Қазақ елінің білім ісіне, ұлт педагогикасының дамуына өз үлесін қосып келе жатқан жақсыларымыздың бірі – Тілдаш Битуова. Табиғатынан адами қасиетке, кісілік мен кішілікке, ізет пен инабатқа, бауырмалдыққа жаны жарасым тапқан Тілдаш Рысқұлбекқызын мен көптен білемін. Өмір жолына үңілер болсаңыз қызметтегі өсу баспалдағы, жеткен жетістігі, шыққан Битуова биігі көз алдыңа маржандай тізіле кетеді.
Оңтүстікте өмірге келіп, мектепті бітіргеннен кейін, Алматы шет тілдер педагогикалық институтына оқуға түседі. Өз тіліне жетік, алғыр талапкер француз тілімен қатар орыс, ағылшын тілдерін де жақсы меңгеріп шығады. Бұдан кейінгі қызмет жолы ұлттық педагогикамен тікелей сабақтас. Бұрынғы Талдықорған облысы, Қоғалы ауылындағы қазақ орта мекетбінде француз тілінен сабақ бере жүріп, сыныптан, мектептен тыс жұмыстарға да белсене араласып, өзінің ұйымдастырушылық қаблетін көрсетеді. Мұғалімдіктен мектеп директоры болады. Тәжірибе жинақтап, ысылған маманды Алматы облысының білім басқармасы Талғар қалалық білім бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындаса, көп кешікпей жаңа құрылымды бастан өткеріп жатқан Талғар аудандық әкімшілігі басшысының орынбасары лауазымына бекітеді. Бұл оған артылған міндет, жүктелген сенім болатын.
Мен Тілдаш Рысқұлбекқызымен Алматы облыстық білім басқармасының басшысы болып келгеннен кейін араласа бастадым. Ұйымдастырушылық қаблетіне, адамға деген жанашырлығына, білім саласын дамытудағы жаңашыл көзқарастарына талай мәрте көз жеткіздім. Ол өзіне қарасты мекеме басшыларын тек әкімшілік жұмыстармен шектеп, үстемдікке бой алдырмайтын, санаса білетін. Әрқайсының ұсыныс пікірлерін ескеретін. Шығармашылықпен жұмыс жасау керектігін алға тартып отыратын. Білім ісін ғылыммен ұштастырып, мұғалімдердің кәсіби тұрғыда өсуіне, оларды жаңа идеяларды жүзеге асыру жолына бейімдеу қажеттігін бір сәтте естен шығармайтын.
Бәрімізге белгілі Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары оңай болған жоқ. Қиындықтар көп кездесті. Тілдаш Рысқұлбекқызы осы түста үлкен іскерік көрсетті. Өткеннің жетістігін жетілдіре отырып, барды уақыт талабына қарай дамытуды талап етті. Әлемдік білім кеңістігіне енгенше Ресей, Беларусь, Украина елдерінің ғалым-әдіскерлерінің, өз еліміздің оқымыстыларының басын қосып отандық оқу жүйесін жасау бойынша семинарлар өткізіп, облыс мұғалімдерімен жүздесуге ұйтқы болды. Әлемдік білім кеңістігін жетік білетін мамандарды шақырып тәуелсіз елдің жаңа оқу жүйесін қалай қалыптастыру керек деген мәселелерді талқыға салды. Бұл сол уақыт үшін таптырмас тәсіл еді. Себебі, мұғалімдердің кәсіби деңгейін төмендетіп алуға болмайтын еді. Басты мақсат, оқушы мен мұғалімге деген қажеттілікті өтеуде Битуова тартынып қалмады. Бәрі қаржыға тірелетіні белгілі, одан да тарықтырмады. Айталық, мұғалімдерді курстан өткізу бір сәтте тоқтамады. Білім жетілдіруге келген мұғалімдердің жол ақысы, оқу бағдарламасы барысындағы шығындар да бюджеттен төленді. Тіпті, іс-сапарларға шыққанда да осы үрдіс сақталды. Сол секілді, мықты әдіскер мұғалімдерді Англия, Финляндия елдеріне тәжірибе алмасуға жіберген кездері де болды. Мұғалімдердің айлығын дер кезінде беру, мүмкіндікке қарай ынталандыру жағын жан-жақты ойластырды. Ол кісі: « Мұғалімдерді тарықтыруға болмайды, мұғалім тарықса білім сапасы құлдырайды, бала болашағына нұқсан келеді» дейтін.
