Көрмеде – майдан даласындағы өнер

М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында Жеңістің 80 жылдығына орай «Майдан даласындағы театр: Үміт жағалауы» атты көрме өтіп жатыр. Ресейдегі ірі Бахрушин театр музейі қорынан алынған мұндағы суреттер театр қайраткерлерінің майдандағы өмірінен сыр шертеді.
«Соғыс қасіретіне қарамастан, көрме қиын жылдары өнер шамшырағын жағып, елдің рухын көтерген барлық өнерпазды еске алу және құрметтеу мақсатында ұйымдастырылды» дейді М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының директоры Айболат Жаудыр.
Бахрушин театр музейінің бас директоры Кристина Трубинованың айтуынша, соғыс жылдары әртістердің бригадалары майданға 42 мың рет шықты, жалпы 3685 бригада майдан даласында 1 млн 350 мың спектакль мен концерт қойды.
Майданға өз еркімен аттанғандардың арасында қылқалам шеберлері де көп болды. Соның бірі – Василий Ковригин. Көрмеден оның «Солдаттарға арналған концерт» (1944), «Майданда қойылған спектакль» (1943), «Госпитальде жатқан солдат суреті» (1942) сынды картиналарын көруге болады.
Сондай-ақ өнерпаздар бригадалары мен театрлардың майданда көрсеткен өнерінен сыр шертетін, кезінде Кеңес Одағы құрамында болған барлық мемлекеттерден жинақталған архив фотосуреттері көрмеге қойылған. Соның ішінде цифрлық жүйеге көшірілген соғысқа қатысқан танымал әртістердің, Қазақстанның белгілі өнер қайраткерлерінің суреттері бар. Майданда өнер көрсеткен театрлардың қойылымдарынан көріністер де молынан орын алған.
Бір айта кетерлігі, Мәскеуде орналасқан Бахрушин театр музейінің тарихы 1894 жылдан басталады. Оның негізін кәсіпкер, меценат Александр Бахрушин қалады. 130 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан музейде бүгінде 1,5 миллионнан астам жәдігер жинақталған. Астанадағы көрме 18 мамырға дейін жалғасады.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ
фото: Данил КОНИЩЕВ