60 шақырымнан астам жол жөнделмек

Былтыр Қазақстанда қайта салынған және жөнделген жолдың ұзындығы 12 мың шақырымды құрапты. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ал құрылыс кезінде 25 мыңнан астам адам мен 10 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылған.
Жол инфрақұрылымы – өте маңызды әрі күрделі сала. Кез келген мемлекеттің дамуы жол сапасымен бағаланады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр өз Жолдауында «Көлік-логистика секторын дамыту – стратегиялық мәні айрықша басымдық. Еліміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан. Бұл – бізге әлемдік бәсекеде зор мүмкіндік беретін артықшылық. Сондықтан көлік инфрақұрылымына салынып жатқан әрбір инвестиция өзін-өзі ақтайтыны сөзсіз. Біз кейінгі ұрпаққа жоғары сапалы авто және теміржолдарды қалдыруымыз керек» деген еді.
Артынша Мемлекет басшысының тапсырмасымен елдің барлық өңіріндегі жолдарды қайта жаңарту және жаңа жобалармен көптеген ауқымды жұмыстар атқарыла бастады. Республикалық маңызға ие автобандардан бөлек, облыстық, аудандық маңыздағы жолдардың сапасы бұрынғыдан артқан.
Жол демекші, өзге аймақтардан келетін қонақтардан бөлек, шет мемлекеттерден туристер арылмайтын Астана қаласында да бұл саладағы жұмыстар көңіл қуантарлықтай. Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, елордадағы жолдардың сапа көрсеткіші жылдан-жылға артып келеді.
«Биыл қала аумағында жалпы ұзындығы 60 шақырымнан асатын 50-ден астам көшеде орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланды. Қазір 24 көшеде жалпы ұзындығы 30 шақырымға тең жөндеу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар 13 көшеде ұзындығы 15 шақырым болатын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазір қаладағы 200-ден астам көшеде шұңқырларды жөндеу, 30 учаскеде маршруттық жөндеу жұмыстары жүрді. 50 көшеге фрезерленген материал төселіп, 30 учаскеде апатты жұмыстардан кейін жол жабындысы жөнделді» дейді Астана қаласы Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бас маманы Серікболсын Жалғасов.
Оның айтуынша, жол құрылысынан бөлек, автобус аялдамаларының арнайы алаңдары құрылып, маршруттардың соңғы және айналым пункттерінің құрылысы жүргізілуде. Одан басқа, 10 тротуар құрылысы салынып, оның ішінде Қорғалжын және Алаш тасжолында аталған нысандар пайдалануға берілген.
«Елордаға кіретін басты көлік бағытының бірі – Алаш шоссесінде орташа жөндеу жұмыстары сәтті аяқталды. Бұл жол бөлігінде қозғалыс жүктемесі жоғары, сондай-ақ сауда орындары мен базарлар көп орналасқан. Орташа жөндеу аясында асфальтбетон жабынының екі қабаты толық жаңартылды. «Биг Шанхай» сауда үйі маңындағы 500 метрлік жол 4 жолақтан 6 жолаққа дейін екі бағытта кеңейтіліп, 69-көшеден «Бүкір көпірге» дейінгі аралықта екі жақ беттен тротуар салынды. Жол белгілері мен жолақтар жаңартылып, асфальт төселді. Қазіргі уақытта жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында «Нью Джерси» үлгісіндегі қоршау орнатылуда. Бұл – елордадағы жол инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі» деп жазады өз әлеуметтік желідегі парақшасында Amanat партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек.
Жалпы Астана халқының өсімі қаладағы барлық жолдың ұлғаюына және қоғамдық көліктердің артуына бірден-бір себеп болатыны анық. Осындай талап үдерісінен шығу үшін елорда билігі алдымен тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігін бірінші орынға қойып отыр. Қазірдің өзінде қаладағы барлық жолдар, тротуарлар, қоғамдық көлік қызметіне тиесілі автопарктерді талапқа сай жаңартуды қолға алған.