Қылмыс пен күрестің алдыңғы шебіндегі офицер

Қылмыс пен күрестің алдыңғы шебіндегі офицер

Астана қаласы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі полиция майоры Самат Жұмағұлов – құқық тәртібін қамтамасыз ету жолында қажырлы еңбек етіп жүрген кәсіби мамандардың бірі. Ол қызмет барысында жоғары жауапкершілік танытып, күрделі қылмыстарды ашуға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келеді.

Криминалдық полиция қызметі қырағылықты, төзімділікті және батыл шешім қабылдай білуді талап етеді. Самат  осы қасиеттердің барлығын бойына сіңірген офицер ретінде әрбір тапсырманы үлкен жауапкершілікпен орындайды. Оның кәсіби тәжірибесі мен жедел іздестіру саласындағы біліктілігінің арқасында көптеген қылмыстар дер кезінде ашылып, құқық бұзушылар заң алдында жауапқа тартылды. Әріптестерінің айтуынша, ол кез келген жағдайда сабыр сақтап, оқиғаның мән-жайын жан-жақты саралай алады. Ол тек тәжірибелі жедел қызметкер ғана емес, сондай-ақ әділдігімен, адамгершілігімен  ерекшеленетін тұлға.

Полиция майорының өміріндегі тағы бір маңызды бағыт – спорт. Ол бос уақытын тиімді пайдаланып, дене шынықтыруды күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған. Бокспен және футболмен тұрақты айналысатын ол спорт арқылы өз бойындағы төзімділік пен ерік-жігерді шыңдап келеді. Оның пікірінше, спорт адамды тәртіпке үйретіп қана қоймай, кез келген қиындыққа дайын болуға тәрбиелейді. Сонымен қатар, ол ұлттық дәстүрлерді дәріптеп, ат спортымен айналысады. Шабандоз ретінде тұлпар тізгіндеп, қазақ халқының бай мұрасын насихаттауға ерекше көңіл бөледі. Ат үстіндегі сенімділігі мен қайсарлығы оның қызметтегі мінезімен де үндесіп жатыр.

Самат Жұмағұлов үшін полиция қызметі – жай ғана мамандық емес, халыққа қызмет ету жолындағы үлкен жауапкершілік. Ол азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін күн сайын аянбай еңбек етіп, өз кәсібіне адалдықтың үлгісін көрсетіп келеді. Батылдық пен табандылықты, кәсібилік пен адамгершілікті қатар ұстанған тәртіп сақшысы бүгінде әріптестері арасында зор құрметке ие. Оның жетістіктері мен қызметке деген адалдығы жас полицейлерге үлгі болып, құқық қорғау органдары қызметкерінің жоғары мәртебесін айқындай түседі.

«Қылмыстың ізі суымай ашылуы үшін уақытпен санаспай еңбек ету керек. Әрбір ашылған қылмыстың артында азаматтардың қауіпсіздігі мен әділдікке деген сенімі тұр» деген ұстанымды берік ұстанатын Самат Жұмағұлов – ел тыныштығы жолында қызмет етіп жүрген нағыз офицер.