Басты ақпаратҚоғам

Береке бастауы – бірлікте

Елорданың татулық тағылымы

Осыдан 30 жыл бұрын, 1995 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан халқы ассамблеясы құрылып, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуда өлшеусіз үлесі бар бірегей ұйымға айналды. Тәуелсіз еліміздегі бірлік пен тыныштықтың символындай, этносаралық қатынас саласындағы теңдессіз қоғамдық институт ретінде әлемге танылды. Бейбітшілік пен келісімнің қайталанбас үлгісі мен тәжірибесін қалыптастырды. Консультативтік-кеңестік орган ретінде жасақталған ассамблеяға 2007 жылы конституциялық мәртебе берілді. Бүгінде ұйым жалпыұлттық бірліктің негізгі моделіне айналды.

Жүректен – жүрекке

Мемлекет бас­шысы Қасым-­Жомарт Тоқаев ҚХА-ның ХХХІV сессиясында: «ҚХА мүшелері күн сайын көзге көрінбейтін, бірден нәтиже бермейтін, алайда ұзақ мер­зімді, стратегиялық тұрғыдан тиімді, ауқымды жұмыс жүргізеді. Өткен жылдың өзінде ассамблея барлық өңірде 15 мыңнан астам іс-шара ұйым­дастырды. Оған 1 миллионға жуық адам қатысты. Былтыр көктемгі су тасқыны кезінде азаматтарымыз зардап шеккен жандарға көмек қолын созып, ырысты ынтымақ пен бірліктің тамаша үлгісін көрсет­ті. Ассамблеяның «Жүректен – жүрекке» жобасы аясында 12 мыңнан астам ерікті ортақ іске жұмыла кірісті. Олар гуманитарлық көмек пен жылу жинады. Қираған үйлерді қалпына келтіруге атсалысты. Жалпы ел бірлігін нығайту ісінің стратегиялық маңызы ерекше. Соның айқын дәлелі ретінде ассамблеяның «Ел бірлігі» ордені – жаңа мемлекеттік награда тағайындалды. «Бірлік» ұғымы қазіргі дүние жүзіндегі тұрақсыз жағдайда аса маңызды. Әлемде, әсіресе, біздің айналамыздағы кейбір елдерде не болып жатқанына бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан шын мәнінде «Бірлік бар жерде ғана тірлік бар». Бұл – ақиқат» деді.

Татулық тұғырын биіктете түскен елорданың этномәдени бірлестіктері және ассамблея жанындағы қоғамдық ұйымдардың атқарып отырған істері де айтарлықтай.

Өткен 2024 жылы Астана қалалық ассамблея хатшылығы мен Астана әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» ҚМУ және этномәдени бірлестіктерінің қатысуымен 295 іс-шара өтіп, оған 76 мыңнан астам адам қатысты. 7784 адамға әлеуметтік көмек көрсетілді.

Соңғы деректерге көз жүгіртсек, қазіргі күнде Астанада 1528887 адам тұрады. Оның 150 мыңға жуығы орыс ағайындар болса, қалғандары – басқа да ұлт өкілдері. Яғни жергілікті халықтың үлес салмағы 82 пайыздан асады деген сөз. Жалпы Астана халқының тұрғындары ҚХА-ның қызме­тімен танысқан адамдардың үлес салмағы 135000 адамды құраған. Бұл – жалпы елорда халқының 9 пайызы. Мәселен, өткен жылы этносаралық қарым-қатынасты насихаттауға бағытталған 1784 материалдар әлеуметтік желілер мен БАҚ беттерінде жарияланды. Бұл шығарылымды 60 мыңға жуық адам қараған.

Отаншылдықты дәріптейді

Ассамблея әлеуметтік тұ­тас­тық пен отаншылдықты дә­ріптейтін орталыққа айналды. Оның ішінде отбасы институтын сақтау және ұлт­аралық, мәдениет­аралық бай­ланысты нығайту, жастарды рухани-­адамгершілік құнды­лықтарға тәрбиелеп, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында ассамблея жанындағы ақсақалдар кеңесі мен аналар кеңесінің рөлі ерекше.

Бүгінгі таңда ассамблеяның құрамына 23 этномәдени бірлестік кіреді. Ақсақалдар мен аналар алқасы, ғылыми-­сараптама және баспасөз орталығы, журналистер, блогерлер мен «Мәміле» пікірталас клубы тұрақты жұмыс істейді. Волонтерлердің жұмысына қатысты жаңа жобаларға үнемі қолдау көрсетілуде.

Астанада 17 этномәдени бірлестік бар. Олар: орыс, корей, неміс, шешен-ингуш, украин, өзбек, армян, қыр­ғыз, татар-башқұрт, болгар, қарақалпақ, ұйғыр, поляк этностары. Жалпы 36 өнер ұжымы жұмыс істейді. Былтыр олардың қатысуымен 4 көркемөнерпаздар фестивалі өтті. Ашығын айтсақ, қазіргі күнде Астанадағы Достық үйі ассамблеяның ауқымды бастамаларын жүзеге асыратын, яғни жалпыұлттық ықпалдас­тықты нығайтатын орынға айналды. Мемлекет басшысы айтқандай, біз Достық үйін этномәдени бірлестіктердің бас қосатын орны ғана емес, қоғамдық кездесулер мен талқылаулар өтетін, тың бас­тамалар мен идеялар туындайтын, жергілікті қоғамдық ұйымдардың дамуына жол ашып, жақсы бастамаға тірек болатын, бірлік, жасампаздық, өрлеу сияқты құндылықтарды дәріптейтін орталыққа айналуына мүмкіндік жасауда. Осындай маңызды іс-шаралардың бірқатарына тоқталып өтсек, «Алтын күн» балалар патриоттық ән фестивалін айтуға болады. Фестиваль Астанадағы Қазақстан халқы ассамблеясының демеушілігімен жыл сайын өтеді. Оған қалалық ҚХА шығармашылық ұжымдарының, «Бақытты шаңырақ» және «Ерекше мерекелер» қоғамдық қорларының балалары қатысуда. Жоба қатысушылардың шығармашылық әлеуетін ашуға, сондай-ақ бір-бірін көбірек білуге көмектеседі. Қазақстанның киелі жерлеріне саяхат тұрақты жолға қойылған. Онда жастар мен Астана қаласы ҚХА өкілдері еліміздің көрнекі жерлерін аралап, тарих беттерін парақтайды. Сондай сапардың бірі Солтүстік Қазақстан облысында өтті. Екі күндік экскурсия Петропавл қаласының көрікті жерлерін және облыстың тарихи-мәдени орындарын аралап, Айыртау ауданындағы «Айғаным» және «Сырымбет» саяжайларында болды. Жыл сайынғы «Жастар жолы» жастар лагерінің жастардың бойында көшбасшылық қасиеттер мен шығармашылық әлеуетті дамыту, қатысушылар арасындағы байланыс пен өзара түсіністікті нығайту, адамгершілік және патриоттық сезімдерді қалыптастыруда орны зор.

 Айгүл УАЙС

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button