Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов ерекше мәртебесі бар Алатау қаласы мен Алматы облысының Қонаев қаласындағы сайлау учаскелерінің дайындық барысымен танысып, сол кездесу барысында сайлау учаскелерін жедел анықтауға мүмкіндік беретін онлайн-сервистер іске қосылып жатқанын баяндады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Қазіргі уақытта азаматтарға өздерінің сайлау учаскелерін жедел анықтауға мүмкіндік беретін онлайн-сервистер іске қосылуда. Сондай-ақ қандай да бір себеппен еш жерде тіркелмеген сайлаушылардың дауыс беруіне мүмкіндік беретін онлайн-сервистер де жұмыс істейтін болады. Барлық өңірлерде call-орталықтар ашылған. Бұл ақпараттың барлығы азаматтарға қолжетімді болуы тиіс. Сондықтан барлық сайлаушыларды қолда бар мүмкіндіктер туралы сапалы ақпараттандыруды қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін оқыту жұмыстары жалғасады және сайлаушылар, байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін қажетті жағдайлар жасалады. Мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарының толық көлемде сақталуын қамтамасыз ету де маңызды», - деп атап өтті Шавхат Өтемісов.
Кездесулер барысында сайлаушыларды сайлау науқаны туралы жүйелі түрде ақпараттандырудың, дауыс берушілерге, сенім білдірілген адамдарға, байқаушыларға және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне қажетті жағдай жасаудың маңыздылығына ерекше назар аударылды.