Жәрмеңкеде екі облыстың фермерлері өнімдерін ұсынады

Елордада 6-7 қыркүйек аралығында Жамбыл және Ұлытау облыстарының тауар өндірушілерінің қатысуымен өңірлік ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жәрмеңкеде Жамбыл және Ұлытау облыстарының шаруалары ет, балық, сүт өнімдері, сондай-ақ көкөніс пен жеміс-жидектің кең таңдауын ұсынады. Өнімдердің фермерлерден тікелей жеткізілуі азық-түліктің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, отандық өндірушілерді қолдауға да ықпал етеді.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері Астанаға 350 тоннадан астам өнім әкеледі. Оның ішінде 150 тонна көкөніс пен жеміс-жидек, 80 тонна ет пен ет өнімдері, 50 тонна бақша өнімдері, 30 тонна сүт өнімдері, 11 тонна балық, 6 мың дана жұмыртқа және 30 тоннадан астам басқа да азық-түлік болады.
Елорда тұрғындары мен қонақтары фермерлерден өнімді тікелей сатып алумен қатар, өңірлердің шығармашылық ұжымдары өнер көрсететін концерттік бағдарламаны тамашалай алады.
Жәрмеңке сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.
Айта кетейік, биылғы жәрмеңке «Қазанат» ипподромы автотұрағының аумағында (Қарқаралы тас жолы, 1 мекенжайы) өтеді.
Сонымен қатар жәрмеңке өтіп жатқан кезеңде қала тұрғындары мен қонақтарының ыңғайлылығы үшін №18, №37 және №303 автобус бағыттары қатынайтын болады.