Тіл – ұлттың рухани өзегі, тарихи жады мен мәдениетінің алтын арқауы. Сондықтан Қазақстан халқы тілдері күні – мемлекеттік тілдің қоғамдағы орнын және ел бірлігін айшықтайтын маңызды күн.
Бүгінде тіл мәселесі тек дәстүрлі мәдениет немесе білім саласымен шектелмейді. Ол әлеуметтік желіден бастап қоғамдық көлікке, білім беру ұйымдарынан әдеби ортаға дейінгі күнделікті өміріміздің барлық саласына қатысты. Осыған байланысты елордада тіл мәдениетін цифрлық кеңістікте қалыптастыру, әдебиет пен кітап оқу мәдениетін насихаттау, мемлекеттік тілді үйренудің озық тәжірибесін көрсету, тіл мамандарының кәсіби шеберлігін арттыру бағытында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып отыр. Біздің мақсатымыз – тілді тек мерекеде айтып, ұранға айналдыру емес, оны күнделікті өмірдің табиғи қажеттілігіне айналдыру. Әсіресе жастардың тілге деген қызығушылығын арттырып, әлеуметтік желіде де, қоғамдық ортада да сауатты әрі мәдениетті сөйлеуге баулу маңызды. Сонымен қатар, қазақ тілін дамыту – мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайта отырып, еліміздегі этностардың тілдері мен мәдениетіне құрметпен қарау – қоғамдық келісім мен бірліктің маңызды негізі. Сондықтан тіл мерекесі бізді бір-бірімізді түсінуге, мәдени әртүрлілікті бағалауға және ортақ құндылықтар төңірегінде топтасуға үндейді.
Сәкен Есіркеп,
Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы