№1 автобус паркінің ұжымына жаңа Конституция жобасы түсіндірілді

Жалпыұлттық коалицияның өкілдері Бибігүл Искакова мен Юсуп Келигов елордадағы №1 автобус паркінің еңбек ұжымымен кездесіп, қатысушыларға жаңа Конституция жобасының маңызды тұстарын жан-жақты түсіндірді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Кездесу барысында спикерлер Конституциялық реформаның басты мақсаты – әділетті қоғам қалыптастыру, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту және еңбек адамдарының әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету екенін атап өтті. Әсіресе, қоғамдық көлік саласында қызмет ететін мамандардың қауіпсіз еңбек жағдайы мен құқықтық қорғалуы маңызды екені айтылды.
Бибігүл Искакова өз сөзінде Конституциялық өзгерістер мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттырып, азаматтардың мемлекет өміріне белсенді қатысуына мүмкіндік беретінін жеткізді.
«Жаңа Конституция жобасы әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарын нақты қорғауға бағытталған. Бұл реформалар еңбек адамдарының әлеуметтік тұрғыдан қорғалуын қамтамасыз етіп, қоғамдағы әділеттілік қағидатын нығайтады. Мемлекет пен халық арасындағы сенімнің артуы осы өзгерістердің басты нәтижесі болады», – деді Бибігүл Искакова.
Ал қоғам белсендісі Юсуп Келигов Конституциялық реформаның еңбек адамының мәртебесін арттырудағы маңызына тоқталды.
«Конституциялық өзгерістер әрбір еңбек адамының құқықтық қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл, әсіресе, қоғамдық көлік сияқты жауапты салада қызмет ететін мамандар үшін маңызды. Заңның үстемдігі мен әлеуметтік әділеттілік қағидаттары қоғамның тұрақты дамуының негізі болуы тиіс», – деді Юсуп Келигов.
Кездесу барысында қатысушылар өз сұрақтарын қойып, Конституциялық реформаның негізгі бағыттары бойынша пікір алмасты.



