2026 жылы елімізде не өзгереді?
Жыл басы еліміздің өмірінде өзгерістермен басталатыны анық. Қалыптасқан дәстүрмен 2026 жылдың негізгі өзгерістеріне шолу жасадық. Биыл да зейнетақы мен жәрдемақы көлемі өседі. Біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану шегі де көтеріледі. Мобильді аударымдарды бақылауға қатысты жаңа ережелер күшіне еніп, байлыққа салық салынады. Жаңа баспананы тек банк арқылы ғана сатып аласыз.
Мобильді аударымдар қалай бақыланады?
Жаңа жылдан бастап мобильді аударымдарды тексеру кезінде нақты 3 талап ескеріледі. Мысалы, бір адамға 100 адамнан 3 ай қатарынан жалпы сомасы 1020000 теңге аударылса, мұндай қаржы операциясы – кәсіпкерлік кіріс.
«Осы үш критерийдің бәрі болуы керек. Егер критерийлер бөлек болса, онда біз бақылауға алмаймыз. Иә, біз туыстарымызға, балаларымызға және достарымызға бәріміз ақша аударамыз, бұл орайда ешқандай сұрақ жоқ. Ал егер кәсіпкерлік қызмет болса, онда іс-шаралар қабылданады» деп түсіндіреді Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов.

Яғни адамның жеке шотына 3 ай қатарынан 100 түрлі адамнан 1 млн 20 мың теңгеден астам ақша түссе, ондай операциялар кәсіпкерлік кіріс белгісі бар әрекет ретінде қарастырылады.
Зейнетақы 10 пайызға өседі
Биыл әлеуметтік төлемдерді есептеуге арналған негізгі көрсеткіштер ұлғаяды. Мәселен, зейнетақының ең төмен мөлшері көтерілгенде одан аз зейнетақы төлеуге болмайды. Бұдан бөлек, халыққа әлеуметтік көмек бергенде ең төменгі күнкөріс деңгейі ескеріледі. Зейнетақының ең төменгі мөлшері – 69049 теңге (2025 жылы – 62771 теңге); ең төменгі мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі – 35596 теңге (2025 жылы – 32360 теңге); айлық есептік көрсеткіш – 4325 теңге (2025 жылы – 3932 теңге); ең төменгі күнкөріс деңгейі – 50851 теңге (2025 жылы – 46228 теңге); ең төменгі жалақы 85000 теңге (2025 жылы тура сондай) көлемінде болады. 2026 жылы ең төменгі жалақының көлемі өзгермейді. Үкімет оны алдағы 3 жылда қарастырады. Ал айлық есептік көрсеткіш өскеннен кейін айыппұлдардың көлемі артады. Дәл осы көрсеткішпен жәрдемақылар да басқаша есептеледі.
Жөргекпұлдың мөлшері қандай болады?
Биыл бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы көбейеді. Мәселен, бірінші, екінші және үшінші балаға – 164350 теңге (38 АЕК); төртінші және одан кейінгі балаларға – 272475 теңге (63 АЕК). Ал егіз, үшем немесе төртем болса, мемлекеттік жәрдемақы әр балаға жеке-жеке есептеледі. Бұдан бөлек, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаған жұмыс істемейтін әйелдерге бала 1,5 жарым жасқа толғанша ай сайын төлемақы беріледі. Оның көлемі мынадай: бірінші балаға – 24912 теңге (5,76 АЕК); екінші балаға – 29465 теңге (6,81 АЕК); үшінші балаға – 33951 теңге (7,85 АЕК); төртінші және одан кейінгі балаларға – 38503 теңге (8,9 АЕК). Декретке дейін жұмыс істеген әйелдердің бала күтіміне байланысты алатын ай сайынғы әлеуметтік төлемі бөлек есептеледі. Оның мөлшері бала туғанға дейін соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызын құрайды.
Жинақтарды пайдалану шегі өсті
2026 жылдан бастап зейнетақының ең төменгі мөлшері мен ең төменгі күнкөріс деңгейі өскеннен кейін зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткілікті шегі де орта есеппен 10 пайызға ұлғаяды. Осылайша былтыр 30 жастағы адамның біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану шегі 4580000 теңге болса, биыл бұл көрсеткіш 5120000 теңге болады.
