Дәрігерлер елорда тұрғындарына үндеу жасады

Астанада 27 сәуір мен 3 мамыр аралығында «Барлығы үшін иммундау – адамның қолынан келеді» ұранымен иммундау апталығы өтіп жатыр. Науқан жұқпалы аурулармен күресте профилактикалық егулердің маңыздылығы туралы халықтың хабардарлығын арттыруға бағытталған. Елордалық коммуникациялар қызметінің брифингінде халықты вакцинациялау бойынша жүргізіліп жатқан шаралар туралы Қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айгүл Шағалтаева мен Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Досмырзаева айтып берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Апта бойы қаланың барлық емханасындағы екпе егу бөлмелері сағат 08:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істейді. Вакцинацияны тегін алуға болады, тұрақты тіркеудің болуы маңызды емес.
Елорданың бас санитарлық дәрігерінің ақпараты бойынша, Қазақстанда вакциналардың қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету үшін барлық шара қабылданды. 2013 жылдан бастап елге әкелінетін вакциналардың әрбір партиясы міндетті мемлекеттік тіркеуден және сертификаттаудан өтеді.
«Иммундау – бұл әр азаматтың құқығы ғана емес, міндеті. Жоғары вакцинацияның арқасында ғана қауіпті инфекциялардың таралуын болдырмауға болады», – деп атап өтті Айгүл Шағалтаева.
Сонымен қатар, қол жеткізілген жетістіктерге қарамастан, вакцинамен басқарылатын инфекциялармен сырқаттанушылықтың өсуі байқалады. Айгүл Шағалтаеваның мәліметінше, 2025 жылдың бірінші тоқсанында елордада қызылшаның 149 жағдайы, А вирусты гепатитінің 65 және көкжөтелдің 49 жағдайы тіркелген.
Бұл ретте қызылшамен ауырғандардың 84%-ын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды.
Науқастардың негізгі үлесі – вакцинацияланбаған немесе вакцинацияның толық емес курсын алған адамдар.
Қызылша – ең жұқпалы инфекциялардың бірі, оның жұқтырғыштық индексі 95-96% құрайды. Балалар арасында ауру көбінесе пневмония, отит, энцефалит сияқты ауыр асқынулармен өтеді.
Көкжөтел, әсіресе кішкентай балалар үшін қауіпті. Астана қаласындағы сырқаттанушылық деңгейі басқа өңірлермен салыстырғанда жоғары. Аурудың таралу көрсеткіші елордада республика бойынша орташа деңгейден 4,4 есе артық.
2006 жылдан бері елордада балаларды А вирустық гепатитіне қарсы иммундау жергілікті қаражат есебінен жүргізіліп келеді. Алайда, соңғы екі жылда екі жасар балалар арасында вакцинация деңгейінің төмендеуі ауру жағдайларының өсуіне себеп болды: 2023 жылы – 175, ал 2024 жылы 196 жағдай тіркелді.
Иммундау жыл сайын миллиондаған адамның өмірін сақтайды.
Вакцинация 30-дан астам қауіпті жұқпалы аурудан қорғайды, дейді мамандар. Олар қала тұрғындарын балаларын уақтылы егуге шақырады.
Дәрігерлер еске салады: вакцинация – дифтерия, полиомиелит, қызылша, көкжөтел, гемофильді инфекция, пневмококк инфекциясы сияқты нақты емі жоқ инфекциялардан қорғаудың жалғыз тиімді әдісі.
Дәрігерлер атап көрсетеді: уақытылы вакцинацияланған адамдар неғұрлым көп болса, болашақта қауіпті инфекциялардың пайда болу ықтималдығы соғұрлым аз болады.