Қас-қағым уақыттың тезімен өлшесек, бір адамның есейіп, бағыт-бағдар түзейтін шағы. Осы жиырма жылда Кешью тобының әр әншісі жеке дара өнердегі өз жолын тапты, тыңдарманын тапты. Өсті, өрледі, дамыды. Топ ретінде сахнадағы өзіндік қолтаңбасын бедерледі.
Алдымен, мерейтойлық концерт Алматы қаласында дүркіреп өтті. Жиырма жылда бір қалада 25 мың көрермен жинау да – өнер адамдары үшін үлкен табыс. Астанадағы «Барыс Аренада» өткен концерттің бар билеті бар-жоғы екі күнде сатылды. Бұл да әнші қыздардың әндеріне деген тыңдарманның сұранысы, халықтың ыстық ықыласы болса керек.
Концерттің ұйымдастырылу деңгейі де уақыттың сұранысына сай. Маркетингтік қадамдар, подача, бір әннен келесі репертуарға өту – бәрі-бәрі үйлесімді. Бұл жерде концертті дайындауға жұмылдырылған үлкен шығармашылық топтың былайғы көзге көріне бермейтін орасан еңбегі жатыр. Көрерменге не қажетін тап басқан, ән мен тыңдарманның арасындағы байланыстың әр сәтін астастырған мықты продюссерлік жұмысты да айқын сезінуге болады. Баян Мақсатқызының талай жылғы еңбектері жемісін берген, тағы бір белеске көтерілген күн болды.
Көптеген ақпараттық сайттар бұл концерт қазақстандық шоу-бизнес тарихындағы ең ауқымды музыкалық кештердің бірі болды деген бағасын беріп жатыр. Солай! Қалай десек те, қазақ эстрадасы дамудың жолында!
Бағдагүл Рахметқызы,
журналист