8,5 млрд теңгеден астам қаржы экологиялық жобаларға бағытталды

Қазақстанда қоршаған ортаны қорғау шаралары күшейтіліп келеді. «Жасыл даму» АҚ ормандарды қорғау және жануарлар дүниесін қорғау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын дамыту жобаларын 8,5 млрд теңгеден астам сомаға қаржыландырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
6,19 млрд теңгеден астам қаржы орман өрттерін ерте анықтау жүйесін сатып алуға бағытталды. Қаражат «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы бөлінді. Заманауи бағдарламалық-аппараттық кешен еліміздің бірнеше өңірінде енгізілді:
- Ақмола облысында – «Куйбышев орман шаруашылығы» КММ, «Бұқпа орман шаруашылығы» КММ, «Ақкөл орман шаруашылығы» КММ, «Краснобор орман шаруашылығы» КММ және «Кеңес орман шаруашылығы» КММ;
- Астана қаласында – «Жасыл аймақ» ШЖҚ РМК;
- Қостанай облысында – «Наурызым мемлекеттік табиғи қорығы» РММ.
Жүйе ормандардың жағдайын тұрақты бақылауға және өрт ошақтарын жедел анықтауға арналған. Ұйым өкілдері бұл технологияны енгізу өрт қауіпті маусымда орман және дала өрттерінен келетін залалды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сонымен қатар, кәдеге жарату алымы қаражаты есебінен «Жасыл даму» АҚ табиғатты қорғау құрылымдарының материалдық-техникалық базасын дамытуға 2,41 млрд теңге бөлді. Қаражат техникалық регламентте белгіленген экологиялық талаптарға сай отандық техниканы сатып алуға жұмсалды. Тізімге толық жетекті жол талғамайтын көліктер, өткізгіштігі жоғары жүк автомобильдері (оның ішінде рефрижератор-тушевоздар), сондай-ақ тіркемелі жабдықтары бар дөңгелекті тракторлар кірді. Барлық техника жануарлар дүниесін қорғау, көбейту және пайдалану жұмыстарымен айналысатын арнайы ұйымдарға берілді.
«Жасыл даму» АҚ табиғатты қорғау жобаларын қаржыландыру бойынша жүйелі жұмысты жалғастыратынын атап өтті. Алдағы уақытта заманауи технологияларды енгізу, инфрақұрылымды жаңғырту және қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға бағытталған бағдарламаларды кеңейту жоспарлануда.