4000 бала лагерде демалады

Астана қаласы әкімінің орынбасары, елорда әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демография саясаты жөніндегі комиссия төрағасы Есет Байкеннің қатысуымен комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда ана мен баланың әл-ауқаты, жастардың денсаулығы, бос уақытты тиімді ұйымдастыру және қосымша білім беру мәселелері талқыланды.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәз Досмырзаеваның айтуынша, 12-18 мамыр аралығында өткен «Репродуктивті денсаулық апталығы» аясында ұйымдастырылған 238 іс-шараға 8542 адам қатысты. Олардың 4644-і – жасөспірім және 3898-і – жастар.
– Жыл басынан бері медициналық-санитарлық көмек орталықтарындағы психолог мамандарға – 2157, гинекологқа – 1738, дерматовенерологқа – 904, әлеуметтік қызметкерге – 457, урологқа – 1594, педиатрға – 276, терапевтке – 1104 және басқа мамандарға 448 адам жүгінген. Оларға 3554 тегін кеңес беріліп, 44 онлайн іс-шара өткізіліп, әлеуметтік желілерде 26835 адамға дейін қамту жүзеге асты. Бұқаралық ақпарат құралдарында 135 жарияланым шықты. Бұл көрсеткіштер ақпараттандыру мен профилактикалық жұмыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын көрсетеді, – деді ол.
Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржангүл Қайырбаева балалар мен жасөспірімдердің қосымша біліммен қамтылу көрсеткіші 86,3%-ды құрайтынын, яғни 262,2 мың баланы қамтитынын айтты.
– Қалада 13 ұйым, 8 қоғамдық орталық, 132 филиал жұмыс істейді. Олардың қатарында «Tanym» креативті технологиялар орталығы, «Bilim park» қосымша білім беру орталығы, «Sana» шығармашылық орталығы, «Art is forever» көркемсурет мұражайы, «Koktal junior hall» спорт-шығармашылық орталығы және 2 Оқушылар сарайының филиалы бар. 2029 жылға дейін тағы 15 жаңа нысан салу жоспарланған. Бұл 17000 баланы қамтиды. 2025 жылы жекеменшік қаржы есебінен 2 Оқушылар сарайы іске қосылды, 5 сарайдың құрылысы басталды, мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 1440 орын бөлінді, – деді ол.
Жазғы кезеңде 92 мектеп жанында бастауыш сынып оқушыларына арналған лагерлер ашылады, 192 бейінді лагерде – 11520, 10 тақырыптық жобада – 142298, 30 киіз үй лагерінде – 38250, «Дидарлы жаз» спорт-ойын алаңдарында 8056 бала қамтылады. «Балалықтың бойтұмары» лагерінде – 1500 бала, әлеуметтік квота бойынша 393 бала демалады. 650,2 млн теңге бюджет қаражатына әлеуметтік осал топтардан 4000-нан аса бала қала сыртындағы сауықтыру лагеріне жіберіледі.