2026 жыл: Әлемдік тәртіптің жаңа дәуірі

2026 жыл әлем үшін «қалыпты даму» кезеңі бола қоймайтыны анық. Соңғы жылдары қалыптасқан геосаяси қайшылықтар, соғыстар, санкциялар, энергетика дағдарысы мен технология бәсекесі халықаралық жүйенің іргетасын шайқалтып үлгерді. Алдағы жыл сол өзгерістердің нақты салдары көрінетін, жаңа күш тепе-теңдігі қалыптасатын кезең болмақ, яғни бұл бұрынғы ережелердің әлсіреп, жаңа тәртіп әлі толық орнықпаған өтпелі дәуір сипатымен ерекшеленбек.
Баяу өсім және жоғары тәуекел
Әлемдік экономикалық жағдай тұрғысынан алғанда, 2026 жыл да тұрақтылық кезеңі болады деу қиын. Инфляция қысымы, өндіріс тізбегінің үзілуі, қаржы нарығындағы белгісіздік пен мемлекеттердің протекционистік саясаты жаһандық экономиканың баяулауына әкелуде. Бұл үрдістер дамыған елдер мен дамушы мемлекеттер арасындағы алшақтықты тереңдетіп, жаңа экономикалық орталықтардың қалыптасуына жол ашуы мүмкін. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бағалауынша, жаһандық экономикалық өсім баяулай түседі: 2025 жылғы 3,2 пайыздан 2026 жылы 2,9 пайызға дейін төмендеуі мүмкін. Бұл көрсеткіш, сырттай қарағанда, тым күрделі көрінбеуі ықтимал, алайда оның астарында құрылымдық әлсіздік пен тұрақсыздық жатыр. Өйткені әлемдік экономика бірнеше қысым факторын қатар сезінуде. Бір жағынан, жоғары инфляция халықтың нақты табысын азайтып, ішкі сұранысты тежеп отыр. Екінші жағынан, пайыз мөлшерлемесінің жоғары деңгейі инвестиция белсенділігін шектеп, бизнес үшін қымбат несие дәуірін қалыптастырды. Үшіншіден, саудадағы кедергілер мен жеткізу тізбегінің қайта құрылуы жаһандық нарықты бөлшектенуге итермелеуде.
Уақытша тыныштық, тамыры терең қайшылық
Әлемдегі ең ірі экономикалық қуатқа ие екі ел – АҚШ пен Қытай арасындағы тарифтік сауда соғысы 2026 жылы да халықаралық күн тәртібінің өзегінде қала бермек. Өткен жылдың қазан айында АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин кездесіп, сауда соғысын 12 айға тоқтата тұруға келіскеннен кейін шиеленіс уақытша бәсеңдегендей болды. Алайда сарапшылардың басым бөлігі бұл келісімді ұзақмерзімді бейбіт шешім емес, тактикалық үзіліс деп бағалайды. Себебі тараптар арасындағы басты қайшылықтар – өндіріс, технология, қауіпсіздік және ықпал аймақтары мәселесі – түбегейлі шешілген жоқ. Сондықтан кедендік тарифтер, субсидиялар мен санкциялар 2026 жылы да экономикалық қару ретінде қолданылуы мүмкін. Оның үстіне Қытай мен АҚШ арасындағы текетірес қорғаныс технологиялары, жасанды интеллект, кванттық есептеу және робототехника сияқты жоғары технологиялы салалардағы бәсекені де күрт күшейтті. Технология ХХІ ғасырда әскери қуаттың, экономикалық үстемдіктің және саяси ықпалдың басты өлшеміне айналды. Осы тұрғыдан алғанда, чиптер, деректер орталықтары, алгоритмдер мен зияткерлік меншік үшін күрес – болашақта жаһандық тәртіптің негізін айқындайтын фактор. 2026 жылы бұл жарыс бәсеңдемейді, керісінше, тереңдей түседі.
Инфляция мен қымбатшылық қыса ма?
АҚШ пен Еуропа аймағын қоса алғанда, әлемнің көптеген өңірінде инфляцияның жоғары болуы халықтың тұрмысын қысып, экономикалық тұрақтылыққа қауіп төндіріп отыр. 2025 жылы инвесторларды алаңдатқан қаржы қысымы 2026 жылы да нарықты мазалауын жалғастыруы ықтимал. Пайыз мөлшерлемесінің жоғары деңгейі экономикалық өсімді тежеп қана қоймай, қарызы көп әрі қаржы жағдайы әлсіз елдер үшін ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Мемлекеттік борыштың қымбаттауы кейбір елдерді әлеуметтік шығындарды қысқартуға немесе салық жүктемесін арттыруға мәжбүрлейді. Бұл өз кезегінде саяси тұрақсыздық тәуекелін күшейтеді.
