Басты ақпаратҚоғам

185 жылдан кейін табылған дерек

немесе Нұрбай батыр туралы не білеміз?

Тарихи тұлғалардың бірі, ұлтарақтай жер үшін жаумен шайқасқан –Арғын Нұрбай батыр. Нұрбай батыр – Есім хан мен Жәңгір хандардың  сенімді, жаужүрек батырының бірі болған. Ол шамамен XVII ғасырдың басында 1609 жылы туып, 1675 жылы дүниеден өткен. Оның есімі қалың Алтай руына ұран болған.

Аса қырағы батыр Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы Ақтау елді мекенінен әрірек Шажағай өзенінің бойында кіндік қаны тамған. Шамамен 1675 жылы сол өңірдегі Қопай деген төбенің басына жерленген. Нұрбай батыр мазарын Жаңаарқа өңіріндегі Қаражал қаласында 20 жылға жуық бірінші хатшы болған, мемлекеттік қайраткер Қаратай Тұрысов, археолог Әлкей Марғұлан екеуі көргендігін айтады. Бұл жөнінде «Орталық Қазақстан» газетінде 01.07.2021 жылы жарық көрген «Арғын Нұрбай батырдың ерлік рухы» атты мақалада жан-жақты айтылады.

1627 қоян жылы Тобылдан ығысқан қалмақтар Еділ мен Жайыққа келіп, Кіші жүз қазақтарына күн көрсетпейді. Есім хан 20 мың қолды басқарып, Жайыққа аттанады. Қазақ жауынгерлері қалмақтарға қарсы аттанғанда осы сапта 18 жастағы Нұрбай да болған екен. Сол соғыста Нұрбай батыр Ойрат тайпасы көсемдерінің бірі – Қоту Қойсынның інісі Барғай батырмен жекпе-жекке шығады. Барғай Нұрбайды маңдайынан шаншады. Ал қазақ батыры екінші қақтығыста Барғайды найзасымен өңменінен шаншып, ту сыртынан шығарады. Қалмақ батыры сол жерде жан тапсырады.

Сол жаумен шайқасқан қанды қырғында Есім хан Нұрбайдың соғыста көрсеткен ерлігіне өте риза болып, қол жайып батасын беріп, жас Нұрбайға ақсауыт пен дуылға, алмас қылыш алты қанат ақ киіз үй сыйға тартады.

Содан кейін оның есімі қазақ елінде жауынгерлік ұранға айналды. Батыр Нұрбай Алтайұлының ерлігі күні бүгінге дейін ел аузында аңыз-жыр болып сақталуда. Атақты Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шежіресінде («Қазақ шежіресі», Алматы. Жалын, 1993,-25-26 бет) мынадай қызық деректер келтірілген: «Алтайдың ақ сауыты Нұрбайда қалған. Қалмаққа олжа түсіп кеткен жерінен Нұрбай өзі барып алып келген. Сауыттың аты – «Шежекөз». Сондықтан Нұрбай батыр ұраны – «Шежекөз». Нұрбайдан басқасында белгілі ұран жоқ.

Нұрбай батыр жөнінде жергілікті басылымдарға мақалалар жазып, оның тарихын зерттеп жүрген журналист-философия ғылымдарының кандидаты Мағжан Садыханұлы Ресейдің Омбы тарихи архивінен 185 жылдан кейін Нұрбай батыр туралы деректі  қалай тапқандығы жөнінде сұраған едік. Ол кісі былай деді:

