Ұрпақ алғысы – сарбаз рухына тағзым

Менің нағашы атам – Ұлы Отан соғысының ардагері Мұқай Төлеуғалиұлы Мүсәпіров егер тірі болғанда, биыл 100 жасқа толар еді. Жүз жыл – бүтін бір дәуірмен пара-пар. Атам 1995 жылы өмірден өтті, бүгінгі күндерді көре алмады. Бірақ ол бізге уақыттың сынынан сүрінбей өткен құнды мұра қалдырды – ол соғыс жылдарындағы күнделігі.
1985 жылы зейнетке шыққан соң, атам көптен бері көкейінде жүрген бір істі жүзеге асырды: 1945 жылы қағаз бен қалам тапшы заманда, тригонометрия оқулығының беттеріне қара сиямен жазған естеліктерін жинақтап, оларды қызыл дәптерге көшіріп жазды. Бұл жазбалар – оның соғыс жылдарындағы өмірінің, соғыстан кейінгі ойларының тірі куәсі.
Сол күнделіктің кейбір беттерін сіздермен бөліскім келеді. Бұл жазбалар оқырманды сол кезеңге жетелеп, атам мен оның қарулас достарының иығына түскен ауыртпалықты, майдан даласында бастан кешкен қиындықтарды ешбір боямасыз түрде сезінуге мүмкіндік береді. Осы арқылы біз Отан үшін от кешкен ерлерді еске алып, рухына тағзым етеміз.
«Азан шақырып қойған атым – Мұхаммәдия. Әкем әскерге 1942 жылы май айында кeттi. Аягөздегi запастағы частiде дайындықтан өтiп, осы жылы ноябрь-декабрь айларында батысқа қарай жол тартты. Maғaн повестка 1943 жылдың 8 январы күні келдi. Мен Ауылдық Советте 1942 жылдың апрель айынан бастап секретарь қызметiн атқарушы едiм. Бұл повестка бiзге 1925 жылы туғандарға келдi. Бiздiң ауылда олар: мен, Көкен, Орынғазы, Тәңiрберген, Нысан, Ораз – осы алтауымыз едiк. 11 күнi ауылдан ауданға келдiк. Ауданнан 13 күнi Семейге жөнелттi. Бұл кезде әкей Kурскігe келдi. Содан хат келдi. Осы хаттан кейiн хат тоқтады» деп басталады алғашқы жазбаларының бірі.
«Мен соғысқа 1944 жылы апрель айының басында кірдім. Могилев қаласынан бергі 90 км жерде бекіністе орналастық. «Сталиндік 5 соққы» немесе «Богратион» операциясы деп атаған Белоруссия жерін жаудан азат ету шабуылына июнь айында 2-Белоруссия майданы құрамында қатыстым. Бұл кез – басқыншыларды жерімізден түре қуып бара жатқан кез. Бір ұрыста бөлініп қалған біздің шағын тобымызға жаудың бөлімшелері артық күшпен қарсы атакаға шыққанда жараландым. Біз 30 шамалы ғана топ едік. Жау жағы 100-ден асады. Кейінгі батальон келіп жеткенше, біздің топ, әрине, қырылып қалды. Осы ұрыста әуелі қолдан, одан кейін аяқтан оқ тиді, тағы бірнеше жерден жарықшақтар тиіп жараландым. Ұрыс даласында қалдым. Ертеңінде сәскеде келіп санротаға алып келді».
«Бұл 1944 жылдың 29 июнь күні еді… Дәл осы сәт есіме түскенде күні бүгінге дейін денем түршігіп, суық тер жабады. Міне, осыны бастан кешкеннен кейін де соғысқұмарлар әрекетіне ашу-ызамен, кекті жүрекпен, аса күйзеліп-күйінеміз. Біздің ұрпақтарымыздың басына мұндай күй келмесе екен деп тілейміз» (1985 жыл. 7 май. Аудан. Мәдениет үйі.)
Соғыста қолын снаряд, аяғын мина жұлып кетсе, омыртқасын оқ опырып, қабырғасын қиратып кетсе, оған қанағат еткен нағашы атам «Соғыстың аты өшсін! Аспанымыз ашық болсын! Әрбір таңымыз тыныштықпен атсын!» деп сөйлеген сөздерін де сол күнделікте жазып қойған.
Осындай тыныш таңды қарсы алып жүргеніміз үшін, ерлікпен ел қорғаған аталарымызға мың тағзым!
Тоғжан МҰҚАТАЕВА,
Астана қаласы