VІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: астаналық мерген Айкөркем Батихан күміс жүлдегер атанды

VІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: астаналық мерген Айкөркем Батихан күміс жүлдегер атанды
фото: Қайыр Аманжол

Қырғыз Республикасының Бішкек және Шолпан-Ата қалаларында өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында дәстүрлі садақ атудан «Орта Азия» нысанасы бойынша Астана қаласының спортшысы Айкөркем Батихан күміс жүлдеге ие болды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

«Орта Азия» нысанасы бойынша 40 метр қашықтықта өткен әйелдер арасындағы бәсекеге әлемнің 51 мемлекетінен 80-нен астам мерген қатысты. Айкөркем Батихан мықтылар арасынан суырылып шығып, финалдық кезеңге жолдама алды.

Финалда елордалық спортшы шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеп, II орын иеленіп, Қазақстан құрамасының қоржынына күміс жүлде салды.

Дәстүрлі садақ атудан елорданың тағы бір өкілі жарыста бақ сынайды.

Бүгін, 4 қыркүйекте, Астана қаласының бірқатар спортшысы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы жарыстарын жалғастырады.

Тазы жарысында Астана қаласының атынан Алмас Оралбек «Сағым» атты тазысымен өнер көрсетіп, бүгін жарысын жалғастырады.

11 шақырымдық жорға жарысында елорда атынан Алия Токтасынова, Наиля Советхан және Анатолий Шабаев сынға түседі. Вероника Румянцева қосалқы қатысушы ретінде тіркелген.

Мангала сайысында Астана қаласының атынан Гульнара Базаралиева, Құндыз Есіркеп және Биғали Зкрияев өнер көрсетуде. Елордалық спортшылар жарысты жалғастырып жатыр. Мангала бойынша қорытынды нәтижелер 6 қыркүйекте белгілі болады.

Айта кетейік, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 6 қыркүйекке дейін жалғасады.