ЖИ көмегімен қоғамдық тәртіпті үздіксіз бақылайды

ЖИ көмегімен қоғамдық тәртіпті үздіксіз бақылайды
фото: Астана қаласының Полиция департаменті

Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Астана қаласының Полиция департаменті қоғамдық орындарды ластау және абаттандыру қағидаларын бұзу деректерінің жолын кесу бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізуде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Жыл басынан бері қоғамдық орындарды ластағаны және қала аумақтарын абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 26 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Олардың қатарында жол төсемі мен оған іргелес аумақтарды ластаған жүк көлігі жүргізушілері де бар.

Мұндай құқық бұзушылықтарды анықтау жұмысы полиция қызметкерлері мен Жедел басқару орталығының өзара іс-қимылы арқылы күн сайын жүргізіледі. Экологиялық тәртіпті қамтамасыз етуде жасанды интеллект элементтері бар интеллектуалды бейнебақылау жүйесінің рөлі айрықша. Тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи камералардың көмегімен көшелер, саябақтар, аулалар және басқа да қоғамдық орындар үздіксіз бақыланады. Бұл қоғамдық орындарды ластау фактілерін жедел анықтауға, құқық бұзушылардың жеке басын белгілеуге және қолданыстағы заңнамаға сәйкес шара қабылдауға мүмкіндік береді.

Мәселен, бейнебақылау камераларының көмегімен күндізгі уақытта 24 жастағы елорда тұрғыны Шалкөде көшесінде қоғамдық орында темекі тұқылын тастап, қоғамдық орынды ластағаны және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі талаптарын бұзғаны анықталды. Аталған азаматқа қатысты әкімшілік шара қолданылды.

Осыған ұқсас тағы бір дерек бейнебақылау камералары арқылы мониторинг жүргізу барысында тіркелді. Тәуелсіздік көшесінде, бір дәмхана маңында ер адам темекі тұқылын кәріз жүйесінің су ағатын торына тастаған. Бұл әрекетімен ол абаттандыру және аумақтың санитарлық тазалығы ережелерін бұзған. Тұлғасы анықталғаннан кейін құқық бұзушы да әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Астана қаласының Полиция департаменті тазалықты сақтау әрбір азаматтың жеке жауапкершілігінен басталатынын еске салады. Қоғамдық орынға тасталған темекі тұқылы немесе ұсақ қоқыс сияқты, бір қарағанда елеусіз көрінетін бұзушылықтардың өзі қалалық ортаның жағдайына кері әсер етіп, қоғамдық тәртіп мәдениетінің қалыптасуына зиян келтіреді.

Полиция қала тұрғындары мен қонақтарын қоршаған ортаға ұқыпты қарауға, заң талаптарын сақтауға және қоғамдық орындарда тазалықты қолдауға шақырады. «Таза Қазақстан» қағидаттарын жүзеге асыру – мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігі, ал заманауи бейнебақылау технологиялары әрбір анықталған құқық бұзушылық үшін жауаптылықтың бұлтартпастығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.