– Мен 1987 жылы жазушы Нөгербек Мағзұмов пен тарихшы Әділет Шәкімов ағалар мемлекеттік тарихи деректерді нақтылау үшін Омбы архивіне бармақшы екен. Мен сол кісілерге еріп, Нұрбай батыр жөнінде дерек іздеу үшін Омбы тарихи архивіне келдім. Омбы тарихи архивінде екі аптадан аса болдық. Архив сөрелері мен үлкен үстелдің үстінде толып жатқан шаң басқан қолжазба дүниелер. Солардың ішінде екі доңғалақты арбалардың суретін көрдім. Сосын бір парақты ашқанымда көзге көмескілеу ат мінген адамдардың суреті көрінгендей болды. Бірақ анық емес. Төменгі жағына көз салғанда Есім хан деген сөз көзіме түсті. Басқа жазулар онша көрінбейді. Дереу лупамен қарап жібердім. «Река Сарысу» деген сөз көзіме оттай басылды. Бәрін басынан аяғына дейін оқып шықсам, Нұрбай батыр туралы жазылған дерек бар екен. «Таптым», таптым» деп айқайлап жібердім. Қатты шыққан дауысымнан Нөгербек ағай қасыма келіп «айттым ғой, табасың» деп мені құшақтады. Сол мезетте ФЭД-3 фотоаппаратыммен тексті суретке түсіріп алдым. Ол кезде Қазақстан, Ресей бір Одақта өмір сүргендіктен көшірмені растау болған жоқ. Машинкаға басып алғаныма мәз болып, елге қайтып кеттім. Осыдан екі жыл бұрын Нұрбай батырды тарихи тұлғалар тізіміне кіргізу үшін Омбы  архивінен алынған  машинкаға басылған Нұрбай батыр жөніндегі фактіні және газеттерге шыққан мақалаларды  Мәдениет министрлігіне көрсеттім. «Министрліктегі мамандар, мұны Омбы тарихи архиві растаса, дерек құнды болатындығына күмән жоқ» деді. Сонымен биылғы жылдың ақпан айында Омбы тарихи архивіне Нұрбай батыр туралы 1987 жылы алынған дерек-көшірмені «растап беріңіздер» деп арнайы хат жолдаған болатынмын. 2025 жылдың наурыз айының 18-де Омбы архивінің директоры Л.Чекалинаның атынан Нұрбай батыр туралы айтылған дерек «көшірмесі дұрыс» деген штамп басылып, қол қойылған арнайы хат келді. Расталған текстің орысша көшірмесі төмендегідей: «…Путешествуя по направлению к Китаю по Шелковому пути, специальная экспедиция в составе 12 человек верхом на лошадях и верблюдах сбились с намеченного маршрута. Наш небольшой караван выехал из города Омска, однако где-то через 1500 километров выяснилось, что мы заблудились, поэтому пришлось передвигаться вдоль подножия невысоких гор, где была множество хрустально чистых, прозрачных родников. Но этот казус обернулся для нас удачей. Потому что оказалось, что у подножия этих гор жили люди, которые называли себя казахами. Мы узнали, что эту эпоху казахским народам проя­вил Есим-хан.

Нам пришлось провести три дня в ауле казахов, который расположился вдоль реки Сарысу. Мы ознакомились с бытом кочевого казахского народа, с его традициями и культурой. Член экспедиции Нонор, хорошо владеющей  тюркским языком, подчеркнул множество сведений из истории  казахов. Мы узнали о храбрых батыре Нурбае. Нурбай был очень смелым и отважным воином. Он жил близ реке Шажагай. В битве с врагами, недалеко от местечка Коскултук, проявил беспрецедентный героизм». (Взято из записи поездки русского научно-торговой экспедиции в Китай 1840-1841 гг. 164 стр.)

(Осы жазбада жазылған Сарысу, Шажағай, Қосқолтық деген жер атаулары  Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында бар.)

Біз осы Нұрбай батыр жөнінде Омбы тарихи  архивінен табылған құжаттың маңыздылығы және батыр бабамызды тарихи тұлғалар тізіміне енгізу жөніндегі ой-пікірлерін білу үшін елімізге белгілі бір топ ғалымдарды сөзге тартқан едік:

Дүйсен ҚАСЕЙІНОВ, мемлекет және қоғам қайраткері:

