Қоғам

Таза технологиялар саласындағы стартаптардың аяқ алысы қалай?

Астанада таза технологиялар саласындағы стартаптардың Қазақстан өнеркәсібін қалай жаңғыртып жатқаны талқыланды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Елордада Қазақстан өнеркәсібінің технологиялық жаңғыруындағы экологиялық бағыттағы стартаптардың рөліне арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны  Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы (ХЖТИЖО) ұйымдастырды. Бұл кездесу UNIDO және Жаһандық экологиялық қордың (GEF) қолдауымен іске асырылатын GCIP-Kazakhstan акселерациялық бағдарламасының қорытынды кезеңіне арналды.

GCIP бағдарламасы экономиканың негізгі салаларында экологиялық трансформацияға ықпал ететін технологиялық шешімдерді анықтап, оларды дамытуға бағытталған. Дөңгелек үстел жұмысына ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, QazInnovation қорының өкілдері, ғылыми және іскер топтар, сондай-ақ акселерация бағдарламасының финалистері қатысты.

«Бұл жай ғана инновация емес, қоршаған ортаға әсерді қысқартуға нақты қабілеті бар қолданбалы шешімдер туралы. Стартаптар ұсынатын икемді технологияларды кеңінен енгізу маңызды», – деді министр Ерлан Нысанбаев.

ХЖТИЖО басқарма төрағасы Сәкен Қалқамановтың айтуынша, GCIP бағдарламасы тек перспективалы жобаларды анықтап қана қоймай, оларды нақты экономикаға енгізуге қажетті тетіктерді қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Іс-шара аясында кең ауқымды қолдануға әлеуеті бар үш стартап-жоба таныстырылды:

Krintel (Алматы) – қатты тұрмыстық қалдықтарды пиролиз әдісімен өңдейтін жүйе. Бұл технология жыл сайын 19 мың тоннаға дейін CO₂ шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді. Қуаттылығы тәулігіне 1000 тонна болатын зауыт жобасы Қонаев қаласы үшін әзірленген.

Ozen-M – су ресурстарын басқаруға арналған IoT платформасы. Жоба Оңтүстік Қазақстан өңірлерінде сәтті қолданылып жатыр және GCIP бағдарламасының 2024 жылғы Венадағы жаһандық финалында үздік деп танылған.

Су жөніндегі ғылыми-технологиялық орталық (Петропавл қаласы) –Chlorella vulgaris микробалдырлары негізінде сарқынды суларды биологиялық тазалау шешімін ұсынды. Бұл әдіс метан шығарындыларының алдын алып, дәстүрлі тазалау тәсілдеріне орнықты балама ұсынады.

Талқылау нәтижесінде қатысушылар стартаптарды нарыққа шығару үшін пилоттық алаңдар, мемлекет пен жекеменшік серіктестік үлгілері және институционалдық қолдау қажет екенін атап өтті.

Дөңгелек үстел — таза технологияларды нақты секторға енгізуге бағытталған маңызды қадам болды. Қазақстан өз даму бағытын орнықты болашаққа бұрып, отандық «жасыл» шешімдерді ұлттық экономикаға жүйелі енгізуге дайын екенін көрсетуде.

Анықтама үшін: GCIP-Kazakhstan стартаптарды қолдау бағдарламасы үшінші акселерациялық циклді іске қосты. Өтінімдерді қабылдау 2025 жылғы 1 мамырға дейін жүргізіледі. Бағдарлама ХЖТИЖО мен UNIDO серіктестігі аясында жүзеге асырылады және таза технологиялар саласындағы стартаптарды қолдауға, жасыл экономиканы дамытуға, сондай-ақ жобаларды халықаралық нарықтарға шығаруға бағытталған.

Қатысушылар халықаралық сарапшылардың білім беру бағдарламаларына, менторлық қолдауға және UNIDO GCIP Global Forum, COP30 секілді жаһандық алаңдарда өз жобаларын таныстыру мүмкіндігіне ие болады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button