Отан қорғауға әрқашан әзір

Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Батыл тойтарыс» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуға қатысып, былай деген болатын: «Бүгінде әлемдік қорғаныс жүйесінде ауқымды өзгерістер болып жатыр. Қазіргі ұрыстардың әдіс-тәсілдері де басқа, әсіресе, гибридтік соғыс түрлері кең таралуда. Шабуылдар әскери ғана емес, ақпараттық, психологиялық, саяси, экономикалық және басқа да сипат алуы мүмкін. Сондықтан Қазақстан армиясы кез келген сын-қатерге дайын болуы қажет. Бұл – заманауи әрі кәсіби әскерге қойылатын басты талап. Біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – Қазақстан. Елімізді, жерімізді, азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларды қорғау – баршамызға ортақ қасиетті парыз!».
Осы сөздер өзінің өзектілігін әлі жойған жоқ және жоймақ емес. Сондай-ақ Мемлекет басшысының әскери қызметшілердің кәсіби деңгейін арттыру, меритократия қағидаты негізінде мансапты өсіру мақсатымен әскери білім беру және кадрлық саясат жүйесін дамыту мәселелеріне баса мән беретінін білеміз.
Президент осыдан бірер жыл бұрын әскери қызметшілер мен әскери қызметтің әлеуметтік мәртебесін арттыру және жастарды әскери борышын өтеуге ынталандыру туралы тапсырма берген-ді. Көп ұзамай аталған бағытта бірқатар жұмыстар жүзеге асып, Отан алдындағы борышын атқарған үш мыңнан аса жас жігіттер еліміздің жоғары оқу орындарына қабылданып, студент атанды. Осылайша жоғары білім беру жөніндегі жеңілдіктерді ұсыну арқылы мемлекет бір жағынан әскери қызметке деген жастардың ынтасын оятса, екінші жағынан оларға өмірдегі орнын табу үшін үлкен мүмкіндік беріп отыр.
Ал енді Еуразия ұлттық университетінің әскери кафедрасына келетін болсақ, ол жиырма жылдан астам уақыттан бері еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту мақсатында запастағы әскери қызметшілерді дайындау ісіне сүбелі үлес қосып келеді. Содан бері әскери кафедра Қарулы Күштердің резерві ретінде 6,5 мыңнан астам запастағы офицерлер мен сержанттарды дайындап шығарды.
Әскери кафедраның түлектері қазіргі күнде жоғары мемлекеттік лауазымдарда, сондай-ақ Қарулы Күштер мен түрлі әскери құрылымдардың қатарында абыроймен қызмет атқаруда. Солардың ішінде: ҚР Жоғары білім және ғылым министрі – Саясат Нұрбек, ЕҰУ-дың стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры – Басқарма мүшесі – Думан Айтмағамбетов, академиялық мәселелер жөніндегі проректоры – Басқарма мүшесі Ардақ Бейсенбай, әкімшілік департаментінің директоры Әнуар Майқанов және басқалар бар.
Әскери кафедраның запастағы офицерлерден құралған жоғары білікті профессорлық-оқытушылар құрамы студенттерді моральдық ұстамды, тәртіпті, әскери және мемлекеттік құпияларды сақтай білетін азаматтар ретінде дайындаумен қатар, түлектерге лауазымына сәйкес қызметтік міндеттерін абыроймен атқару үшін қажетті білім беріп, шеберлік пен дағдыларды қалыптастырады.
Әскери кафедрада сапалы білім беру үшін интерактивті құрылғылармен жабдықталған аудиториялар, компьютерлік сыныптар, саптық алаң, тактикалық алаң, әскери машиналар паркі, ату қалашығы, лазерлік-ату тирі, оқу қару-жарақтары және кітапхана бар.
Әскери кафедраға студенттерді қабылдау ҚР Қорғаныс министрлігі бекіткен мемлекеттік тапсырысқа сәйкес, конкурстық негізде жүзеге асырылады.
Бүгінгі таңда бізде 777 студент білім алуда. Олар запастағы офицерлер және запастағы сержанттар бағдарламасы бойынша оқып жатыр. Бастапқы кезеңде біз студенттерді екі-ақ бағыт бойынша дайындасақ, қазір барлық әскери-есептік мамандық саны оннан асты.
