Ел тынысы

3000-нан астам ауыл жоғары жылдамдықты интернетке қосылады

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Қазақтелеком» АҚ 3000-нан астам ауылды интернетке қосу туралы инвестициялық келісім жасасты. Қол қойылған мәміленің арқасында талшықты-оптикалық байланыс желісін салу жобасын іске асыру жоспардан бір жыл ерте – 2026 жылдың соңына дейін аяқталады. Ал шалғай аудандардағы байланыс 2027 жылдың соңына дейін жерсеріктік байланыс арналарымен қамтамасыз етілмек, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Жобаға құйылған инвестициялардың жалпы көлемі 239 млрд теңгеден асады – бюджеттен тыс қаражат. Бұл «Қазақтелеком» АҚ ірі телекоммуникациялық инфрақұрылымын пайдаланудың арқасында мүмкін болды.

Сондай-ақ, ауылдық жерлерде ұялы байланыс базалық станциялары үшін инфрақұрылым күшейтілмек. Бұл нысандарға дейін жеткізіп талшықты-оптикалық желіні төсеу мобильді интернет пен байланыстың сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

«Біз өңірлерді дамытуға тең жағдай жасайтын цифрлық іргетас қалап жатырмыз. Міндетіміз – ауылдарды интернетке қосумен қатар, елді мекендерді елдің цифрлық экожүйесіне енгізу. Бұл білім алу, медицина, мемлекеттік қызметтерге тең дәрежеде қолжеткізудің негізі. Инфрақұрылым тұрақты және ашық түрде жұмыс істегенде, шағын бизнес, ауыл мектептері мен жастарға арналған жаңа кәсіптік бағыттарды дамытуға жол ашады», – деді ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.

«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасының айтуынша, ең бастысы – білім алу, өзін-өзі дамыту мен заманауи технологияларды пайдалануда ауылдағы бала мен қаладағы баланың мүмкіндіктері тең дәрежеде болуға тиіс.

«Біз цифрлық теңсіздікті жоюды еліміздің түкпір-түкпірінен, шалғай жатқан ауылдардан бастадық. Интернетке қол жеткізу – көптен бері сән болудан қалды, бұл халықаралық деңгейде, оның ішінде БҰҰ мен еліміздің Президенті мәлімдегендей, негізгі қажеттілік», – деді Бағдат Мусин.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button