Құтқару қызметіндегі егіздер

Құтқару қызметіндегі егіздер
фото: egemen.kz

Астанадағы Асқар Забикулин атындағы №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде ағайынды Айсұлтан мен Нұрсұлтан Кемаладинов жеті жылға жуық уақыттан бері құтқарушы болып еңбек етіп келеді. Қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін күн сайын қатермен бетпе-бет келетін егіздер осы жылдар ішінде талай тілсіз жауды тізе қосып ауыздықтап, талай жанға араша түсті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz "Егемен Қазақстан" газетінің сайтына сілтеме жасап. 

Айсұлтан мен Нұрсұлтанның құтқарушылық жолды таңдауы да кездейсоқ емес. Егіздерге бұл мамандыққа келуге өрт сөндіруші ағалары Айдархан Кемаладинов үлгі болған. Кіші ұлдар сол аға­сының асқан жауапкершілікті талап ететін жұмысына бала күн­нен қызығып өскен, еліктеген. Бауырлар Қызылорда облысына қарасты Арал ауданының тумасы. 2015 жылы Астанаға отбасымен қоныс аударғаннан кейін кіші ұлдар алдымен колледжде білім алған. Кейін әскер қатарында Отан алдындағы міндетін өтеп келген соң, көп ұзамай-ақ аға жолы­мен өрт сөндіруші болып жұмысқа кіріседі. Батыл ұлдар анасы­нан ­ертеректе айырылса, әкесінің дүние салғанына да төрт жыл­дың жүзі болыпты.

– Төрт ағайындымыз. Алды­мызда ағамыздан бөлек, анамыздай болған әпкеміз бар. Үйдің кен­жесіміз, 2019 жылы 21 жасымызда ұжымда да ең кішісі бол­дық. Аза­маттық қорғау саласында ұзақ жыл қалтқысыз еңбек етіп, ерлік жасаған аға буынмен қоян-қол­тық жұмыс істедік. Қазір бөлімге есімі берілген, өрт сөндіру кезін­де қаза тапқан әріптес, қаһарман ағамыз Асқар Забикулинді үлгі тұтамыз. Саланың қыр-сырын же­тік білетін осындай алдыңғы тол­қынға ілесе жүріп, маман­дық­қа деген қызығушылығымыз арта түсті. Келешекте оқуды жалғастырып, офицерлік құрам­ға қосылу да жоспарымызда бар. Біз жұмысқа келген жылдары жалақы аздау болса, қазір тәуір, пәтерақыға да үкімет­тен бөлек төлем қарастырылған. Құтқарушылардың жедел ша­қыртуға жұмылғанда пайдалана­тын көліктері, құрал-сайманы, керек-жарағы бәрі түгел, – дейді Айсұлтан.

Жұмыстың жайын айтсақ, екінің-бірі құтқарушы бола ал­майды. Мамандыққа адал, алғыр, ерік-жігері мығым ұлдар болмаса, бос белбеу, әлжуаз, мінезі тұрақсыз адамдар шыдамайды. Одан бұрын аталған жұмысқа кіруге  жастардың денсаулығында мін болмауға тиіс. Физикалық күш-қуаты әлсіздер жұмысқа қабылдарда тапсыратын сынақтан бірден сүрінеді. Жұмыс режіміне келер болсақ, жедел шақыртуға тастүйін ­дайын тұратын құтқарушылар бір тәулігін жұмыста өткізсе, үш күн демалады. Яғни қызметке күндіз шыққандар түн тыныш болса, жұмыста тынығады. Демалыс дегенде де арқаны кеңге салу жоқ, жедел шақыртулар көбейсе, төтенше жағдайға байланысты күшейтілген режім енгізілсе, қоғам қауіпсіздігі жолында сақа­дай сай болуға тиіс.

– Астана маңындағы ­ауыл­­дарда су тасқыны секілді тө­т­ен­ше жағ­дай тіркелсе, жақын өңір­­лер­де табиғи, техногендік апат­­тар ушықса, қаладағы өрт сөн­­ді­рушілер құрамы да «бес қа­руын» сайланып, көмекке аттанады. 2024 жылы еліміздің бір­неше аймағын әбігерге салған тасқынды бөгеуге, одан беріде Семей орманынан шыққан алапат өрттің бетін қайтаруға да біздің, яғни №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінен құтқарушылар барды. Біз үшін ірілі-ұсақ деген апат болмайды. Кез келген тосын жағдайға бірден қамданып, құрал-жабдығымызды сайлап барамыз. Әдетте, жұмыс күнін­де өрт дерегі бойынша кемі 2-3 шақырту түседі. Одан бөлек, суға батқандарға, жол көлік оқиғасына ұшырағандарға, лифтіде қалып қойғандарға, тағысын-тағы түрлі шақыртуға жедел жетіп, бірінші кезек адам өмірін құтқаруға күш саламыз. Қажет болса, алғашқы медициналық көмек көрсетуге де әрдайым дайын тұрамыз. Қайғылы жағдайға жиі куә болған соң, психологиялық жағынан тұрақты болмасаң тағы болмайды, – дейді Айсұлтан жұмыстың барысын түсіндіріп.

Жылдамдық – құтқарушы­лар­дың ең әуелгі, жазылмаған қағидасы. Шақырту түскенде алдын ала сақадай сайланған топ кірпік қаққанша көлікке мін­гесіп, бір минутта бөлімшеден шығып кетеді. Арнайы техниканы тізгіндеген жүргізуші де діттеген жерге 5-6 минутта жету­дің қамын жасайды. Өрт сөндіру көлігінде жүргізушіден бөлек, тағы 4 құтқарушы болады. Олардың үстіне ілген қорғаныс киімі мен құрал-сайманының жалпы салмағы 30 килограммға дейін жетеді. Арқаға асып алатын, сығылған ауасы бар тыныс алу аппаратының өзі 12 килограмм шамасында болады.

– Құтқарушылардың ешбі­рі қаражаяу емес. Бізден ке­йін де ерік-жігері мығым жастар келіп жатыр. Әйтпесе салмағы ауыр киімдерден бөлек, өрт сөндіру құрылғысының өзін жай адам ұстап тұра алмайды. Жоғары қысымда келетін суды кейде екі адам мықтап ұстап тұр­ма­са, адамның өзін қаңбақтай ұшы­ратын жағдайлар кездеседі. Ша­қыртуларға тоқталсам, әр жұмыс күнінде өрт туралы дабыл түсіп, құтқаруға жұмыламыз. Соның ішінде, былтыр «7 бөшке» деп аталатын тұрғын үй кешенінің 6-қабатынан шыққан өртке де барған едік. Қызыл жалын 16-қабатқа дейін жетіп, бір­неше өрт сөндіру құрамы жұ­мылды. Оқыс оқиға кезінде үйде қа­лып қойған тұрғындарды эва­куацияладық, өртті де ауыз­дық­тадық, – деп толықтырды егіздің сыңары Нұрсұлтан.

Өрт сөндіруші ағайындылар бөлімшеде өзге құтқарушы­лар­мен бірге қала тұрғындарының қауіпсіздігін тәулік бойы қам­тамасыз етеді. Сол тұрғыда қызмет барысында адам өмірі үшін от пен суға түсуден тайынбайтын құтқарушылардың, азаматтық қорғау саласы мамандарының жұмысы қашанда құрмет төрінде бола береді.