Таңмен таласа аттанған…

2 мыңға жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтыған дәл осы серіктестіктің Астана қаласындағы орны бөлек десек болар. Жаз туа салысымен желі мен жаңбыры көп елорданың қыстағы тіршілігі де белгілі ғой. Мұндайда шаһар тазалығын сақтауда шаршамайтын қызметкерлерді қалай мадақтасақ та жарасар. Расымен де, бір күнде қаладағы сан аймақты бірнеше тонна қоқыстан арылтқан жандардың жұмысы былайғы жұртқа біліне бермейді. Бірақ әр маусымда көше сыпырып, қоқыс теріп, қар аршып, мұз оюмен жанталаса еңбек ететін осы азаматтардың адал жұмысы біздегі кейбір масылға тым тәуір үлгі еді.
Қонағы көп қалада қарекет көп
Айтпағымыз – «Астана Тазалық» деген атауы бар үлкен ұжымның тыныс-тіршілігі. Ауа райының қытымыр уағында күшейтілген режимде жұмыс істейтін мекеменің таңғы 6-дан бастап жұмысқа кірісетінін кейіннен білдік.
Жалпы «Астана Тазалық» ЖШС тарихы 2008 жылдан басталады. Кейінгі 17 жылдан бері барлық маусымда өз жұмысын тек санитарлық-тазалық мақсатында қалыптастырған серіктесік бұрын «Горкомхоз» деп аталған. Ал қазіргі коммуналдық кәсіпорын тазалық жұмысына қатысты міндеттерін жыл сайын күшейтіп, өз қызметкерлеріне қажетті техникалық көліктер мен жабдықтар жылда жаңартып келеді.
«Астана Тазалық» мекемесінде әйелім екеуміз жұмыс істейміз. 10 жылға жуықтады. Басқаға қайдам, өзіміз мақтаныш қылатындай кәсіп бұл. Өйткені жылдың қай мезгілінде де қала тазалығына үлес қосып келеміз. Мекемеде жұмысшыларды тасымалдау көлігі бар. Кейбір қызметкерлерге тегін жол жүру билеті берілген. Өзім соны қолданамын. Жалпы біздің ұжымның елордадағы тазалық жұмысында ерекше орны бар ғой. Жұмысын дұрыс атқарумен қатар, қарамағындағы барлық қызметкердің жағдайын да назардан тыс қалдырған емес. Жалақы тұрақты, маусымдық киім мен тазалық құралдары уақытында беріліп тұр. Екі балам бар, осы жұмыс арқылы өсірдік, жеткіздік. Немере де сүйіп отырмыз» деп ағынан жарылды жол жұмысшысы Мамыр Қалымбек.
Мамыр ағаның айтуынша, елорда тұрғындары тазалыққа әбден төселген. Бұрынғыдай емес, жастар да, ересектер де қоқыстың шашылып жатқанына бей-жай қараған емес.
Түрлі қызметі бар 400 техника
«Астана Тазалық» кәсіпорнында 2 мыңға жуық адамнан бөлек, 400-ден астам түрлі техника бар. Бәрі тазалық жұмысына бейімделген. Тіпті өндірістен соған арнайылап шығарылғандары да жеткілікті. Яғни қыста қар итеруден бөлек, жаздыгүні шаң басып, су себетін түрлі көлік сап түзеп түр.
«Көлік жүргізгеніме біраз жыл болды. Дұрысы, 15 жылдан бері бұл салада еңбек етіп келемін. Басты міндет – қала жолдарының тазалығы. Ал оған қатысты арнайы техниканы жүргізу тіптен қызық. Мысалы, өзіңіз көргендей, ең алдымен, ортаңғы жолақпен арнайы техника су шашып өтеді. Ал мен жүргізетін көлікте орнатылған су шашу құрылғысы жуылған асфальт бетіндегі топырақ пен майда тастарды шетке қарай, яғни бордюрге дейін тақап жауады. Ал менен кейінгі жүретін көлікте арнайы шаңсорғыш орнатылған. Ол барлық жол жиегіндегі шаң мен майда тастарды жағалай жүріп «жұтып» алады. Жалпы мұндағы көліктер әр маусым сайын өзгеріп отырады. Қыста қар итеретін немесе сыпырғышпен жабдықталса, жаздыгүні басқа тазалық құрылғылар орнатылады» дейді жүргізуші Мұрат Ергембаев.
Ал серіктестіктің өндіріс-техника бөлімі басшысы Ержан Айтмаханұлының сөзінше, мекемеге Германия және Италия мемлекетінен қар тазарту жұмысына қажетті соңғы үлгідегі үлкен 10 техника алыныпты. Осындай жаңартудың арқасында қысқы мезгілде тұрғындардың қауіпсіздігі артқан.
«Кәсіпорынның бір міндеті – мекемені заманауи тазалық көліктерімен жаңғырту. Сондай-ақ қызметкерлерімізге әр маусым сайын арнайы киім мен құрал-сайман өз уақытында беріледі. Жол тазалау жұмысшылары мен көлік жүргізушілеріне бір мезгіл ыстық тамақты ұйымдастыруды қолға алдық. Сондай-ақ өткен жылы біздің тазалық мамандары шет мемлекеттерде болып, тәжірибе алмасудан да өтіп келді. Жалпы өз қызметкерлеріміздің білігін арттыру мақсатында түрлі семинар, тренинг ұйымдастырып отырамыз» дейді Е.Айтмаханұлы.
