Заңсыз отшашу ұйымдастырған азаматқа сот үкімі шықты

Заңсыз отшашу ұйымдастырған азаматқа сот үкімі шықты
фото: polisia.kz

Елордада түнгі уақытта пиротехникалық бұйымдарды заңсыз пайдалану деректерінің алдын алу және жолын кесу жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Аталған іс-шаралар барысында елордадағы мейрамханалардың бірінің маңында тыныштық пен қоғамдық тәртіптің бұзылу фактісі анықталды. Белгілі болғандай, «Қыз ұзату» рәсімі аяқталған соң 22 жастағы азамат пиротехникалық бұйымдарды іске қосқан. Соның салдарынан жақын маңдағы тұрғын үй кешендерінің тұрғындарының тыныштығы бұзылған.

«Құқық бұзушыға қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сот шешімімен оған 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, салтанатты шара аяқталғаннан кейін шу шығарып, қоғамдық тыныштықты бұзған тағы үш қатысушыға қатысты да әкімшілік шара қолданылды. Олар тыныштықты бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды», - деп хабарлады қалалық полиция департаменті.

Полиция департаменті азаматтарды мерекелік іс-шараларды өткізу кезінде қоғамдық тәртіп талаптарын сақтауға шақырды. Ведомствоның мәліметінше, тыныштықты бұзу және айналадағы адамдарға құрметсіздік танытатын әрекеттер үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.