Жарналар бюджеттен төленеді
Биыл 1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысты маңызды өзгерістер күшіне енді. Бұдан былай 1 млн-нан астам қазақстандықтардың жарналары жергілікті бюджет есебінен төленеді. Қазір елімізде 3,3 млн адам МӘМС жүйесінен тыс қалған. Соның ішінде 2,4 млн азаматтың өмір сүру деңгейі орташа және қанағаттанарлық болса, 1 млн азаматтың табысы төмен. Осы санат үшін жарналарды төлеу міндеті жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі. Ресми тіркелген жұмыссыздар үшін де МӘМС жарнасын әкімдіктер төлейді. Сондай-ақ 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘМС жүйесіне кемі 5 жыл бойы тұрақты жарна төлеген азаматтардың мәртебесі төлем уақытша тоқтаған жағдайда да 6 ай бойы сақтандырылады.

Реформа қалай іске асады?
1 қаңтардан бастап Қазақстанда салық реформасына қатысты өзгерістер жүзеге асырылады. Мәселен, салық саны 20 пайызға азаяды, ал жеңілдіктер мен алымдар оңтайландырылады. Енді Салық кодексінің негізгі жаңалықтарына келейік. Биыл қосылған құн салығының (ҚҚС) жаңа базалық мөлшерлемесі – 16 пайыз; қосылған құн салығы бойынша міндетті есепке қою үшін айналымның төменгі шегі 10 мың айлық есептік көрсеткішке (40 миллион теңге) дейін төмендетіледі. Сондай-ақ дәрі-дәрмек пен медицина қызметтеріне төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі белгіленді (2026 жылдан – 5 пайыз, 2027 жылдан – 10 пайыз). Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорынан (БЖЗҚ) төленетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан босатылады. Сонымен қатар пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан автокөліктерге көлік салығы төмендетілді. Мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік салықтық шегерімдер 882-ден 5000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Ал арнаулы салық тәртібі оңтайландырылды. Оны тек өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, оңайлатылған декларация негізінде жұмыс істейтіндер және шаруа қожалықтары қолдана алады. Тағы бір өзгеріс – биыл көпбалалы отбасыларға салық жеңілдіктері жойылады.
Байлық салығы қалай есептеледі?
Жаңа Салық кодексінде байлыққа салынатын салық та бар. Ол «жеке табыс салығының прогрессивті мөлшерлемесі» деп аталады. Биылдан бастап жылдық жалпы табысы 8500 айлық есептік көрсеткіштен (2026 жылы – 36,7 млн теңге) асатын азаматтарға 15 пайыз мөлшерінде салық салынады. Бұдан бөлек, 10 пайыз акциз түрінде салық қымбат өнімдерге салынады. Ондай өнімдер: құны 75 миллион теңгеден асатын автокөліктер; құны 100 миллион теңгеден асатын кемелер; әр литрінің құны 500 мың теңгеден асатын алкоголь өнімі; әр данасының құны 10 мың теңгеден асатын темекі өнімдері. Сондай-ақ жалпы құны 450 миллион теңгеден асатын жылжымайтын мүліктің салығы көтеріледі. Байлық салығы кәсіпкерлерге емес, тек жеке тұлғаларға салынады. Ал 150 мың теңгеге дейін жалақы алатын жұмысшылар табыс салығынан босатылады.
Әлеуметтік азық-түлік тізімі ұлғайды
Қазіргі кезде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіміне 19 тауар кіреді. Олар: ұн (I сұрып), осы ұннан жасалған нан, макарон, қарақұмық жармасы, күріш, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қант, күнбағыс майы, сиыр еті (жауырын мен төс еті), құс еті, пастерленген сүт (2,5%), айран (2,5%), сары май, жұмыртқа (I санат), тұз бен ірімшік (5-9%). Дәл осы тауарларға 15 пайыздан артық үстеме баға қосуға болмайды. 6 қаңтардан бастап әлеуметтік азық-түлік тауарлары тізіміне тағы 14 тауар қосылды. Солардың қатарында қызанақ, қияр, алма, сиыр еті (сүйегімен бірге), тартылған ет, қой еті (сүйегімен бірге), жаңа ауланған және тоңазытылған балық, ультрапастерленген сүт, қаймақ, қатты ірімшік пен қара шай бар. Осы тауарлардың баға үстемесіне қатысты шектеу 3 айға енгізілді. Бұл мерзім әрі қарай да ұзартылуы мүмкін.

