Астана қаласында өтіп жатқан «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзудың кезекті дерегін анықтады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Сағат 10:00 шамасында патрульдік полиция қызметкерлері Қорғалжын тасжолында Тұран даңғылынан Қабанбай бағытына қарай жол қозғалысына бақылау жүргізу барысында «Mercedes» маркалы автокөліктің 30 жастағы жүргізушісін тоқтатты. Тексеру кезінде оның көлік құралын басқарып келе жатып ұялы телефонды пайдаланғаны анықталды.
Аталған құқық бұзушылық бойынша жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 591-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік материал рәсімделді. Көлік құралын басқару кезінде ұялы телефонды пайдалану жүргізушінің назарын жол қозғалысынан басқа жаққа аударып, жол жағдайын дер кезінде бағалау мүмкіндігін төмендетеді. Мұндай немқұрайлы әрекет күтпеген жағдайларға дер кезінде әрекет етуге кедергі келтіріп, ауыр жол-көлік оқиғаларына, адамдардың жарақаттануына, тіпті адам өліміне әкелуі мүмкін.
Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Рөлге отырған сәттен бастап бар назар жолда болуы тиіс. Егер қоңырауға жауап беру немесе хабарлама қарау қажет болса, көлікті қауіпсіз жерге тоқтатып қана телефонды пайдаланыңыз.