Тілдаш Рысқұлбекқызының тағы бір керемет ісі деп мен талантты жастарға жасаған ерекше мүмкіндіктерді айтар едім. Ол: « Бүгінгі қиындық кетеді, біз ертеңге талпынуға тиістіміз. Сол ертеңнің иесі дарынды ұрпақ, олар ел атынан халықаралық олимпиадаларға қатысуы керек» дейтін. Жүзден жүйріктерді, қазір аты дүркіреп тұрған, Кеген ауданындағы Саты- Қарабұлақ-Көлсай демалыс базаларында арнайы білім мектебін ұйымдастыртқаны бар. Оқушыларға физика, химия, математика пәндерінің оқытушы-пофессорлары, тілші ғалымдар мен басылым басшылары дәріс оқыды. Бұл жұмыстар Отанымыздағы халықаралық олимпиадалар қозғалысының бастауы болды десем артық айтқандық болмас. Сөзім жалаң болмасын, бір дәйек келтіре кетейін. Тәуелсіз еліміздің мектеп оқушылары алғаш рет АҚШ-тағы Атланта қаласында өткен халықаралық олимпиадаға қатысуға мүмкіндік алды. Сол сапарға академик Асқар Жұмаділдаев, Тілдаш Рысқұлбекқызымен бірге барып қайтқаным бар. Біз сол жолы өз Отанымызда да сондай олимпиадалар ұйымдастыру бойынша ой түйіп едік. Жан –жақты зерттеп, зердемізден өткіздік. Мұндай әлемдік деңгейдегі білім сайысын өткізудің тиімді жолдарын үйрендік. Сонымен қатар, халықаралық олимпиада өткізудің талабын,тәртібін бағалау жүйесін, қатысушыларды дайындау тәсілдерін, ұйымдастыру мәдениетін зерттеп, мол мағлұматпен оралдық. Облыста қабілетімен танылған Тілдаш Битуова сол кездегі Денсаулық сақтау, білім және спорт министрлігіне қызметке ауысып, бөлім, басқармаларды басқарды. 2003 жылы «Дарын» Республикалық ғылыми - практикалық орталығына директор болды. Тәуелсіз Қазақ елінің елдік, әлемдік олимпиадалар қозғалысының орнығуына өлшеусіз үлес қосты. Мекемені жаңа деңгейге көтерді. Ондаған олимпиадаларға ұйтқы болып, жүздеген баланың бағын ашты. Қазақстандық оқушылардың халықаралық олимпиадаларға қатысуы жүйелі жолға қойылды. Жоғарыда айтқан, Атланта олимпиадасына барғанда осындай білім сайысы біздің елімізде де өтер ме екен деген үмітті үкілеп қайтып едік. Тілдаш Рысқұлбекқызы сол үміттің орындалуына күш салды. Тұңғыш рет 2010 жылы Халықаралық математиа олимпиадасы киелі жерімізде ту көтерді. Мұндай білім сайысына қол жеткізу оңай емес еді. Әлемдік олимпиада комитеті тілек білдірген мемлекеттердің дайындығын сараптай келіп шешім қабылдайды. Сол сыннан сүрінбегендер ғана олимпиада өткізуге қол жеткізеді.
Аталмыш олимпиадаға 102 мемлекеттен 680 үміткер қатысты. Жаттықтырушылар, өзге де азаматтарды қосқанда 1300 адам болды. Сол алқалы жиынды артық-кемге жібермей жоғары дәрежеде өткізген Білім және ғылым министрлігі мен «Дарын» орталығының қызметкерлері, басшысы Битуова зор мәртебеге ие болды. Әсіресе, қатысушылар Көкшетау маңындаға Ботай жұртын, мәдениетін, жабайы жылқыны қолға үйретудегі бабаларымыздың тәсілдерін естіп-білгенде , қазақ жерінің киесіне, адамдарының ақыл-кеніне шын ниеттерімен бас игенін көрдік. Қазақ елінің азаматтары ондай олимпиаданы өткізе алады екен деген сенім де қалыптасты. Жалпы, он жылға жуық «Дарын» орталығына директор болған тұста дарынды жасқа жол ашу ісінде Тілдаш Рысқұлбекқызындай қызмет еткен адам кемде кем. Талантты ұл-қыздарымыз төрткүл дүниеде өткен олимпиадаларға үзбей қатысты. Топ жарған жастарымыз, әсіресе математика пәнінен еліміздің абройын биікке көтерді.
Мен тағы бір куә болған нәрсе, Битуованың тікелей іс-әрекетінің арқасында 30 жылға таяу уақыттан бері өтіп келе жатқан қазақ тілі мен әдебиетіне арналған, шетелдерде тұрып жатқан қазақ диоспорасы өкілдерінің балаларына арнап «Қазақстан ата –жұртым, қасиетім - ана тілім» атты халықаралық олимпиада еді. Бұл туралы ой бөліскенде ұрпаққа білім беру ісіне бүкіл саналы ғұмырын арнаған ол кісі: «Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары шетелде тұрып жатқан қандастар келіп, кетіп жатты. Өзіміз де ат ізін салдық. Ал олардың ұл қызына тәуелсіз Қазақ елін қалай көрсетеміз деген ой көкейімнен кетпейтін еді.
Расында, тұсауы Астанада кесілген білім сайысына әлемнің қырықтан аса елінде тұрып жатқан қандастардың ұл-қыздары қатысты. Іргелес елдерді қойып, Ираннан Франциядан, Германиядан, АҚШ -тан балалар келді. Ал Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей мемлекеттерінен 30-40 баладан келеді. Франциядан жеткен Мина деген қыз арнайы қонақ үйде жатпай, мен балалармен бірге болам деп, келесі күні емтиханға келгенде «қазақ тілі жүрегіме кіріп кетті» деп жүрегімізді тербеткені - қалай естен кетсін. Қазір сол олимпиадаға қатысқан балалардың бір шоғыры тәуелсіз Қазақ еліне қызмет етіп жатыр. Ұлт санының өсуіне де қосып жатқан үлестері қомақты. Олардың ұзын саны екі мыңнан асты.
