1500 киік сыйлады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай үкіметіне 1,5 мың киік берілетінін мәлімдеді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. «Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайда киік популяциясын қалпына келтіру мақсатында оларды Қытайдың батыс бөлігіне қоныстандыру үшін 1 500 киікті сыйға беру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді» деп жазылған хабарламада.
ҚХР төрағасы Си Цзиньпин бұл шешім үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысын білдірді. Себебі Қытай киік популяциясын қайта қалпына келтіруді жоспарлап отыр. Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігі бүгін осындай тапсырма түскенін және мәселені пысықтап жатқанын жеткізді.
Елімізде киік санын реттеу іс-шаралары биыл күзде басталуы мүмкін екені айтылған. Алайда түз тағыларының санын реттеуге, аулауға қатысты ғалымдардың биологиялық негіздемесі әлі дайын емес. Дәл осы құжатқа сәйкес, киіктің белгілі бір санын аулау мәселесі көтерілді. Сондай-ақ аңшыларға тек аналық киікті атуға рұқсат бекітілуі мүмкін.