Құрылыс компаниясының ұжымына есірткінің зияны мен еңбек қауіпсіздігі шаралары түсіндірілді

Құрылыс компаниясының ұжымына есірткінің зияны мен еңбек қауіпсіздігі шаралары түсіндірілді
фото: Астана қаласының әкімдігі

Елордада «Заң мен тәртіп» қағидаты және «Астана – есірткісіз қала» акциясы аясында нашақорлықтың алдын алу және қауіпсіздік мәселелеріне арналған профилактикалық дәріс өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шара «Kamkor Qurylys» ЖШС-де ұйымдастырылып, құрылыс саласы қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын арттыруға және қауіпсіздік талаптарын түсіндіруге бағытталды.

Кездесуде Алматы ауданы әкімдігі мен прокуратурасының өкілдері баяндама жасады.

«Есірткіге тәуелділік – қазіргі қоғамға төнген ең үлкен қатерлердің бірі. Есірткінің таралуына қарсы күреске әрбір азамат белсенді атсалысуы қажет. Заңды сақтау, салауатты өмір салтын ұстану, өз болашағына жауапкершілікпен қарау және қоғам қауіпсіздігіне қатысты мәселелерге бейжай қарамау аса маңызды. Осындай профилактикалық жұмыстар мен ашық диалог құқықтық мәдениетті қалыптастырып, «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға ықпал етеді», – деді Алматы ауданы әкімдігі Ішкі саясат бөлімінің бас маманы Алтынай Мұсаева.

Дәріс барысында мәселенің құқықтық қырларына ерекше назар аударылды. Спикерлер қатысушыларға есірткі құралдарын сақтау, тарату және тұтыну үшін қолданыстағы заңнамада көзделген жауапкершілік туралы түсіндірді. Сондай-ақ кәсіпорын басшыларына азаматтарды есірткінің заңсыз айналымына тартудың ауыр салдары мен мұндай фактілер анықталған жағдайда құзырлы органдарға дер кезінде хабарлаудың маңыздылығы айтылды.

Шара барысында құрылысшыларға балалардың терезеден құлауының алдын алу мәселесі де түсіндірілді.
«Масаға қарсы тор ешқашан баланың салмағын тіреп тұра алмайды. Үйге барған кезде терезелерге ашылуды шектейтін құрылғылардың орнатылғанын тексеріңіздер.

Терезе маңынан жиһазды алыстатып, кішкентай балаларды ашық терезесі бар бөлмеде қараусыз қалдырмаңыздар. Сондай-ақ балаларға терезенің қаншалықты қауіпті екенін үнемі түсіндіріп отырыңыздар», – деді Алматы ауданының прокуроры Ботагөз Секенова.

Кездесу соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, өзекті тақырыптар бойынша жан-жақты жауап алды.

Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер тұрғындардың хабардарлығын арттыруға, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және елордада есірткіге қарсы кешенді профилактикалық жұмысты тиімді жүргізуге ықпал ететінін атап өтті.

Өткізілген дәріс қоғамда есірткіге деген теріс көзқарасты қалыптастыруға және салауатты әрі қауіпсіз өмір салты құндылықтарын насихаттауға бағытталған жүйелі профилактикалық жұмыстың бір бөлігі болды.

#законипорядок #заңментәртіп