– Көне замандардан бастап, ортағасырлық моңғол хандарына дейінгі тарихты жазып қалдырған тарихшылардың бірі – Рашид ад-Дин болды. Ол кісі 1247-1318 жылдар аралығында өмір сүріп, парсы тілінде «Жылнамалар жинағы» кітабын жазды. Бұл кітап Ұлы дала өркениетінің көшбасшылары Алаша хан, Уыз хан туралы аңыз деректерден басталады. Тарихтың құндылығын хандар мен патшалар жақсы түсінген. Олар дәйекті деректерді жазып отыратын арнайы жылнамашылыр ұстаған. Сөйтіп жазба тарихы қалыптасқан. Мен мұны неге айтып отырмын? Жазба дерек – бұл бұлтартпас айғақ. Сондықтан Нұрбай батыр туралы деректің Омбы тарихи архивінен табылуы батырдың өмірде шын болғандығын дәлелдейді. Міржақып Дулатұлы: «Бір халық өзінің тарихи тұлғаларын білмесе, бір ел өзінің тарихи тұлғаларын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады» деген сөзінің астарында үлкен мән жатыр. Демек, өткен тарихтан тәбәрік алу – тура жолға бастайды. Арғын шежіресінде Нұрбай батырдың ат үстінен түспей, өмірінің соңына дейін жаумен айқасқаны нақты айтылады. Олай болса, қазақтың хас батыры  Нұрбай Алтайұлын тарихи тұлғалар тізіміне енгізу керек. Нұрбай батыр туралы қисса, дастан, кейін ақындар поэма жазылғандығын жақсы білемін.

Бүркітбай Аяған, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

– «Егемен Қазақстан» газетінің биылғы (2025 ж.) 24 мау­сым күнгі санынан «38 жылдан кейін расталған құжат» деген мақаланы оқып, 185 жылдан кейін Омбы тарихи архивінен Нұрбай батыр туралы деректің табылуын қазақ тарихы үшін үлкен олжа дер едім. Орта жүз Арғынның шежіресінде Нұрбай батыр туралы нақтылы айтылады. Бірақ, архив дерегі ақиқатты айқындай түсуде. Бүгінгі таңда, әр азамат туған елін сыртқы жаудан қорғаған батыр бабаларымызды білуі міндетті. Өткен тарихты білмей болашақты болжау мүмкін емес. Сондықтан қазақтың жаужүрек батырларының бірі – Нұрбай Алтайұлын тарихи тұлғалар тізіміне енгізу қажет. Сондай-ақ оған ескерткіш орнатса да артық болмайды. Ескерткіш арқылы елдігімізді, ерлігімізді айқындайтын боламыз. Ол – енді бүгінгі жас ұрпақтың қолында.

Марат Әбсеметов, тарих ғылымдарының докторы:

– Қазақ тарихында небір ел дамуына атсалысқан би мен батырларымыз көп болғандығы әмбеге аян. Нұрбай батырдың ерлігі туралы ел аузында айтылар аңыздар өте көп. Алайда Омбы архивінен Нұрбай батыр туралы құнды деректің табылғанын «Егемен Қазақстан» газетінен оқығанымда өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз қайта жанғандай әсерде болдым. Сондықтан, Нұрбай Алтайұлының еліміздің тарихи тұлғалар тізіміне енгізуге толық негіз бар деп ойлаймыз. Қазақтың ұлы тарихшысы, профессор Ермұхан Бекмаханов: «Тарих рецептеп жасалмайды. Оқиғаларды бағалағанда біз нақты тарихи жағдайларға, қолдағы бар бұлтартпас деректерге сүйенуіміз керек. Негізгі кілт – тарихи деректе» деген болатын. Демек, ғалым М.Садыханұлының Нұрбай батыр туралы бұлтартпас деректі табуы – тарихымызды таразылайтын тамшыдай болса да үлес деп білу керек.

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Кемелұлы ­Тоқаев: «Біз өскелең ұрпақты барша жұрт мақтан тұтатын тарихи тұлғаның тағылымы арқылы тәрбиелеуіміз керек» деп ерекше атап өткен болатын. Олай болса, қазақтың даңқты қолбасшыларының бірі болған Нұрбай батырдың қаһармандығы мен ерлік істерін бүгінгіге паш ету – биік рухты өз халқына адал, намысшыл, отаншыл, жалын жүректі, патриот жастарды тәрбиелеуге көмектесері ақиқат. Қазақ тарихында тарихи мәртебесі бар Нұрбай батырды мәңгі жадымызда сақтау – ұрпақ парызы.

Жансейт ҚАБАЙҰЛЫ,

тарихшы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button