Жыл сайын әскери кафедраға 1200-дей студент өтініш білдірсе, солардың ішінен тек 400-ге жуығы іріктеліп алынады. Әскери кафедраның жұмысы ҚР Қорғаныс министрлігі тарапынан жіті бақылауда болады. Студенттерді кафедраға министрліктің арнайы комиссиясы келіп қабылдайды. Конкурс өткеннен кейін ғана оқу орнының ректорына қанша студент грант, қаншасы ақылы негізде өткені туралы қабылдау комиссияның бекітілген Протоколы беріледі. Ректор осыдан кейін ғана студентті әскери кафедраға қабылдау жөнінде шешім шығара алады. Кафедрада әскери даярлықтан өткен әр студент үшін жауаптымыз.
«Әскери журналистика», «Ақпараттық-сараптамалық қызмет» және «Құрлық әскерлерінде тәрбие және идеологиялық жұмысын ұйымдастыру» сияқты мамандықтар бойынша қосымша мемлекеттік тапсырыс алынды. Сонымен қатар, біздің әскери кафедра барлауды ұйымдастыру, геоақпараттық, автоматтандырылған жүйедегі офицер мамандарды даярлап шығарады.
ЕҰУ әскери кафедрасын былтыр тұңғыш рет жеті студент әскери журналист мамандығы бойынша бітіріп шықты. Студенттер жалпы әскери дайындықтан бастап, ҚР Қарулы Күштерінің жарғыларын жаттап, тактикамен танысып, түрлі атыс қаруларын меңгеруі тиіс. Содан кейін таңдаған мамандығы бойынша пәндер тереңдетіліп оқытылады. Оның ішінде «Әскери БАҚ-тың теориясы мен практикасы», «Әскери тарих», «Арнайы насихат» тағы да басқа пәндер бар.
Таратып айтатын болсақ, әскери журналистер БАҚ бетінде мемлекеттің қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін көрсету, қазіргі заманғы ақпараттық күрес пен оның тәсілдері, қарсы насихат жүргізу, арнайы ақпараттық операция ұйымдастыру, әскери қақтығыстар кезіндегі БАҚ-тың рөлі сияқты басқа да маңызды мәселелерді зерттеп, зерделейді.
Болашақ әскери журналистер өндірістік тәжірибе мақсатында Астана қаласында орналасқан газет-журналдарға барады. Олардың ішінде – республикалық «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Айқын», «Литер», «Астана ақшамы», «Вечерняя Астана» және тағы да басқа басылымдар бар.
Қазақтың қабырғалы қаламгері, майдан тақырыбының майталманы Жанболат Аупбаев, әскери журналистиканың ардагері, отставкадағы полковник Сапарғали Жағыпаров сияқты корифейлердің журналистік шеберлік сабақтарынан студенттердің мол тағылым алғаны анық. Соның нәтижесінде болашақ әскери журналистер өздерінің тырнақалды туындыларын газет-журнал беттерінде жариялай бастады.
Мысалы, қазақ халқының даңқты ұлдары – Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығы құрметіне «Тумысы бөлек тұлға» және «Рухы биік хас батыр» атты ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткіздік. Өйткені әскери кафедра студенттерге арнайы біліммен қатар әскери-патриоттық тәрбие де беруге тиіс.
Күні кеше ғана Жеңістің 80 жылдығына орай «Екінші дүниежүзілік соғыс: тарихи сабақ және бүгінгі ұстаным» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткіздік. Оған ҚР Парламентінің депутаттары, танымал тарихшылар мен әскери ғалымдар, ҚР Қорғаныс министрлігінің, ҚР ІІМ Ұлттық ұланының, ҚР ҰҚК Шекара әскерлерінің басшылығы, ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері қатысып, сөз сөйледі. Конференцияда Ұлы Жеңісті ғылыми тұрғыдан жан-жақты пайымдау, соғыс жайындағы тарихи білімді насихаттаудың жаңа жолдары мен тәсілдерін іздестіру, оларды өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру туралы келелі әңгіме болды.
ҚР Үкіметінің қаулысымен «Жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» бекітілгені белгілі. Бұл құжатта тұтас бір бөлім жастардың бойында патриоттық қасиеттерді қалыптастыру мен дамытуға, оларды аға ұрпақтың және Қарулы Күштердің жауынгерлік дәстүрі негізінде тәрбиелеу ісіне арналған. Олай болса, бұл істен біз де тыс қалмауымыз керек.
Бір сөзбен айтқанда, біздің ұжымның алдында тұрған басты мақсат – запастағы офицерлерді сапалы дайындау екені анық. Сонымен қатар олардың бойына кәсіби біліммен қатар Отанға деген сүйіспеншілік сезімі мен патриоттық рухты сіңіруге барынша күш салатын боламыз.
Еділ ОРАЗОВ, Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университеті әскери
кафедрасының бастығы, доғарыстағы генерал-майор