100-ден астам елордалық жастар экологиялық тазалыққа шықты

Астананың Байқоңыр ауданында 100-ден астам «Жасыл ел» жауынгері «Таза сәрсенбі» экологиялық акциясына қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Таза сәрсенбі» акциясының мақсаты — қаланың экологиялық жағдайын жақсарту, тазалықты сақтау, әр аулада тәртіп пен тазалыққа саналы әрі жауапты көзқарас қалыптастыру. Шара Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы, Байқоңыр ауданы әкімдігі және «Республикалық студенттік құрылыс және жастар жасақтары қозғалысы» қоғамдық қорының қолдауымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында ұйымдастырылды. «Шараға 100-ден астам «Жасыл ел» жауынгері қатысты. Олар қоқыс жинап, көшеттерге күтім жасап, ағаштарды суарумен айналысты. Астанада экологиялық акциялар тұрақты түрде өткізіледі: «Таза бейсенбі», «Таза жұма» және «Таза сенбі». Осы бастамалар аясында жауынгерлер демалыс күндерін қоса алғанда, күн сайын саябақтар мен скверлерді қоқыстан тазартып келеді», – деді Астана қаласы Жастар саясаты басқармасы бөлімінің маманы Ерлан Айдар.
«Жасыл ел» еңбек жасақтарының XXI маусымы аясында елорда бойынша 5200-ден астам жас жұмыспен қамтылады. Олар құрылыс нысандарында, қала маңындағы жасыл белдеуде, әлеуметтік нысандар мен білім беру мекемелерінің аумағында, сондай-ақ қалалық саябақтар мен көгалдандыру жұмыстарына тартылады. Бағдарламаға 14 пен 35 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Жасақ жауынгерлері мамыр мен тамыз аралығында 4 ай жұмыс істеуге құқылы. Оларға арнайы киім үлгісі мен 65 мың теңге көлемінде жалақы беріледі. Ерекше назар әлеуметтік осал санаттағы жастарға аударылады. Кәмелетке толмағандар Еңбек кодексіне сәйкес, денсаулығына зиян келтірмейтіндей, күніне 4 сағаттан, аптасына 5 күн жұмыс істей алады. Жасақ құрамына қосылғысы келетін оқушылар өз мектептеріндегі әлеуметтік педагогтерге жүгіне алады. Қаладағы 120-дан астам мектепте қатысушыларды тіркеу жүріп жатыр. «Саябақтар мен скверлерде жұмыс істеуді қалайтындар «Жасыл ел» қалалық штабына өтінім бере алады — құжаттар әр айдың 25-күні басталып қабылданады. Артықшылық көпбалалы және әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға беріледі. Міндетті түрде растайтын құжаттар мен жеке ниет болуы тиіс», — деді Ерлан Айдар.