдарының докторы Нұрсұлу Шаймерденова менің «Аудармашы» деп жазылған бэйджигіме қарап: «Жаңа Мұхтар Шахановты аударған сіз бе?» деп сұрады. «Менмін» десем, «Сонда өлеңді қалай аудардыңыз?» дейді таңданып. «Оның түрлі тәсілі бар. Және ақынның шығармашылығымен таныс болуым да көмектесті» деймін. Ғалым: «Осы тақырыпта қорғағыңыз келмей ме?» деп сұрады. Мен әдетімше, мемлекеттік қызметте мүмкіндік жоқ екенін алға тартам ғой баяғы. «Все равно надо защищаться, – деді ол нық сөйлеп. – Если надумаете, позвоните» деп есімхатын берді. Мен де ұсындым.
Келесі күні жұмыста отырсам, Нұрсұлу Жамалбекқызы «Мен келіп тұр едім, төмен түсіңізші» деп телефон соқты. «Маған кешегі әңгімеміз ой салып, біраз ақпарат жинадым. Ілеспе аударма біздің елде зерттелмепті, тіпті кешегі кеңестік кеңістікте әлі аз зерттелген екен. Және оны зерттеу үшін адамның өзі іс жүзінде ілеспе аударма жасай білуі керек. Сіздің жинақтаған тәжірибеңіз мол, енді осы мәселені теориялық тұрғыдан негіздеуді қолға алсаңыз, мен сізге көмектесер едім» деді. Мұндайды күтпеген едім, ойланып тұрып қалдым. Сонда ол мені таңқалдырған уәж айтты: «Сіз қорғамасаңыз, мына көрші елдер бізден озып кетеді!» деді.
Бұдан кейін шегінерге жол қалған жоқ. Әдетте, бізде қазақтілді адамды ғана тіліміздің жанашыры деп қарайды ғой. Ал орысша сөйлейді дейтін Нұрсұлу Шаймерденованың бұл ұсынысы оның тың тақырыпты тани білетін ғалымдық интуициясын әрі бұл тақырыптың қазақ аударматану ғылымында бұрынырақ қолға алынып, басқа елдерден ертерек зерттелуін көздеген патриоттығын танытып тұр емес пе?
Содан кейін тақырыбымды бекітіп, іздене бастағам. Іздену, тіл зерттеушілерінің ізі түспеген осы саланы игеру, ғылыми негіздеу – өзімнің де арманым еді. Бірақ, «жұмыс… жұмыс…» деп мойын бұруға мүмкіндік болмайтын. Ол кезде қазіргідей интернет жоқ, кітапханаға барайын десең жұмыстан босатпайды. Сұранам деп кадр бөлімінен ескерту алған соң, шығар жол таба алмай аласұрып жүргем. Ал жаңа басшы сұрағымен сол жанға батқан жайларды қайта еске салды. Сабырлы қалпым жайына қалды:
– Қалай қорғаймын? Мені кітапханада отыруға, конференцияларға қатысуға кім жіберіп жатыр? Таяуда Мемлекеттік қызмет академиясына шақырған, дәріс оқуға жұмыстан 3 сағатқа босатпады…
Шағынғандай болғанымды сезіп, кілт тоқтадым.
– Мен жіберем, – деді басшымыз журналды өзіме қайтарып беріп жатып, ізденіңіз, зерттеңіз. Қолыңыздан келетінін байқап тұрмын.
Сосын жымия күліп, қолын созды:
– Келістік пе?
Көп ұзамай Бақытжан Жарылқасынұлы басқа қызметке ауысты. Біз бұрынғы әдетпен бітпейтін жұмыстың соңындамыз: қағаздарды жазып, аударып, редакциялап, одан қалды ілеспе аударма жасап, малтығып жүргенбіз. Ғылыми зерделеу ісінде де түрлі бюрократиялық қағаз толтыру, қол жинау сияқты шаруалардан көңілім қалып, «Қорғамай-ақ қойсам қайтеді?» деген ой қылаң беріп жүрген.
Сол күндердің бірінде шаршап, ілбіп басып келе жатыр едім, қара түсті жеңіл машина өте беріп, тоқтады. Жақындай бергенде байқадым: Бақытжан Жарылқасынұлы көліктен шығып, тосып тұр екен. Амандасып, жағдай сұрастық. «Диссертация не болып жатыр? Қорғау жақындаған болар?» деді бір кезде. Ойымды сезіп қалғандай, жүзім ду етті. Қыпылықтап: «Иә. Жүріп жатыр. Жақындады» дедім қысқа ғана. Ол кісі кабинетінде әңгімелескен кездегідей салмақтай сөйледі:
– Камал Әбілқасымқызы, бұл тақырыпты сізден басқа ешкім терең білмейді. Біліп тұрып, соны ғылыми негіздемесеңіз, өзіңіз өкінесіз ертең. Сондай бір жұмыс қорғалмаса, ғылымымызға да обал болады…
Диссертациямды қорғау кезінде ғылыми жетекшім профессор Нұрсұлу Шаймерденова менің жұмысымның ілеспе аударма зерттеу нысаны болған Қазақстандағы тұңғыш зерттеу екенін мақтанышпен атап өтті. Сонда Мәскеудегі Патрис Лумумба атындағы халықтар достығы университетінің (РУДН) профессоры Ұлданай Мақсұтқызы Бақтыкереева ол кісіге қарап: «Коллега, я скажу больше. Жалпы орыс тілі мен ағылшын, қытай, испан… т.б. шет тілдері арасындағы ілеспе аударма жасау мәселелері жақсы зерттелгенмен, менің білуімше, орыс тілі мен кешегі кеңестік елдер тілдері арасында ілеспе аударма жасауды зерттеу нысаны еткен еңбек жоқ. Сондықтан сіздер – ТМД-дағы тұңғышсыздар» деген еді.
Мәскеулік ғалымның осы сөздерін естігенімде еліміздің аты озуына аз ғана үлес қосқаным үшін кеудемді мақтаныш кернеді. Өзімнің осы қиын да қызық жолға түсуіме себепші болған аға буынның өкілі, көреген Зейнолла Серікқалиевті алғыспен еске алдым. Замандасым, ғылыми интуициясы терең Нұрсұлу Шаймерденованың, бізден кейінгі толқын өкілі, ойы озық, ұлттық намысы зор Бақытжан Әбдірайымовтың ортамызда жүргеніне, әлі талай жанға жол сілтейтініне қуандым.
Камал ӘЛПЕЙІСОВА,
жазушы, филология ғылымдарының
кандидаты, «Үздік аудармашы»
республикалық байқауының тұңғыш жеңімпазы, «Алаш» халықаралық
әдеби сыйлығының иегері