10 желтоқсан — Адам құқықтары күні

Бүгін, 10 желтоқсан халықаралық қоғамдастық Адам құқықтары күнін атап өтіп жатыр. Бұл күн конституциялық құқықтар мен бостандықтарды қорғаудың айрықша маңызын еске салады. Дәл осы күні, 1948 жылы адам құқықтары мен бостандықтарының халықаралық стандарттарын айқындаған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы қабылданды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Қазақстан үшін бұл қағидаттар конституциялық болмыстың маңызды бөлігі. Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп белгіленген. Бұл ұстаным Конституциялық Соттың жұмысының негізін құрайды. Азаматтардың өтініштері бойынша шығарылған қорытынды шешімдерінде Конституциялық Сот адам құқықтарының басымдылығын жүйелі түрде нығайтып, конституциялық кепілдіктердің сақталуын қамтамасыз етеді.
Өтініштерді қарау тәжірибесі конституциялық бақылаудың бұзылған құқықтарды қорғаудың және қалпына келтірудің тиімді тетігі екенін дәлелдейді. Конституциялық Сот заңнамалық нормалардың Конституцияға сәйкестігін тексере отырып, құқық үстемдігі, заңдылық және тәртіп қағидаттарына сүйенеді. Бұл азаматтардың заңға деген сенімін күшейтіп, қоғамдық және жеке мүдделердің теңгерімін қамтамасыз етеді.
«Заң және тәртіп» қағидатының маңыздылығы Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекеттік құндылықтар туралы Жарлығымен тағы да расталды. Бұл құжат қоғамдық келісімді және құқықтық мемлекеттің институттарын нығайтуға бағытталған.
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты баршаңызды Адам құқықтары күнімен құттықтайды. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына құрмет – қоғамымыздың құқықтық іргетасы, ал Конституция – әділет пен заңдылықтың негізгі құқықтық кепілі.



