Елімізде «Заң мен Тәртіп» қағидаттарына негізделген мемлекеттік саясатты іске асыру жалғасуда. Қазақстан Республикасының «Құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы» жаңа Заңы құқық бұзушылықтардың алдын алудың заманауи тәсілдерін бекітіп, олардың салдарын жоюдан гөрі алдын алуға басымдық берді. Сарайшық ауданының прокуратурасы мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіреді, заң бұзушылықтардың себептерін талдап, оларды жою жөнінде шаралар қабылдайды. Аудан әкімдігімен, полициямен, МИБ, ПИК, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және қоғам өкілдерімен бірлесіп профилактикалық іс-шаралардың кешені жүзеге асырылуда. Криминогендік жағдайды талдау негізінде ауданның проблемалық учаскелері айқындалып, мобильді ведомствоаралық топтар жұмыс істеуде, рейдтер жүргізілуде, бейнебақылау және жарықтандыру жүйелері жетілдіріліп, қоғамдық кеңістіктер абаттандырылуда. Сарайшық ауданы прокуратурасы биылғы алғашқы жартыжылдықта атқарылған осы және өзге де жұмыстар туралы ақпарат берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Сарайшық ауданының қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің басшысы Әсет Дошаевтың айтуынша, жастардың құқықтық тәрбиесіне ерекше назар аударылған. Өтеген Сейітов атындағы Болашақ прокурорлар клубы ауданның 17 мектебінен 35 мыңнан астам оқушыны қамтып отыр. Олар үшін оқу сот процестері, құқық қорғау органдарына экскурсиялар және кәсіптік бағдар беру кездесулері ұйымдастырылады.
Мемлекеттік органдармен бірлесіп өрт қауіпсіздігі, су айдындарындағы қауіпсіздік және кәмелетке толмағандардың қараусыз қалуының алдын алу мәселелері бойынша профилактикалық рейдтер де өткізіледі.
-Негізгі бағыттардың бірі – үлестік құрылысқа қатысушылардың құқықтарын қорғау. Прокуратура қабылдаған шаралардың нәтижесінде екі тұрғын үй кешенінің 95 үлескерінің 1,2 млрд теңге көлеміндегі құқықтары қалпына келтірілді. Сонымен қатар тұрғын үй кешендерінің бірінде құрылыс аяқталып, қажетті құжаттар рәсімделгеннен кейін 2,5 мыңнан астам тұрғын арасындағы әлеуметтік шиеленіс жойылды. Есепті кезеңде жалпы инвестиция көлемі 14 млрд теңгені құрайтын 51 инвестордың мәселелері шешілді. Бұл жобаларды іске асыру төрт мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ 297 кәсіпкерлік субъектісінің құқықтары қорғалып, кінәлі лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - дейді спикер.
Прокуратура зейнетке шығу кезінде өтемақы төленбеген білім беру және денсаулық сақтау саласының 300-ден астам қызметкерінің құқықтарын қалпына келтірді. Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша жұмыс жалғасуда, 500-ден астам оқушының қауіпсіз тасымалы қамтамасыз етілді, ал еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін тоғыз жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды.
Сот актілерінің орындалуына ерекше көңіл бөлінуде. Прокурорлық ден қою шараларының нәтижесінде 135 млн теңгеден астам қаражат өндірілді, оның ішінде алимент бойынша 39 млн теңгеден астам берешек және жалақы бойынша 92 млн теңгеден астам берешек өтелді. Алимент төлеуден қасақана жалтарғандарға қатысты қылмыстық істер қозғалды.
Сарайшық ауданы прокуратурасының жұмысы құқық бұзушылықтардың алдын алуға, азаматтардың құқықтарын қорғауға, кәсіпкерлікті қолдауға және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған. Жаңа заңды іске асыру мемлекеттік органдардың, қоғам мен бизнестің өзара іс-қимылына негізделген тиімді профилактика жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде заңдылықты нығайтып, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттырады.