1 айда 900 отбасыға қуаныш сыйлаған

Рамазан – мейірім мен рақым айы. Бұл қасиетті айда жасалған әрбір ізгілікті істің сауабы мол. Сол себептен қайырымды жандар әлеуметтік ахуалы төмен отбасыларға қуаныш сыйлауға ұмтылады. Бұл ай жақсылық жасаудан жарысатын мезгіл. Міне, сондай игілікті істі қолға алып, жабырқаған жандардың жүзіне нұр, жүрегіне қуаныш ұялатқан жандар — кәсіпкерлер Әлия Хайырсанқызы Жанәділова мен Дидар Келгенбай. Олар «Рамазан сыйлығы» атты ауқымды әлеуметтік жобаны іске асыруда. Рамазан айының бірінші күнінен бастап отыз күн бойы күн сайын 900 отбасыға азық-түлік себеттері таратылады. Демек, бұл жай ғана символикалық акция емес, қоғамды біріктіруге бағытталған қадам.
«Рамазан сыйлығы» аясында таратылатын көмектер күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлік өнімдерінен тұрады. Мұндай қолдау әсіресе әлеуметтік осал топтар үшін аса маңызды. Бір отбасының бір айлық азық-түлік шығынын толық өтемесе де, едәуір жеңілдік әкелетіні анық. Ал ең бастысы — адамдарға оларды ойлайтын, қолдайтын жан бар екенін сезіндіру. Қайырымдылықтың шынайы құндылығы да осында.
Әлия Жанәділова әуелде көпшілікке іскер әйел, ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосқан кәсіпкер ретінде танылса, соңғы жылдары әлеуметтік бастамаларымен де белсенді көзге түсіп келеді. Әлия өзінің кәсібін табыс көзі ғана емес, қоғамға қызмет етудің құралы ретінде қарайды. Оның әлеуметтік желідегі парақшалары да осы ұстанымын айқын көрсетеді: бір жағында кәсіп, еңбек, даму болса, екінші жағында қайырымдылық, қолдау және жанашырлық тақырыптары қатар жүреді. Ол әсіресе құлпынай өсіру және оны брендке айналдыру арқылы ол агробизнес саласында өзіндік орнын қалыптастырды. Бұл бағыт тек коммерциялық жоба емес, сонымен бірге отандық өнімді дамытуға, ауылдық жерлердегі еңбекке серпін беруге бағытталған бастама болды. Ол әлеуметтік желі арқылы өндіріс процесін, еңбектің нәтижесін, бизнестің қиындықтары мен жетістіктерін ашық көрсетіп, кәсіп бастағысы келетін жастарға шынайы мысал ұсынады. Көпшілік оны іскерлігімен қатар табандылығы, еңбекқорлығы үшін құрметтейді.

Әлия Хайырсанқызы «Рамазан сыйлығы» жобасы арқылы кәсіпкердің қоғам алдындағы жауапкершілігін көрсетіп отыр. Бизнес тек пайда табу емес, қоғаммен бірге өсу, қоғамға қайта инвестиция жасау екенін дәлелдейді. Оның бастамасы өзгелерге де ой салары сөзсіз. Әсіресе жас кәсіпкерлер үшін бұл үлкен үлгі: табысқа жеткен соң, тек өз игілігіңді емес, өзге адамдардың жағдайын да ойлау — нағыз азаматтық ұстаным. Бұрын қайырымдылық көбіне жабық түрде жасалса, қазір ол ашық, жария, қоғамды тартатын сипат алды. Бұл бір жағынан есептілік пен сенімді арттырса, екінші жағынан басқаларды да игі іске шабыттандырады. Инстаграм парақшасындағы жазбалар мен бейнематериалдардан адамдардың алғысы, қуанышы, ризашылығы көрінеді. Бұл — бастаманың ең үлкен нәтижесі.
Сайып келгенде, Әлия Хайырсанқызы — қазіргі қоғамда кәсіпкерлік пен әлеуметтік жауапкершілікті үйлестіре білген тұлға. Оның Рамазан айына арналған бастамасы бір реттік акция емес, жүйелі қайырымдылық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған әрекет ретінде бағалануы тиіс. Осындай жобалар қоғамдағы мейірімділік деңгейін арттырып, адамдар арасындағы сенімді күшейтеді.
Бағдагүл Рахметқызы, журналист