Жасанды интеллект: мүмкіндік пен қауіптің тоғысы
Жасанды интеллектке деген қызығушылық 2026 жылы да сақталады. АҚШ-тың ірі технологиялық компаниялары деректер орталықтарын салу және AI инфрақұрылымын кеңейту үшін жүздеген миллиард доллар инвестиция құйды. Басқа өңірлермен салыстырғанда бұл салаға салынған қаржы көлемі әлдеқайда жоғары, сондықтан ол АҚШ-тың ЖІӨ өсіміне айтарлықтай серпін беруі мүмкін. Алайда нарықтағы оптимизммен қатар күмән артып келеді. Инвесторлар технологиялық компаниялардың шамадан тыс бағалануына алаңдай бастады. Жасанды интеллектке салынған орасан инвестициялардың нақты экономикалық қайтарымы әзірге толық дәлелденген жоқ. Кейбір сарапшылар бұл жағдайды нарықтық көпіршікке теңеп, оның жарылуы жаһандық қаржы нарығында күрт құлдырау тудыруы мүмкін деп қауіптенеді.
Соғыстың сызы сақталады
Ресей мен Украина арасындағы соғыс 2026 жылға қарай жаңа кезеңге өтеді деуге әлі ерте. Қақтығыс ірі серпілістерден гөрі ұзаққа созылған, қажытушы соғыстың сипатын айқын көрсете бастады. Украина әскері негізгі бағыттарда қорғанысты сақтап қалғанмен, Ресейдің біртіндеп алға жылжуын толық тоқтата алмай отыр. Соғыс тактикасы да өзгеруде. Киев Ресейдің энергетика нысандарына соққы беріп, оның қаржы мүмкіндігін әлсіретуге тырысса, Мәскеу Украина тылындағы энергетика мен логистикаға шабуыл жасап, елдің ішкі тұрақтылығын шайқалтуды көздейді. Сондықтан 2026 жылы бұл қақтығыстың ең ықтимал сценарийі – баяу, бірақ тұрақты түрде жалғасатын соғыс. Оның нәтижесі майдан шебінен гөрі экономикалық төзімділікке, ішкі саяси тұрақтылыққа және халықаралық қолдаудың деңгейіне көбірек тәуелді болмақ. АҚШ-тың араағайындығымен жүргізіліп жатқан келіссөздердің болашағы әзірге бұлыңғыр күйінде қалып отыр. Бұған басты себеп – тараптар үшін ең күрделі әрі ымыраға келуі қиын түйін саналатын аумақ мәселесі. Әсіресе Донбасс өңірінің мәртебесі жөніндегі келіспеушіліктер тек әскери ғана емес, саяси және идеологиялық сипатқа ие болып отыр. Бұл мәселе Ресей үшін геосаяси ықпалын сақтаудың құралы болса, Украина үшін егемендік пен аумақтық тұтастықтың негізгі символына айналған. Әсіресе майдандағы басымдылығына сенген Ресей келісімге келуге асықпай, уақытты өз пайдасына жұмыс істетуді көздеуі мүмкін. Бұл Мәскеудің әскери, саяси және экономикалық қысым тетіктерін қатар пайдаланып, Украина мен оны қолдаушы елдерді ұзақмерзімді қажыту стратегиясын таңдағанын аңғартады. Мұндай жағдайда келіссөздер процесі созбалаңға түсіп, нақты нәтижеге қол жеткізу мүмкіндігі айтарлықтай төмендейді. Украинада сайлау өтіп, Владимир Зеленский биліктен кеткен күннің өзінде, оның орнына келген жаңа басшылықтың Ресеймен түбегейлі ымыраға баруы екіталай. Себебі соғыс украин қоғамында ұлттық бірегейлік пен аумақтық тұтастық мәселесін саяси консенсус деңгейіне көтеріп үлгерді. Қандай да бір билік Донбасс немесе өзге даулы аумақтардан бас тартуға келіссе, ол ішкі саяси тұрақсыздыққа, тіпті биліктің легитимділігіне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан тұлғалардың ауысуы қақтығыстың мәнін түбегейлі өзгерте алмайды, ал соғыстың тағдыры жеке лидерлерден гөрі құрылымдық және геосаяси факторларға көбірек тәуелді