Басты ақпаратҚала мен сала

Жұмысшы мамандығына жаңаша көзқарас

Елордада қалалық Білім басқармасы мен Әдістемелік орталығының ұйымдас­тыруымен «Жұмысшы мамандықтар болашағы: бизнес пен білім берудің серіктестігі» атты республикалық форум өтті. Жұмысшы мамандықтарының имиджін ілгерілетуге бағытталған жиынға 2000-нан астам адам қатысты.

Форумда Оқу-ағарту, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің өкілдері, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, әдістемелік орталықтар, Халықты жұмыспен қамту орталығы, «Талап» коммерциялық емес акционерлік қоғамы, бизнес қоғамдастықтың жетекші мамандары, колледж директорлары мен студенттері жиналды. «Әлем өзгеруде – біз де өзгереміз!» атты ұранмен өткен іс-шара техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының әлеуметтік серіктестерімен ынтымақтастығын дамытуды, жас мамандарды еңбек нарығына бейімдеп, олардың мансаптық өсу мүмкіндіктерін кеңейтуді мақсат етті.

Жиын басында сөз алған Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қоғамда еңбек адамын құрметтеуге басымдық берудің маңызын айта келе, Жұмысшы мамандықтары жылына орай Астанада 100-ден аса іс-шара өткізу жоспарланғанын мәлімдеді.

– Еңбек – елдің еңсесін көтеретін, қоғамды алға сүйрейтін үлкен күш. Әрбір қаланың көркі де, әрбір мемлекеттің қуаты да еңбек адамының қолымен жасалады. Еңбек нарығындағы жаңа трендтер, дуальды оқыту жүйе­сін дамыту, жастарды жұмысқа орналастыру мәселелері талқыланған осындай диалог алаңдары білім беру мен бизнестің арасын жақындатып, жастарға нақты мүмкіндіктер ұсынады.

Жұмысшы мамандықтары жылына орай елордада барлық 32 колледждің модернизациясы жүргізілді. Оның аясында техникалық және кәсіптік білім беру орындарына академиялық дербестік берілді. Модернизациядан өткен бұл оқу орындары нарықтың сұранысына сай икемделіп, студенттерге оқу бітірмей тұрып, кәсіпорындарда жұмысқа тұруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ «Жаңа мамандар атласы» жобасы аясында мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында жаңа кәсіптердің бағыттары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бүгінде Астана еңбек нары­ғының қазіргі талаптарына сай білім беру ортасын қалыптас­тыру бағытында ауқымды жұмыс атқаруда. Қалада, айтқандай, 32 колледж жұмыс істейді, онда 76 мамандық пен 126 біліктілік бойынша кадрлар даярланады. Әсіресе инженерия және цифрлық технологиялар саласына баса мән берілуде. Соңғы бірнеше жылда сұраныстағы мамандықтар бойынша колледждерде тегін оқыту бағдарламасының арқасында 10 мыңнан астам жас білім алды, – деді ­Е.Берікұлы.

Форумда қатысушылар техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту стратегияларын талқылап, Қазақстанның еңбек нарығы үшін мамандар даярлау мәселелерін шешу жолдары бойынша пікірлермен алмасып, түрлі бастаманы ортаға салды.

«Бизнес және білім беру» пленарлық отырысында спикерлер техникалық және кә­сіп­тік білім беру саласындағы өзекті мәселелерді айтып, еңбек нарығының қажеттіліктерін анықтау, дуальды білім беру жүйесін дамыту жолдарын қарастырды. Сонымен бірге бірқатар колледж жетекші кәсіп­орындармен меморандумға қол қойды.

Студенттердің нақты еңбек нарығындағы жағдайға жеткілікті түрде дайын болмауы – саладағы негізгі мәселенің бірі. Ел экономикасын дамытатын басты тетік – сапалы білім мен жұмыс берушілермен тығыз әріптестік. Аталған мәселе «Кәсіптік білім берудегі инновациялар» атты отырыста кеңінен айтылды.

– Техникалық, кәсіптік бі­лім беру саласын және жұмыс берушілермен арадағы байланысты арттыру бағытындағы реформалар еліміздегі экономиканың жалпы өсімін арттыруға септеседі. Маңыздысы – студенттің қолындағы дипломы ғана емес, іс жүзінде нақты жұмыс істей алу қабілетінің де болуы. Сондықтан жұмыс берушілердің білім беру ұйымдарына қолдау көрсетуі аса қажет, – деді құрылыс компаниясының директоры Сағат Жұмабаев.

Одан кейінгі «Еңбек қызметі және мансаптық өсу» отырысында табысты кәсіпкерлер мансаптық өсу мүмкіндіктері туралы ақпарат берді.

Форум кезінде студенттер стартаптарын және трендті идеяларын TEDx форматында таныстырып, өздерінің инновациялық жобаларын көпшілікке ұсынды. Солардың қатарында Astana IT University колледжінің студенттері Даяна Арапбекова, Ақмарал Арынтай және Адель Біржанова әзірлеген жоба бар. Жастар колледждердегі білім алушылардың сабаққа қатысуын бақылайтын автоматтандырылған мобильді қосымша ойлап тапты.

– Бұл жоба қазірдің өзінде біздің колледжде қолданысқа енгізілген. Осындай ауқымды форумда оны таныстыру – біз үшін үлкен мақтаныш. Қосымша оқытушыларға сабаққа кімнің қатысып отырғанын бірден анықтауға және бұл мәліметті әкімшілікке жедел жолдауға мүмкіндік береді. Бұл білім берудегі үдерісті жеңілдетіп қана қоймай, бақылау сапасын да арттырады, – деп бөлісті жоба авторлары.

Индира БЕРЖАНОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button