Бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың жалпы отырысында жаңа орган депутаттарының салтанатты ант беру рәсімі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Рәсім «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 44-бабына сәйкес өтті.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров ҚР Конституциясының 54-бабына сәйкес, Құрылтай депутаттары ант беретінін еске салды.
— Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерін адал атқаруға ант етемін, — деп жазылған ант мәтінінде.
Еске салайық, 23 тамызда бір палаталы Құрылтай депутаттарын сайлау өтті.
Сайлау заңнамасының талаптарына сәйкес сайлаушылардың 5 және одан да көп пайыз дауысын жинаған бес саяси партия арасында депутаттық мандаттар айқындалды. Осыған байланысты ҚР Құрылтайы депутаттарының 145 мандаты төмендегідей бөлінді:
«Әділет» партиясы — 110 мандат;
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия — 8 мандат;
«Ауыл» партиясы — 10 мандат;
«Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы — 8 мандат;
«Respublica» партиясы — 9 мандат.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың алғашқы құрамына айрықша жауапкершілік жүктелетінін айтқан еді.
Президент ҚР Құрылтайының төрағасы лауазымына Айбек Дәдебайды ұсынды.