болып қала береді. Венесуэла мен Ирандағы жағдайлар әлемдік тәртіптің әлсіреп, көпполярлы жүйенің қалыптасу процесін айқын көрсетеді. Бұл елдердегі дағдарыстар жеке ұлттық мәселе ғана емес, энергетика, қауіпсіздік және геосаяси ықпал тұрғысынан бүкіл әлемге әсер ететін факторларға айналып отыр. Венесуэла – әлемдегі ең ірі дәлелденген мұнай қорына ие елдердің бірі, ал оның АҚШ-тың ықпалындағы мемлекетке айналуы жаһандық энергетика нарығындағы күш тепе-теңдігін айтарлықтай өзгертуі мүмкін. Мұндай жағдайда Венесуэла мұнайының әлемдік нарыққа қайта оралуы жеделдеп, ұсыныстың артуы мұнай бағасына төмендетуші қысым түсірер еді. Бұл, өз кезегінде, ОПЕК+ елдерінің нарықтағы ықпалын әлсіретіп, АҚШ-тың энергетика және геосаяси позициясын күшейтуі ықтимал. Сонымен қатар Вашингтон үшін бұл Латын Америкасындағы стратегиялық бақылауды арттырудың маңызды тетігіне айналуы мүмкін. 2026 жылы Солтүстік-Шығыс Азиядағы қауіпсіздік жағдайы да күрделі әрі тұрақсыз болмақ. Қытай – Тайвань дағдарысы аймақтағы әскери шиеленісті күшейтсе, Жапония мен Қытай арасындағы текетірес аймақтың жалпы қауіпсіздік архитектурасын әлсіретіп, стратегиялық сенім дағдарысын тереңдете түсуде. Тайвань мәселесі Қытай үшін ұлттық тұтастықтың басты символына айналып, әскери қысым мен демонстрациялық жаттығулардың жиілеуіне әкеліп отыр. Бұл өз кезегінде АҚШ пен оның одақтастарының аймаққа әскери тұрғыдан араласу мүмкіндігін арттырып, ықтимал қақтығыс ауқымын кеңейту қаупін күшейтеді. Ал Қытай мен Жапония арасындағы текетірес Шығыс Қытай теңізіндегі даулы аумақтар, әскери белсенділік және қауіпсіздік стратегияларының қатаюы арқылы көрініс табуда. Жапонияның қорғаныс әлеуетін күшейтуі мен Тайваньға қатысты мәлімдемелері Қытай тарапынан қауіп ретінде қабылданып, аймақта қарулану жарысының үдеуін тіпті жеделдетеді. Бұл жағдай тек аймақ елдеріне ғана емес, бүкіл Азия-Тынық мұхиты кеңістігіндегі экономикалық тұрақтылық пен халықаралық сауда қауіпсіздігіне де тікелей әсер етпек.
Біз үшін мүмкіндік пе?
Жаһандық экономика баяулап, ірі державалар арасындағы бәсеке күшейген сайын халықаралық жүйе бұрынғы тұрақты тірегінен айырыла бастады. 2026 жылы бұл әсерден Қазақстан да тыс қалмайды. Бір жағынан, мұнай мен шикізат нарығындағы құбылу ел экономикасына тікелей әсер етеді: геосаяси тәуекелдер жоғары болған сайын энергия ресурстарына сұраныс сақталып, экспорт кірісіне мүмкіндік туады. Екінші жағынан, әлемдік өсімнің баяулауы мен қаржының қымбаттауы сыртқы инвестиция ағынын шектеуі мүмкін. АҚШ пен Қытай арасындағы текетірестің күшеюі Қазақстан үшін транзит және өндіріс мүмкіндіктерін ашуы ықтимал, алайда ол үшін ел ішіндегі институционалдық тұрақтылық пен экономиканы әртараптандыру шешуші рөл атқарады. Ресей-Украина соғысының ұзаққа созылуы аймақтағы қауіпсіздік архитектурасына әсер етіп, Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатын одан әрі дәлдікпен жүргізуін талап етеді. Демек, Қазақстан үшін жаһандық дауылдың ішінде бағытынан жаңылмай, экономикалық төзімділік пен саяси тепе-теңдікті сақтай отырып, жаңа мүмкіндіктерді іске асыра білу – аса маңызды міндет.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ


