Мәдениет

«191-бап» көрсетілді

Астанадағы «Қанаттылар» инклюзивті театрында жас драматург Қазыбек Аманжолдың «191-бап» атты комедиясының премьерасы өтті. Бұл қойылым ерекше сюжетімен көрерменнің көңілінен шықты.

Бір үйге бір күнде екі ұры түсіп, күтпеген жағдайларға тап болады. Күлкілі диалогтар мен шынайы тартыстар арқылы спектакль көрерменді бірде езу тарттырып, бірде жан дүниесіне үңілдіреді. Дегенмен бұл жай ғана комедия емес, ол қоғамның кейбір көлеңкелі тұстарын әжуалап, әрбір көрерменнің өз бейнесін көруге шақырады.

Режиссер Марина Тәңірберген инклюзивті театрда драма қою кез келген көрерменнің жүрегін елжірететінін атап өтті:

«Күлкі кәсіби актер үшін де қиын. Бізге осы жолы сол қиындықты еңсеру бұйырды. Әр оқиға нақты, әрекеттері айқын. Автор – жас драматург, замандасымыз Қазыбек Аманжол. Біз пьесасына өзгерістер енгізуді ұйғарған кезде, Қазыбек маған былай деді: «Пьеса менікі болғанымен, спектакль сіздердікі». Осы сөздер маған қатты әсер етті. Бұл оның шығармашылыққа деген ашықтығы мен сенімінің белгісі еді. Сол сәттен бастап біз қойылымды жан-тәнімізбен, ерекше ықыласпен жасауға кірістік. Бұл сенім бізге қанат бітіріп, әрбір актер мен режиссер үшін үлкен мотивация болды» деді режиссер.

Қойылымды ерекше ететін тағы бір тұсы – актерлік құрамда денсаулық ерекшелігі бар адамдардың өнер көрсетуі. Актерлер арасында арбада қозғалатын, есту және көру қабілеті шектеулі жандар бар. Қойылымның соңында әр ұрының жеке монологы бар, онда әр кейіпкер өз әрекетінің себебін түсіндіреді. Бұл «Біз не үшін осындай әрекетке барамыз?» деген көрерменге тікелей қойылған сұрақ сияқты болды да, оны көрген әр адам өзіне-өзі айна боларлықтай сезімге еніп қайтты.

Бір сөзбен айтқанда, «191-бап» жай ғана комедия емес, бұл – өнер мен өмір, кемшілік пен кемелдік, шектеу мен шабыт туралы шынайы диалог. «Қанаттылар» инклюзивті театры ұсынған қойылым әр адамға бір сәт кідіріп, айналасына қайта үңілуге себепші болады. Бұл туынды күле отырып тәрбиелеудің, күле отырып адам болудың нағыз үлгісі деп айтуға болады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button