Мекеменің Алматы ауданы бойынша шебері Жеңіс Ермековтің айтуынша, мекеменің әр ауданда өзіне бекітілген көшелері мен көпірлері бар. Ал оның тазалығына асқан жауаптылық керек.
«Айталық, бүгін Алматы ауданындағы №40 аспалы көпір немесе Рақымжан Қошқарбаев көшелерін тазалау қажет болса, оған қажетті бір күн бұрын арнайы көлік тізімі беріледі. Яғни 5-6 арнайы жабдықталған «тазалықшы» машиналар таңмен таласа белгілі мекенжайға келіп, жұмысын бастайды. Жолға су себеді, жиекке жиналған құм аралас топырақ қажетті техникамен сорып алады. Қолмен жуылатын нысандарға жол жұмысшылары көмектесіп, арнайы автоматты суатқышты да іске қосамыз. Қазір елордада құрылыстың басталған уақыты емес пе?! Оған қажетті тиісті материалдар, құм, бетон немесе басқа да материалдар тасымал кезінде жолды бүлдіретіні анық. Мұндай уақытта біздің қызметкерлерде де қарбалас көбейеді» дейді ол.
Серіктестіктің көлік жүргізушісі Дәулет Наурызбаев 20 жылдан бері түрлі техника жүргізеді.
Көбіне жүк көліктерін тізгіндейді. Ол «мұндай үлкен қалада бір күн тазалықты тоқтату үлкен қателікке алып келетінін» айтады.
«Жалпы тазалық көліктерін жүргізу сырт жұртқа оңай көрінер. Бірақ мұның да өзіне тән ережесі бар. Арнайы оқыту курсынан сабақ алуға тиіссің. Ал күнделікті жұмыста рульге отырмас үшін медицина тексерісінен өтесің. Одан соң механиктермен бірлесіп, сол күнгі жұмысқа көлігіңнің дайындығын тағы бір тексеріп алу керек. Артынша өзіңе бекітілген ауданның маршрутын алып, күні бойы Астана тазалығын сақтау жолында еңбек етуге кірісесің. Бұл – күнделікті айналып келіп жатқан жұмыс. Тоқтатуға болмайды. Мысалы, жолда майда қиыршық тас жатыр дедік. Оны сыпырып, арнайы шаңсорғышпен тартып алмасаң, ол көлік ағыны көп Астанада әрлі-берлі ұшып, кейбір жеңіл көліктердің алдыңғы әйнектеріне зақым келтіріп те жатады. Міне, осындай кішкентай нәрсенің өзі үлкен мәселеге әкелмес үшін күні-түні еңбектенуге тура келеді» дейді Дәулет.
Жас буын қызығып келеді
Бүгінде «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында түрлі шаралар легі жүріп жатқаны белгілі. Бір ғана мысал, Астанадағы техникалық оқу орнында оқып жүрген студенттер түрлі өндіріс пен кәсіпорынның ішкі жұмысын көруге жиі аялдап жүр. Әсіресе өз мамандығына қатысы бар ортаны көруге ұмтылған жастар легі көп. Техникалық мамандықтарға жас буынның ынтасын арттыруға басты себеп те атаулы жылға арналған қолдау мүмкіндіктері еді.
«Қыста «Астана Тазалық» кәсіпорнында қаланың бір топ жастары болды. Елордадағы Жоғары көлік және коммуникация колледжінде оқитын олар кәсіпорын күнделікті қызметімен және саладағы жұмысшы мамандармен танысты. Өйткені мекеменің қала тазалығын сақтауда ерекше рөлі бары белгілі. Сондай-ақ қаладағы №28 мектеп-лицейдің 9-сынып оқушыларына да «Ашық есік» күнін өткіздік. Ал келген болашақ мамандарға кәсіпорынның арнайы техникалары мен диспетчерлік қызметтің жұмысы көрсетілді. Қала әкімдігі мен «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының бастамасымен өткен арнайы экскурсияда заманауи тазалық техникаларының жұмысын айтып бердік. Бұған қосымша келген студенттер мен оқушылар келешекте жұмыс істейтін мамандығына қатысты біздің қызметкерлерден кеңес алып, пікірлесті» дейді серіктестіктің ресми өкілі Қымбат Бақыткелді.
Қымбаттың айтуынша, ұжым жұмысымен танысуға келген болашақ техникалық маман иелеріне тазалықшы қызметкерлерден бөлек, көлік жүргізушілер, механиктер және диспетчерлердің қызметі көрсетілген. Күнделікті жүргізушілерге арналған медицина тексерісі, көліктердің жұмысқа жарамдылығына рұқсат беру, тазалық аймағына қатысты жол жүру бағдары, сондай-ақ қажетті техникалардың түрлері мен жабдықтар туралы да мол мәлімет беріліпті.
Ержан ҚОЖАС