300 жаңа автобус сатып аламыз

Биыл Астана қаласының әкімдігі Қытайдағы Yotong автозауытында шығарылған 300 жаңа автобус сатып алады. Олар экологиялық және үнемді газбен жүреді. Бұл туралы шетелге іссапарының қорытындылары туралы Астана мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден мәлім етті.
«Елорда мәслихатының депутаттары мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірлесіп, ҚХР-дың бірқатар компаниясына жұмыс сапарымен барып қайттық. Қытай компаниялары Астананың күнделікті өміріне аса қажетті нысандардың құрылысын жүргізеді. Мысалы, ерекше басымдық берілген жобалардың бірі – жоғары технологиялық күл-қоқыс өртейтін зауыт салу. Бүгінгі таңда қалалық полигонда қатты тұрмыстық қалдықтар сұрыпталып, арнайы жерлерге сақтауға жөнелтіледі. Ал жаңа кәсіпорынды іске қоссақ, күл-қоқыс өртеліп қана қоймай, электр қуатын өндіруге мүмкіндік береді. Ал өртелгеннен қалған күл құрылыс материалы болып қайта өңделеді» деп түсіндіріп жазды Т.Зейнұлқабден әлеуметтік желідегі парақшасында.
Мәслихат төрағасы биыл бас қалада екінші канализациялық тазарту қондырғысының құрылысы басталғанын хабарлады.
«Міне, осы құрылысқа Қытайда көптен бері тәжірибеде бар жаңа технологияларды қолданамыз. Бұған қоса, осы жоба арқылы шөгінді тұнбаларды жою қарастырылған» деп жазды Т.Зейнұлқабден.
Сондай-ақ іссапар барысында Астанаға жаңадан 300 автобус сатып алу мәселесі де шешімін тапқаны мәлім болды.
«Биыл елордаға үнемді және экологиялық отын – газбен жүретін Қытайдағы Yotong автозауытында шығарылған 300 жаңа автобус сатып аламыз. Депутаттық корпустың бастамасымен мәслихатта өткен жиындардың бірінде айтылған бұл мәселе бірауыздан қолдау тапты. Біз басқа көлікті емес, газбен жүретін осы автобусты таңдадық. Астана аталған зауытпен 5 жылдан бері ынтымақтастық қарым-қатынас орнатты. Біздің климаттық жағдайларымызға жақсы бейімделген автобустар қала тұрғындары мен қонақтарының алдында тиімділігі мен жайлылығын дәлелдеді. Ал кәсіпорын қазір әлемдегі қоғамдық көлік шығарудан және сатудан көшбасшы» деп толықтырды сөзін мәслихат төрағасы.