Жол жүру қағидаларын бұлжытпай сақтаудың маңызын еске салды

Жол жүру қағидаларын бұлжытпай сақтаудың маңызын еске салды
фото: polisia.kz

Жаз мезгілі – демалысқа шығып, саяхаттап, табиғат аясында тынығатын кезең. Осы уақытта демалыс орындары мен су айдындарына баратын автокөліктердің саны айтарлықтай артады. Осыған байланысты Жетісу облысы полиция департаменті патрульдік полиция батальонының қызметкерлері өңір тұрғындары мен қонақтарын барынша мұқият болып, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Полиция қызметкерлері жүргізушілерге Жол жүрісі қағидаларын бұлжытпай сақтаудың маңызын еске салады. Атап айтқанда, қауіпсіз жылдамдықты таңдау, арақашықтықты сақтау, қауіпті маневрлерге жол бермеу, шаршаған күйде көлік басқармау және қауіпсіздік белдігін міндетті түрде тағу қажет. Сондай-ақ балаларды тасымалдау мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Кішкентай жолаушылар арнайы балаларға арналған ұстау құрылғыларында болуы тиіс. Демалыс кезінде су айдындарының маңында қауіпсіздік шараларын сақтау да аса маңызды. Шомылу маусымында әрбір ересек адамның жауапкершілігі артып, ата-аналар балаларын бір сәтке де қараусыз қалдырмауы қажет.

Қарапайым сақтық шараларын сақтау қайғылы оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді. Профилактикалық іс-шаралар аясында патрульдік полиция қызметкерлері жүргізушілермен және демалушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жол қозғалысы мен көпшілік демалатын орындарда қауіпсіз жүріс-тұрыс қағидалары көрсетілген ақпараттық жадынамалар таратады. Акцияның басты мақсаты – жол-көлік оқиғалары мен жазатайым жағдайлардың алдын алып, азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау. Полиция жол қозғалысына қатысушыларды және демалушыларды өзара сыйластық танытып, тәртіп сақтауға шақырады.