Біз білетін Тілдаш Рысқұлбекқызы ұлттық тәрбие мәселесіне айырықша мән береді. Қазақ халқының филосафиясы, ұлттық құндылықтары, рухани байлықтары қай-қайсына да көңіл бөле отырып, соны жас ұрпақтың санасына сіңіруді талап ете білді. Бұл тұрғыдан келгенде ғылыми атағы болмаса да ғылым мен білімді ұштастыру жөніндегі оның еңбектері ұшан теңіз. Басты қағидасы: « Мұғалім баланы сүю керек, бұл елдің келешегі, ұлттың болашағы деп білуге тиіс. Ең бастысы, мұғалім баланы бағлай алса, бала мұғалімнің алдын қиып өтпейді. Тәрбиенің бастауы от басы, орта деген және бар. Мұғалім сабырлы болу керек, салиқалы болуы керек. Ұл мен қыз биікке қалай қызығып қараса, мұғалімге де сондай көзқараспен қараса мәртебесі артады. Мен мұғалім мәртебесін заңмен бекітуді онша қолдамаймын. Мәртебені мұғалім өзі жасауы керек. Тәрбиесі қиын бала деген болады, бірақ оның себебі қандай, сол жолға бала қалай түсті, соны зердеден өткізу керек. Бұзық баланың бұзық қылығы қайдан шықты, мүмкін от басында, ата – анасының арасындағы әйкәпір қасиеттерден орын алмады ма, міне осы жағына тереңдеп бару керек. Бір баланы бір бала аяусыз сабаса, ол ортасынан көргенді қайталап отырған шығар. Алтын сандықтың кілті деген сөз бар. Сол алтын сандықтың кілті мұғалімнің қолында . Ал алтын сандық ұл мен қызымыз» дейді ой бөліскенде
Міне, Битуованың байлам пайымдарын оның өмір жолынан көріп, жазған еңбектерінен оқып, тәнті боласың. Отанды, елді құрметтеу адамның қадіріне жету мәселесі ол кісіні көптен бері толғандырып жүретін еді. «Жас қыран», «Жас сарбаз», «Жас ұлан» секілді уақытша ұрандатып келетін бала тәрбиесіне қатысты мәселелердің басын біріктіріп, елдік ұйым құрсақ деген ойда жүретін. Зейнетке шыққаннан кейін «Қазақстандық жас патриоттар академиясын» құрды. Одан бері де он жылдан аса уақыт өтті. Бұл құрылымның басты қағидасына келсек, патриот болатын бала алдымен нені білу керек дейтін сұраққа жауап іздейді. Бірінші - отбасы және сол отбасындағы баланың рөлі мен тәрбиесі, екінші - баланың мектептегі міндеті, үшінші - туған ауылға көмек, төртінші - туған өлке тарихын танып білу, бесінші - туған елге адал қызмет ету. Осылай жалғастырып келеді де: қолыңнан осылар келе ме деген төте сұрақты балалардың алдына көлденең қояды. Нәтижесі жеміссіз емес. Тек жалпы елдік іске толық айналдыра алмай келеді. Әйтседе, Қазақ елінің патриот ұлдары мен нақтылай түссек: ғарышкер Айдын Айымбетов, генерал-лейтенант Абай Тасболатов, іскер азамат Мухиддин Төлепбай, тағы басқа ұрпақ ісі деген де ояу жандар қолдау көрсетуде екен.
Болмысы бүтін адам қай істеде өзінің кемелдігін көрсетеді. Төңірегін түгендеп жүреді. Қызметтес болған үлкен-кішіге деген ілтипатын өзгертпейді. Қай кезде де қасынан табылады. Ұзақ жылдардан бері қатар келе жатқан сабырлы да салмақты Тілдаш Рысқұлбекқызының өнегесі кімге де болса үлгі. Қарапайым азаматтардан бастап, білім, ғылым саласында қатар жүрген замандастары, лауазымды қызмет атқарған, елге танымал, сыйлас, жұрт кісілері саналатын Қырымбек Көшербаев, Жақсыбек Күлекеев, Бірғаным Әйтімова, Бақытжан Жұмағұлов, Жансейіт Түймебаев, өзге де жақсылар туралы естеліктері есіңнен кетер ме! Бүкіл саналы өмірінің алпыс жылын білім беру ісіне арнаған Тілдаш Битуоваға ең алдымен ұрпақ риза, айтар алғыстары шексіз. Бұл ізет пен инабаттың үлкені десек, Ы. Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының корреспондент-мүшесі, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері - тізе берсек - баршылық. Өзіне салсаң : « аз еңбегімді көл-дәрия санаған ұрпақтың алғысынан артық мен үшін марапат жоқ!» деп сөз аяғын түйеді. Бұл кісіліктің үлгісі Битуованың адами биігі деп білеміз.
Тұрсынбек Баймолдаев,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор