Құқық

2025 жылы Астана полициясы елорда қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етті?

2025 жылы елордалық полиция «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, қылмысқа қарсы іс-қимылға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған кешенді әрі жүйелі жұмыс жүргізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Жыл басынан бері Астана қаласында профилактикалық және жедел іс-шаралардың кең ауқымы жүзеге асырылып, бірқатар бағыттар бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілді. Негізгі басымдық интернет-алаяқтықтың алдын алуға, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күреске, вандализм фактілерін болдырмауға, жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алуға, сондай-ақ абаттандыру мен санитарлық тәртіп саласындағы құқық бұзушылықтарға тосқауыл қоюға бағытталды.

Криминалдық полиция желісі бойынша жыл бойы қылмыстарды ашу және алдын алу бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. Жыл басынан бері елорда аумағында 12 мыңнан астам қылмыс тіркелді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда тіркелген қылмыс деңгейі 9,4 пайызға төмендеді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында іздеуде жүрген 67 адам анықталып, ұсталды, сондай-ақ елорда аумағында ұрлық жасаумен айналысқан 11 қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды.

Интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимылға ерекше көңіл бөлінді. Жыл ішінде осы санат бойынша 4 мыңнан астам қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 5,1 пайызға азайды. Интернет кеңістігіне тұрақты мониторинг жүргізіліп, нәтижесінде 1 300-ден астам интернет-ресурс бұғатталды, сондай-ақ алаяқтық аккаунттар мен арналардың жолы кесілді.

Есірткінің заңсыз айналымына қарсы жұмыс та тұрақты негізде жүргізілді. Шамамен 500 кг есірткі заты тәркіленді, есірткі құқық бұзушылықтар 3,6 пайызға төмендеді. 2 500-ден астам наркограффити жойылды. Жедел шаралармен қатар профилактикалық жобалар, оның ішінде «Астана – есірткісіз қала» акциясы белсенді түрде жүзеге асырылды. Астана қаласының әкімдігімен, мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, жыл ішінде жастар арасында есірткіге қарсы тұрақты теріс көзқарас қалыптастыруға бағытталған 700-ге жуық профилактикалық іс-шара өткізілді.
Қоғамдық, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және санитарлық нормалардың сақталуына қатысты да елеулі жұмыс атқарылды. Қаланың аумағын қоқыспен заңсыз ластағаны үшін 500-ге жуық жүк көлігі жүргізушісіне және 200-ден астам ассенизатор көлігінің иелеріне әкімшілік хаттама толтырылды.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше назар аударылды. Жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында мас күйінде көлік басқарған 1 700-ден астам жүргізуші, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін бұзған 2 200-ден астам жаяу жүргінші жауаптылыққа тартылды. Сонымен қатар жол қозғалысына қатысушылардың жүргізу мәдениетін қалыптастыру және тәртіпті арттыру бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Ювеналдық полиция желісі бойынша да ауқымды профилактикалық жұмыс атқарылды. Жыл басынан бері қызметкерлер 10 мыңнан астам құқықтық тақырыптағы түсіндіру жұмыстарын, оның ішінде білім беру ұйымдарында өткізді. Кәмелеттік жасқа толмағандардың түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс және ойын-сауық орындарында болуына тыйым салу талаптарының сақталуын бақылау мақсатында тұрақты рейдтер ұйымдастырылды. Барлығы 600-ден астам локальды-рейдтік іс-шара, оның ішінде 70-тен астам жедел-профилактикалық іс-шара өткізілді. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүргені үшін 7,5 мыңнан астам заңды өкіл, сондай-ақ 66 мекеме иесі жауаптылыққа тартылды.

Қаладағы жедел жағдайды бақылау тәулік бойы Жедел басқару орталығы арқылы заманауи техникалық құралдарды пайдалана отырып жүзеге асырылды. Атап айтқанда, бейнебақылау жүйелері, смарт-жетондар, патрульдік бейнетіркегіштер және ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылды. Дрондар арқылы 130-ға жуық қоғамдық тәртіп бұзу фактісі анықталып, олардың барлығы бойынша әкімшілік шаралар қабылданды. Жыл ішінде 102 арнасына бір миллионнан астам азаматтан өтініш келіп түсті.

Полицияның көші-қон қызметі желісі бойынша профилактикалық рейдтер жүргізіліп, нысандар мен тұрғын секторлар тексерілді, көші-қон заңнамасын бұзудың алдын алу шаралары қабылданды. Нәтижесінде 7 мыңнан астам шетелдік азамат әкімшілік жауаптылыққа тартылып, шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін 321 жұмыс беруші жауапқа тартылды. 2 мыңнан астам шетелдік азамат ел аумағынан шығарылды. Белгіленген тәртіппен 200 мыңнан астам адам жеке басын куәландыратын құжаттармен қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар халықпен жүйелі жұмыс жалғастырылды. Полиция қызметкерлері азаматтармен кездесулер, ашық қабылдаулар өткізіп, профилактикалық дәрістер оқыды. Бұл бағыттағы негізгі мақсат – полиция мен қоғам арасындағы сенімді қарым-қатынасты қалыптастыру.

Полиция қабылдаған барлық шаралар елордада құқықтық тәртіпті нығайтуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және халықтың полицияға деген сенім деңгейін арттыруға бағытталды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button