Әлеумет

«Таза Қазақстан» жобасы аясында 1 млрд 369 млн көшет отырғызылды

«Таза Қазақстан» аясында мемлекеттік орман қоры аумағында 1 млрд 369 млн көшет отырғызылды. Бұл туралы Экологиялық мәдениет және саясат департаментінің директоры Дәулет Есмағамбетов айтты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

— «Таза Қазақстан» бастамасының тағы бір негізгі бағыты — көгалдандыру және елдің орман қорын арттыру. Мәселен, мемлекеттік орман қоры аумағында 1 млрд 369 млн көшет, оның ішінде Арал теңізінің құрғаған түбіне сексеуіл көшеттерінің 48,7 млн данасы отырғызылды. Өткен жылдың соңында Қазалы қаласындағы 33 гектар алаңда қуаттылығы жылына 3 млн көшет болатын орман питомнигінің құрылысы аяқталды. Питомникте агротехникалық талаптарды ескере отырып, 10 гектар алаңда сексеуіл тұқымы егілді, — деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Оның дерегінше, биыл ауданы 15 гектар питомникті жобалау және Аралдың құрғаған табанында тікелей ұңғымыларды бұрғылау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қызметкерлер үшін өндірістік модульдер жеткізілген.

— Өздеріңізге мәлім, Үкімет пен министрліктің «Таза Қазақстан» бастамасы аясында қабылданған шаралары экологиялық сананы өзгертуге әсер етуде. Іс-шара аясында ел азаматтары тазалықты ауласынан, өңірінен бастап, жалпы ел экологиясын жақсартуға үлес қосуда. Былтыр тұжырымдама аясында өткен акцияларға әрбір үшінші қазақстандық қатысса, биыл көрсеткіш одан да жоғары болады деп сенеміз, — деді Дәулет Есмағамбетов.

Айта кетейік, жыл басынан бері «Таза Қазақстан» бастамасы аясында 934 экологиялық іс-шара өткізілді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button