Құқық

Алимент төлеуден жалтарған борышкерлермен күрес қалай жүреді?

Кәмелетке толмаған балаларды асырауға арналған алименттерді төлеу – ата-ананың негізгі борышы, бұл мәселе прокуратура органдарының тұрақты бақылауында. Алимент өндіру шаралары туралы Нұра ауданының прокуроры Құдірет Ақылбек қалалық Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша, Нұра ауданына бекітілген жеке сот орындаушыларының өндірісінде 1980 алимент борышкері бар. Оның ішінде 600-ден астамы (30%) – үш айдан астам мерзімге берешек. «Егер борышкер төлемдерді кешіктірсе, оған қаржылық санкциялар қолданылады. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 171-бабына сәйкес, алимент төлеуден жалтарған жағдайда, борышкер алимент алушыға төленбеген соманың әрбір кешіктірілген күні үшін оннан бір пайыз көлемінде өсімпұл төлейді. Сонымен қатар, алимент алушы төлемнің кешіктірілуінен келген шығындарды (өсімпұлмен өтелмеген бөлігін) борышкерден өндіріп алуға құқылы», – деді аудан прокуроры.

Бұдан бөлек, алимент төлеуден жалтарғандарға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Яғни, сот шешімін орындамағаны үшін борышкерге 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынады немесе 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады. Егер борышкер бірнеше ай бойы талаптарды елемей, төлемнен жалтарса, онда ол қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, алимент өндіру туралы сот актісін орындаудан жалтаруға келесілер жатады:

• негізсіз себеппен бір ай ішінде жұмыс іздеуші ретінде тіркелуге жүгінбеу; • тіркелгеннен кейін ұсынылған бос жұмыс орнынан екі немесе одан көп рет бас тарту; • табысын немесе мүлкін жасыру; • жұмыс орны, кәсіпкерлік табыс туралы мәлімет бермеу; • алимент төлеуден жалтару мақсатында мүлікті басқа біреуге рәсімдеу; • ақша мен мүлікті басқа мақсатқа пайдалану. Прокуратура бұл салада жан-жақты қадағалау жүргізеді: • Мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын уақытылы қабылдамаған жеке сот орындаушылар палатасына ұсыныстар енгізіледі. • Алимент төлеуден жалтарған тұлғаларға қатысты әкімшілік істер қозғалады (ҚР ӘҚБтК 669-бап). • Зұлымдықпен жалтарған жағдайларда Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша қылмыстық іс қозғау мәселесі қаралады. Сонымен қатар, прокуратура азаматтарды жеке және көшпелі қабылдауларды ұйымдастырып, алимент төлемдеріне қатысты шағымдарды жедел қарастырады. Сот орындаушылар және полициямен бірлескен рейдтер өткізіледі.

-Халық арасында түсіндіру жұмысы жүйелі түрде жүргізіледі: баланы асырау – тек заң алдындағы емес, адамгершілік жауапкершілік екені еске салынады. «2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Нұра ауданы прокуратурасының бастамасымен 5 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды, тағы 4 қылмыстық іс қаралуда. Прокурорлық шаралар арқылы 170 атқарушылық іс аясында 258 баланың құқығы қорғалды», – деді спикер.

Қаржылық қиындық туған жағдайда жасырынып қалмай, жұмыспен қамту орталығына жүгініп немесе төлемді бөліп төлеу туралы келісім жасау қажет.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button