1500 оқушы «Ана» әнін хормен орындады

8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Астана қаласындағы Ғали Орманов атындағы №7 мектеп-гимназиясында ерекше музыкалық шара өтті. Мектептің 1500 оқушысы мен ұстаздары бірігіп, Қазыбек Құрайыштың «Ана» әнін хормен орындап, аналарға деген алғысын білдірді.
Ауқымды хор орындауы арқылы оқушылар анаға деген құрмет пен ризашылықтарын жеткізді.

«8 Наурыз – көктемнің шуағымен бірге жүректерге жылу сыйлайтын ерекше мереке. Осы мереке қарсаңында мектебіміздің 1500 оқушысы мен ұстаздары Қазыбек Құрайыштың “Ана” әнін хормен орындап шықты. Бұл аналарға деген шексіз құрметтің және алғыс айтудың белгісі еді. Бұл – жай ғана ән емес, бұл – мейірім мен ризашылыққа толы жүректердің үні, — деді мектеп директоры Жанат Қазмұханбетова.
1500 оқушы ән салды, тыңдарман тамсанды. Осындай ауқымды орындау арқылы мектеп оқушылары тек білім алып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды, отбасылық тәрбиені жүрекпен сезінетінін көрсетті. Бұл – ұрпақтың ана алдындағы тағзымы мен рухани тәрбиенің жарқын көрінісі болды.



