700 студент еңбек адамына арналған гимнді орындады

Астанадағы Сервис және туризм колледжінің 700 студенті еңбек идеологиясын дәріптеу мақсатында Жұмысшы мамандықтары жылы аясында «Еңбек адамы» әніне бейнебаян түсірді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Қазақстан халқына Жолдауын жариялау кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «… біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз» деген болатын. Осы орайда, Астана қаласы әкімдігінің Сервис және туризм колледжінің 700 студенттерден құрылған хор және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Мәдениет саласының үздігі» Арайлым Рахым ерекше әлеуметтік жобаны жүзеге асырып, колледждің гимніне айналған «Еңбек адамы» әніне бейнебаян түсірді. Әннің сөзін Қуат Ежембек, ал музыкасын Арман Қуандық жазған.
Жобаның мақсаты – жастар арасында еңбек адамының идеологиясын ұлықтау, еңбекқорлық пен кәсіптік құндылықтарды дәріптеу, сондай-ақ жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы маңызын насихаттау болды.

Бейнебаян колледждің шеберханаларында, колледж жанында орналасқан жылыжайда түсірілді.
Бұл бейнебаян – еңбек адамына арналған шынайы құрмет! «Еңбек адамы» – әр күнін адал еңбекпен, жауапкершілікпен және табандылықпен өткізетін қарапайым мамандардың рухын ұлықтайтын ән. Бұл клиптің мақсаты – жастар арасында еңбек идеологиясын дәріптеу, кәсіптік және техникалық мамандықтардың қоғамдағы рөлін айшықтау, еңбекқорлықты тұлғалық басты құндылық ретінде көрсету.
Клипке қатысқан әр студент – болашақ шебер, болашақ маман, болашақ еңбек иесі. Бейнебаян – бірлік, рух, жігер және кәсіби мақтаныштың айқын көрінісі.





