12–16 мамыр аралығында елімізде репродуктивтік денсаулық апталығы өтеді

12–16 мамыр аралығында елімізде репродуктивтік денсаулық апталығы өтеді — бұл кең ауқымды ақпараттық-ағартушылық науқан Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Жобаның негізгі әріптестері — Денсаулық сақтау министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар.
Жоба халықтың репродуктивтік денсаулығы, инфекциялық аурулардың профилактикасы, отбасы жоспарлау және жауапты ата-аналық мәдениетін қалыптастыру мәселелері жөніндегі білімін арттыруға бағытталған.
Негізгі назар жастарға, репродуктивтік жастағы әйелдер мен ерлерге, сондай-ақ ата-аналарға бөлінетін болады.
Бес күн бойы еліміздің барлық өңірінде келесі іс-шаралар өтеді:
• Емханалар мен Жастар денсаулығы орталықтарында Ашық есік күндері өткізіліп, мамандардан тегін консультация алуға болады;
• Жасөспірімдер, жастар және ата-аналар үшін отбасын жоспарлау, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың (ЖЖБИ) және адам папилломасы вирусының профилактикасы тақырыптарында дәрістер, семинарлар мен мастер-кластар өтеді;
• әйелдер мен ерлерге бала сүюге дейінгі даярлық және АИТВ инфекциясына тестілеу бойынша консультация беріледі;
• БАҚ пен әлеуметтік желілерде медицина қызметкерлері, тиісті сала мамандары (гинекологтар, урологтар, дерматовенерологтар, репродуктологтар және т.б.) қатысатын ақпараттық науқандар өтеді;
• мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында арнайы сабақтар мен сыныптан тыс іс-шаралар ұйымдастырылады;
• Жасөспірімдердің репродуктивтік денсаулығын сақтау мәселелеріне ата-аналарды тарту бойынша жұмыс жүргізіледі.
Аптаның әрбір күні нақты бір тақырыпқа арналады:
• 12 мамыр, дүйсенбі: Отбасын жоспарлау
• 13 мамыр, сейсенбі: Әйелдер денсаулығы
• 14 мамыр, сәрсенбі: Ерлер денсаулығы
• 15 мамыр, бейсенбі: Жастардың репродуктивтік денсаулығы және ЖЖБИ-ге қарсы іс-қимыл
• 16 мамыр, жұма: Адам папилломасы вирусы
Іс-шаралар келесі хэштегтермен жарияланады: #СалауаттыҰрпақ2025, #ЗдоровоеПоколение2025, #RepHealth2025, #SalauattiUrpaq2025
Іс-шаралар туралы толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алуға болады: www.rephealth.kz
Жобаның шеңберінде басты назар жасөспірімдер мен жастарға аударылады — дәл осы жас кезеңінде бүкіл өмірге әсер ететін әдеттер қалыптасады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі халықтың репродуктивтік денсаулығын жақсартуға бағытталған бірқатар бағдарлама мен жобаны іске асыруда.
Өңірлерде 103 Жастар денсаулығы орталығы жұмыс істейді, 2026 жылға дейін балалар гинекологиясын дамыту жөніндегі Жол картасы бекітілді.
Балалар гинекологтарын қайта даярлау бойынша біліктілікті арттыру курстары өткізіліп жатыр, ауылдарда гинекологиялық аурулары бар қыздар мен жасөспірімдерге қажетті медициналық көмек көрсету бағыты әзірленген.
2025 жылдан бастап жүзеге асырылып жатқан «Аналар саулығы» бағдарламасы прегравидарлық даярлықты қамтиды — бұл фертилдік жастағы әйелдердің денсаулығын бағалап, жүктілікке және дені сау баланы дүниеге әкелуге даярлауға арналған іс-шаралар жиынтығы.
ЮНФПА деректері бойынша Қазақстандағы жасөспірімдердің көбі жыныстық өмірді ерте бастау қаупі мен оның профилактикалық әдістері туралы жеткілікті ақпаратқа ие емес.
15–19 жас аралығындағы жастардың 60%-дан астамы ЖЖБИ мен жоспарланбаған жүктіліктен қалай қорғану керектігін білмейді. Ал АИТВ-ның берілу жолдарын тек 9% жасөспірім ғана біледі.
Қазақстанда жатыр мойны обырының кең таралуы алаңдаушылық тудырып отыр — бұл әйелдер арасындағы онкологиялық аурулардың ішінде екінші орында.
Жыл сайын шамамен 1900 жаңа жағдай анықталып, 600-ге жуық әйел көз жұмады. Алайда бұл аурудың алдын АПВ-ға қарсы вакцинациялау арқылы алуға болады.
АПВ-ға қарсы иммундау басталғалы бері 11–13 жас аралығындағы 150 мыңнан астам қыз бала толық вакцинациялау курсынан өтті. Екпеден кейін ешқандай жағымсыз жанама әсер тіркелген жоқ.
АПВ-ның қауіптілігі — оның жоғары онкогенді 16 және 18 типтері жатыр мойны обырына жиі себеп болуы. Вакцинациялау ағзаның тұрақты иммунитет қалыптастыруына мүмкіндік береді және болашақта аурудың даму қаупін едәуір төмендетеді.