Айыппұлдар өсіп, сақтандыру қымбаттайды
1 қаңтардан бастап жол ережесін бұзғаны үшін айыппұлдар көлемі өседі. Мысалы, ең жиі кездесетін 5 АЕК көлеміндегі айыппұл – жылдамдықты 10-20 шақырым/сағ-қа арттырғаны үшін, қауіпсіздік белдігін тақпағаны, шлемсіз жүргені үшін, тоқтау мен тұрақ ережесін бұзғаны үшін салынатын айыппұл 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 21625 теңгеге дейін өседі (бұрынғы мөлшері – 19660 теңге). Бағдаршамның қызыл шамынан өтіп кету, жылдамдықты 20-40 шақырым/сағ-қа арттыру, мүгедектерге арналған орындарға заңсыз көлік қою немесе жаяу жүргіншіні жолақта өткізбеу сынды ереже бұзушылыққа салынатын 10 АЕК көлеміндегі айыппұл 2026 жылдан бастап 43250 теңгеге дейін өседі (бұрынғы мөлшері – 39320 теңге). Ал көлік жүргізу құқығынан айырылған адамның рульге отыруы немесе жол-көлік оқиғасы орнынан кетіп қалу сияқты бұзушылықтарға тағайындалатын 50 АЕК айыппұл 196600 теңгеден 216250 теңгеге дейін артады. 1 қаңтардан бастап утильалымның базалық мөлшерлемесі 50 АЕК-ке дейін өсіп, 196600 теңгеден 216250 теңгеге жетеді. Соның нәтижесінде: 1000 см³-қа дейінгі жеңіл көлік үшін ең төменгі төлем 324375 теңге болады, 1001-2000 см³ – 756875 теңге, 2001-3000 см³ – 1081250 теңге, 3 литрден жоғары – 2486875 теңге. Электромобиль импорттаушылары үшін утильалым бұрынғыдай нөлдік мөлшерде қалады. Автокөлікті бастапқы тіркеу үшін алынатын алымның ең төменгі мөлшері (0,25 АЕК) 983 теңгеден 1081,25 теңгеге дейін өседі. 3 жылға дейінгі көліктерді тіркеу үшін төленетін 50 АЕК, 196600 теңгеден 216250 теңгеге дейін көтеріледі. Ал жасы 3 жылдан асқан көліктерге арналған ең қымбат бастапқы тіркеу (500 АЕК) 1966000 теңгеден 2162500 теңгеге жетіп, шамамен 200000 теңгеге артады. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап автокөлікті сақтандыру құны да өзгереді. Себебі базалық сақтандыру сыйақысы да АЕК-ке байланысты есептеледі (2025 жылы 1,9 АЕК – 7470,8 теңге). Сонымен қатар қаржы реттеушісі жүргізушілерді сақтандыру класы бойынша кейбір түзету коэффициенттерін қайта қарауды жоспарлап отыр. Бұл коэффициенттердің қандай болатыны әзірге белгісіз, бірақ сақтандыру полисінің құны міндетті түрде өзгереді.
Баспана алатындар нені білуі керек?
2026 жылдан бастап Қазақстанда жылжымайтын мүлік нарығына қатысты бірқатар маңызды жаңашылдық күшіне енеді. Қолма-қол есеп айырысуға тыйым салынады. 2026 жылдан бастап салынып жатқан үйден пәтерді тек банк арқылы, қолма-қол емес есеп айырысу жолымен ғана сатып алуға болады. Қолма-қол төлемге толық тыйым салынады. Сонымен қатар үй салушылар пәтерді тек бірыңғай оператордың кепілдігі немесе әкімдіктің рұқсаты болған жағдайда ғана сата алады. Осындай шарттар орындалса, үлестік қатысу шарты (ДДУ) жасалады.
Төлен ТІЛЕУБАЙ


